Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:30

«Егеменнің» еркесі

Гүлзейнеп
Фото: архив

«Егемендей» бас басылымның табалдырығынан сонау «СҚ» заманында тұлымшағы желбіреген өрімдей жас болып аттап, еселі еңбегімен, тындырымды тірлігімен, ең бастысы – жанының жылуымен ұжымның шырайлы шұғыласына – құнарлы қазынасына айналып, жарты ғасырға жуық өнегелі өмірбаяны осы шаңырақта өрілген журналист-жазушы, ер мінезді, ерке қылықты Гүлзейнеп Сәдірқызы бүгінде берекелі белеске көтеріліп отыр.

Журфактың екінші курсынан қағынып, республикалық «Өркен»-«Горизонт» газетінде жұмыс істеп, аз-мұз тәжірибе жинақтаған курстас досым Ғабит Мүсіреп екеуміз бесінші курста еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетіне қызметке қабылдандық. Осылайша салиқалы үлкен ортаға – атақ-шатақтарынан ат үрікпек түгіл, түйе төңкеріліп түсетін маңдайалды қаламгер ағай-апайлардың ортасына топ ете қалдық. 

Өзімнен жасы да үлкен, басы да үлкен болса да, терши берген әшкиін алты қайтара сүрткіштеп кірген Ғабаңның қандай сезімде болғанын қайдам, өз басым «Егеменнің» есігін ашпастан есім шығып, табалдырығынан тынысым тарылып аттағаным анық. Өйткені мұндай ордалы орында істейтін «алпауыттар» алдына келген адамды апандай аузына атып ұрып, шақыр-шұқыр шайнап тастайтындай көрінетін.

Жоқ, қатты қателесіппін. Жылылық пен адамгершілік ұйыған аталы ұжым екен. Ресмиліктен гөрі өзара сенім басым. Қатаңдықтан гөрі түсіністік басым. Бас редактордан бастап барлығы да жып-жылы жүзді, жайдары жандар болып шықты. Қай-қайсысы да құшағын айқара ашты, бауырға басты, арқаға қақты. Сөйтіп, алғашқы күннен-ақ тап осы жерде туып, тұсауымыз кесілгендей құнжың қағып шыға келдік.

Ғабит досым экономиканы өсірумен ерлейтін, мен ауылдың жайымен терлейтін бөлімдерге бекітілдік. Сөйтіп, өзім табан тірейтін 4-қабаттағы 404-кабинеттің табалдырығына тапырақтай жетсем де, төрде отырған орта жастағы, қара шашты, қалың қасты, қарлығыңқы қоңыр дауысты, көрікті қараторы апайды көріп, тосылыңқырап қалғаным рас. «Тойда осырып қойған келінше тосырқамай, оң аяғыңмен аттай ғой, айналайын», – деп, қабағынан қамқорлықтың құнары есіп, қалжыңдай күліп қарсы алған соң, жыпықтап тұрған жаным жайланып сала берген.

Өстіп танысқан Гүлекем – Гүлзейнеп Сәдірқызы екеуміз тап осы кабинетте бір ай емес, бір жыл емес, табаны күректей төрт жылға тарта уақыт бірге отырып, әзіліміз жарасқан, әңгімеміз – «жыр-дастан», туғанымнан артық тілектес адамым болды да кетті.

Ардагер Сәдірдің ардағы

Ардагер Сәдір деп атақтап айтып отырғаным – Гүлекемнің әкесі Сәдір ақсақал өмір ауыр сынақ берген тағдырлы адам болған. 1939 жылы әскерге алынып, Украинада борышын өтеп жатқанда соғыс басталып кетеді. Шекарадағы қиян-кескі шайқаста тұтқынға түсіп, фашистердің Польшада орналасқан концлагерінде бес жыл бойы «тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен» өтеді. 

Соғыс біткенде тұтқындар айырбасына ілінген 300 солдаттың қатарында елге өткенімен, тұтқындардың барлығын сатқын санаған Сталиннің бұйрығымен он жылға Сібірге жер аударылады. Сол жақтағы адам төзбес ауыр жұмыстарда 290 солдат аштықтан қырылса, аман қалған онның бірі болып Сталин өлгеннен кейінгі 1954 жылы, яғни 15 жылдан соң ғана, қиын-қыстауда тағдыр қосқан қосағы – татар қызы Тәкмиләні, үйелмелі-сүйелмелі екі баласын ертіп елге оралады. Соғысқа аттанған екі бауырынан да «қара қағаз» келгенін сонда ғана біледі.

Сол азапты жылдардың өтеуіндей болып келесі, 1955 жылдың желтоқсанында Гүлзейнептей батыр қыз келеді өмірге. Одан кейін де қара шаңыраққа ие болған кенжесі Құрмаш туып, екі ұл, екі қыз – ұрпағының етек-жеңін жиғаны қам көңілге дем береді. 

Алайда осы жылдар ішінде ел қатарлы соғыс ардагері атанбақ түгіл, сүйекке түскен саяси қара таңбадан ақтала алмауы да ақсақал үшін құсалы қасірет еді. 9 май күні ел-жұрт алаулатып-жалаулатып Жеңіс мерекесін тойлап жатқанда ол есігін тарс жауып алып, жатып қалады екен. Онысын ауылдас ардагер құрдастары қалжыңдай қылжақ қылса да, сыртына сыр бермеген ақсақалдың онсыз да жаралы жүрегіне сансыз салмақ түскені анық-ау...

Гүлекемнің әскери органдар арқылы сонау Мәскеуге дейін хат жолдап жүріп, бірнеше жыл бойы талмай сұрау салуының арқасында жауынгер Сәдір Әбдрахманов құрамында болған әскери бөлімшенің тұтқиылдан тап берген жаумен үш күн бойы жанқиярлықпен соғысқаны анықталып, тек Ұлы жеңістің 50 жылдығы қарсаңында ғана Сәдір ақсақал соғыс ардагері атанды. Ардагер Сәдір!

Ақ түйенің қарны жарылған мұндай ақжолтай жаңалыққа бүкіл ұжым болып қуанғанымыз да, ұлан-асыр тойлағанымыз да тап бүгінгідей есімде. Сонда былайғыда байсалды қарттың ресми құжат берілерде жүрегі алыпұшып, дүйсенбіге дейін дегбірі кеткенін айтып, «Ойпырым-ай, 50 жыл шыдаған әкемнің екі күнге шыдай алмағаны-ай!» деп күлдіріп еді Гүлекем. 

Бір күні Гүлекем жұбайы Еркінбек ағам екеуі ауылға – Алматының түбіндегі Ақтерекке барса, ақсақал көше жақтағы зәулім қара ағаштың тап қақпадан кіреберіске саялы көлеңке түсіріп тұрған жуан-жуан бұтақтарын шұнтитып-құнтитып қидырып тастапты дейді. Себебін сұраса, үйдің шатырына қауіп келтіріп тұрған соң кестіріп тастағанын айтып, тайсақтап кеткен көрінеді. Сөйтсе, үйдің бұрышына «Бұл үйде Ұлы Отан соғысының ардагері тұрады» деген бесжұлдызды белгі орнатып кеткен екен. Ал ардагер Сәдір жарықтық өзінің жарты ғасыр күткен мақтанышын ел-жұртқа паш етудің жолын осылайша тапқан түрі екен. 

Ардагерлігінің қызығын небәрі 14 жыл көрсе де, өміріне өкпелемей, жан-жағын жақсылықтың нұрына толтырып кеткен Сәдір ақсақал тоқсанға қараған жасында сынақты болса да, салиқалы сүрген ғұмырына, өсіп-өнген өнегелі ұрпағына ризашылығын білдіріп, дүниеден өтті. Гүлекемнің жүректі тебірентер тереңдігімен жан дүниеңді теңселтіп-ақ жіберетін «Әкесі өлген қандайды...» деген туындысы да осы кезде жазылды. 

Өзі Гүлзика атайтын Гүлзейнептей парасатты перзентінің түрендей табандылығы болмағанда ақсақал өмірден өкініштен өртеніп өтер ме еді, бар құсасы мен қайғысы қара тастай түйіліп, көкірегінде кетер ме еді? Ал ең бастысы – шырылдаған шындықтың шыңырау түбінде қалып кетуін тарих, тарихты да қойшы, адамзат ұрпағының ар-ұяты кешірер ме еді? Ендеше, бұл борыш жай ғана перзенттік парызды орындаудан да аса жоғары – адамгершіліктің ардақты да маңызды, ғаламат зор миссиясы болғаны анық.

Жазуы – қыздай, әзілі – тұздай

Тегінде Гүлзейнеп Сәдірқызы тек отбасы, ана мен бала, медицина мәселелерін ғана жазып жүретін журналист деп қана білетіндердің өз обалдары өзіне. Біле білсе, құрыштай қолтаңбасы әбден қалыптасып, әлдеқашан Журналистер одағының белді мүшесі болған Гүлекем жазушылыққа сол кездің өзінде бет бұрған. Алғашқы жазған «Ақтоқалы» интернет, желі атаулы жоқ кездің өзінде дүйім жұртты дүр сілкіндіргені әлі есімде. 

Тек, әттең деймін, аз жазады. Бірақ, аз жазса да – саз жазады. «Әй, мені қозғалмай отырып жазсын десеңдер, маған «Бәленшекеңнің» жазушы бәйбішесінің қорғасын құйылғандай «құйрығын» алып беріңдер» деп қояды өзі.

Оның шығармашылығы – әдебиеттегі мүлде бөлек әлем. Әрбір әңгімесі – қарапайым да күрделі құбылыс. Шынайы діл, шұрайлы тіл. Тұмса тұңғиығына түсіп кеткен оқырман өткінші өмірдің көзін көргендей болып, қилы тағдырлы кейуаналардың өзін көргендей болып, терең толғаныс пен әдемі әсерден көпке дейін арыла алмай қалатыны бар. Сенбесеңіз, «Момынын» оқыңыз, «Жас жесірін» оқыңыз, «Нәлетін», «Айбибісін», «Қатал үкімін» оқыңыз. 

Осынау шығармаларының барлығын жиып-теріп, «Әйел жаны», «Махаббатым жүрегімде», «Аққу ғұмырлы тағдыр», «Тау тұлға» атты жинақтарына жайғастырған жайы бар. Әйелдің жаны, жесірдің зары, ананың үні, күндестің күні – барлығы да осы кітаптарда бояуы қанық картиналардай көркем галерея құрап тұр.

Ал Гүлекемнің тұп-тұнық табиғаты мен байтақ болмысына, жып-жылы жүрегі мен ып-ыстық ықыласына күллі ғалам сыйып кетер еді. «Өткенге – иман, тіріге – береке» деп, өткендерді ұмыттырмай, атам заманда зейнетке шығып кеткен кәрі-құртаңымыздан бастап, жан-жақта «жайылып» жүрген жас-жасамыс – баршамыздың басымызды біріктіріп, берекемізді бекітіп жүретін осы Гүлекем. Қазақы қалжың, көңілді күлкінің көрігін қыздырып, бір ұжымның ғана емес, күллі қаламгерлер «кухнясының» көркін келтіріп жүретін де осы Гүлекем.

Ал енді оның қалжыңдары жай қалжыңның сортынан еме-е-ес! Көпшілік төтеп бере алмайтын «кесек-кесек» қалжыңдары «түйеден түскендей» немесе «ат-матыңмен тоңқалаң асыратын» қалжыңдар екенін бірден ескертіп қояйын. Дегенмен қатты қалжыңдайды дегенге «оңбаған» сөздерді оңды-солды, орынды-орынсыз «опыра» береді екен деп ойлап қалмаңыз. 

Әйтпесе, «сөзі мірдің оғындай» деген кең тараған теңеу бар ғой. Өз басым сол мірдің оғының қандай қасиеті болатынын тап басып айта алмаймын. Бірақ бала кезімде қалқоздың алма бағына ұрлыққа түсемін деп, құйрығыма тұз тиген тентек ретінде – құтырынып кеткен «құйрықты» қанын шығарса да, жанын шығармай, тызылдатып тұрып «құтты» орнына қондыра қоятын Гүлекеңнің көптеген әзіл-қалжыңын тұздың оғына ойланбай теңер едім.

Қалжыңы «қатты» қара қыз

Редакциядағы үлкендер жағы Гүлекемді көбінесе «қара қыз» деп еркелете сөйлейді. Ілгеріде Қазақ радиосында стенографист болып жүргенінде де осы әдеттен жаңылмаған ақын ағамыз Серікбай Оспановқа: «Мені «қара қыз», «қара қыз» дейсіздер. Баяғыда ауылда да «қара қыз» деуші еді, Алматыға келсем де «қара қыз» дейді. Вапше-та менің аппақ жерлерім де бар» деп қойып қалған көрінеді. 

Кейіннен журфактың сырттай бөлімін бітіріп жатқан кезінде диплом жетекшісі болған бір ағайымыз: «Күйеуің қайда істейді?», «Күйеуің қайда істейді?» деп сұрап қоймай қойса керек. Сонда Гүлекемнің оған нығарлап тұрып қандай «жауап» қатқанын да іштеріңіз білсін, мен айтпай-ақ қояйын. 

Ұжымдағы «донжуандық» әләуләйін «әлемге» жайып жүрген әлдебір әріптес ағайдың әлеумет алдында «әкесін танытып» жіберген әдемі әзілі де әлі күнге дейін көпшілігіміздің құлағымызда «құйқылжып» тұр. Ал бірде мерекелік қызықта «қызыңқырап» қалып, қыз-қырқынға «қиғаштау қырындауға» құлшыныс танытқан «эпизодтарын» есіне түсіре алмай, ертесінде елден «на всякий случай» кешірім сұрап жүрген әріптесті әзілмен-ақ «сабасына» сарт еткізіп, «есінен тандыра» жаздағаны жырдан да қызық.

Байқоңыр космодромына бірнеше рет барып, материалдар топтамасын жазып жүрген қаламы жүйрік журналист Қайнар Олжай ағамыз кезекті рет іссапарға шыққалы тұрғанда бұл жолы ғарышқа ракета ұшырылатынын айтса керек. Сонда Гүлекем: «Сол жаққа жиі барғыштап кеттің. Абайлашы, әйтеуір, «ракета ұшады, ракета ұшады» деп жүргенде өз «ракетаң» ұшпай қалып жүрмесін» депті гептил отынының зардаптарын меңзеп.

Замандас басшылардың біріне: «Бір қылығыңды көрсем – тура мылтық алып, атқым келеді, бір қылығыңды көрсем – жаныңа барып жатқым келеді» дегенді де айтқан Гүлекем тағы бірде сол Қайнар ағам екеуі бас редактордың бірінші орынбасары Ержұман Смайыл ағамызға бірігіп жазған материалдарын тексертуге кіреді. Ерағаның кабинетінде қонаққа келген курстас досы, белгілі қаламгер Қуаныш Жиенбай аға да отырса керек. Ераға материалға үңілген сәтте Қуаныш аға Гүлекем екеуі қалжыңдаса бастайды. Сол кезде Ерағам жазып отырған жұмысынан басын көтерместен сөйлейтін әдетімен:

– Біздің қызға тиіспей отыр-ей! – деп курстасына жорта ескерту жасайды. Сонда Гүлекем Ерағаға бұрып:

– Ереке, осы сізді түсінбей-ақ қойдым: не өзіңіз «жемейсіз», не өзгелерге «жегізбейсіз». Енді қалай күн көреміз? – деп әзілдеген екен.

Айта берсем, қоржынымда Гүлекеңнің қап-қап қалжыңы мен дағар-дағар «деген екені» жатыр. Бірақ оның көбі «не для посторонних ушей», яғни 18+, бәлкім, өзі айтпақшы, «сезімтал дімкәс-кәсәл» адамдардың жүрегін шайлықтырып алмау үшін 25+ болуы да мүмкін. Дегенмен оның қалжың-қағытпаларын тұшына тыңдап, құлақтарының ұшы қызарса да, құрышы қанып отырған, бірақ қутың-қутың көздерін төмен салып, жымың-жымың қағып отырған жас қыз-келіншектерге Гүлекемнің өзі: «Ұялса, нағып тұрып кетіп қалмайды? Бұлар бә-ә-әрін түсінеді, бірақ айта алмайды. Ит сияқты» дер еді.

СПИД-пен күреске үлес

Басқа мәселе құрып қалғандай, онсыз да тобығымыз тоқырап, қабырғамыз қақырап тұрған 90-жылдары СПИД деген ғасыр дерті қоғамды ерекше дүрліктіріп тұрған. Баспасөзде желдей ескен жарияланымдардан бөлек, жер-жерлерде жантүршігер тақырыптағы жиындар өтіп, түсіндіру жұмыстары қауырт жүріп жататын.

Сол бәленің жаңғырығы біздің редакцияны да айналып өтпей, күндердің бір күнінде Республикалық СПИД орталығының қылшылдаған қызметкерлері «Егеменнің» басшылығына соғып, бас редактордың бірінші орынбасарына «қара аспанды» төбеден төндіріп тұрып, «қолданысқа енгізуге» көндіріп тұрып, дәу-дәу екі қорап мүшеқап тастап кетеді.

Қайтпек керек? Тарату керек! Әлгі бәлекеттер кеткен соң, басекең желкесін қырт-қырт қасып алып, медицина мәселесін «мыжғылауға» маманданған Гүлекемді кабинетіне шақырып алып, қос коропкы «қазынаны» қылдай бөліп, ұжымға таратып шығу туралы аса жауапты тапсырма береді. Қызметкерлердің қоғамдық шараны мәдениетті түрде қолдауын, бейпіл-бәдік сөздердің болмауын да қатаң ескертеді.

Ұжым мүшелерінің, әсіресе қазақы қаймағы бұзылмаған алдыңғы буын ағалардың мұндай «бәледен» ат-тондарын ала қашатындарын алдын ала білген Гүлекем алдымен қызметкерлердің толық тізімін жасап алады. Сөйтіп, бас редактор мен бірінші орынбасардың тұсына «10 штүк» деп жазып алып, «қолдарын қойып» алып, еңселі ғимараттың үш қабатын ен жайлаған «егемендік» жұртты аралауға шығады.

Бас редактордың екінші орынбасары қораптарын қобырата, «списігін» желбірете кірген Гүлекеңнің «мәдениетті мәлімдемесін» сабырмен тыңдаса да, сақтық танытып, алдымен «алғандардың тізіміне» көз жүгіртіп алады. Әбден байыбына барып алған соң ғана сөзге келместен, басшылық алған «жүктеме» бойынша 10 штүгін санап алып, шиырып тұрып қолын қойып береді.

Ал бөлім бастығы болған бір егде ағамыз болса мән-жайды естіген бойда көзі алақтап: «Астапыралла, атамаңыз!» деп, ыршып түседі. «Қалай атамаймын? Мемлекеттік маңызы бар мәселе. Басшылықтың тапсырмасы бар. Міне, списік» дейді Гүлекең. Содан кейін ғана жайлап сабасына түссе де, әшкиін бір көтеріп, бір түсіріп, қалшылдай қолын қойып, асып-сасып алған 10 штүгін жасыратын жер таппай, жұмыс үстелін айнала жүгіріп, әбден есі шығады. Ақыры дипломатының астыңғы қалтасына атып ұрып, терлеп кеткен маңдайын сүртуге шамасы келмей, сілесі қатып, креслосына сылқ ете қалады.

Езуіне бұрқыраған папиросын қыстырып алып, күнделікті шығатын газет макетінің қамымен қашанда сіңбіруге мұршасы келмей, қапылысып жататын жауапты хатшының орынбасары ағамыз әңгіме «Мемлекеттік маңызы бар мәселе» деп басталған соң, сәл сәтке саябырсып, аңыра тыңдап қалса да, мүшеқап туралы естіген сәтте темекісінің түтініне қақала жаздап, қалбалақтай атып тұрып: «Не деп тұрсың?! О, оңбаған! Ұятсыз! Көргенсіз! Кет, әйда!» деп, қолын ауаға сансыз мәрте сілтеп жүріп, Гүлекеңді кабинетінен қуып шығады. Бірақ бекер обалы не, «маңызды мәселенің» шынымен «мемлекеттік» екенін білген бетте одыраңдай күліп келіп, 10 штүгін алып, жөніне кетеді. 

Ал енді секретариаттағы жер қозғалса қозғалмайтын салмақты бір ағамыз өзіне тиесілі «еншісін» ел қатарлы алуға ерікті түрде емеурін танытса да, «Әйелің де редакцияда істейді. Сондықтан сен 10 емес, 20 штүк аласың» деп, табандап тұрып алады Гүлекең. «Оның бәрін қайтем? Алмаймын!» дейді ол. «Әй, ұжымға қой таратқанда екі-екі қойдан, қант таратқанда екі-екі қаптан алғанда – бәледейсің. Аласың!» дейді Гүлекең. Мынадай «дәмді дәлелден» кейін аузына құм құйылған ағамыз Гүлекеңнің шытырлатып тұрып санап беріп, алдына тау боп үйіліп қалған 20 мүшеқапқа меңірейе қарап қала береді.

Бұдан кейін бөлімдерді басшыларынан бастап асықпай «бытырлатып» шыққан Гүлекең машбюроның қыз-келіншектеріне де «Ақша жоқ, ақша жоқ дейді, өзі үстіне болоньевый плащ киіп алыпты» дейтін анау бір анекдоттың кейіпкерлерін еске салып, мұның «плащ» екенін, ал «плащ киюге шамасы келмейтіндер» шар қылып үрлеп алуға да болатындығы жайлы «пайдалы кеңес» айтып, алғызып қояды.

Ақыры осынау «жауапты» жұмыспен екі күн бойы айналысып, ұжымнан артылған алпыс штүгін астыңғы қабаттағы «Сұхбат» газетінің сайыпқырандарына «өткізіп» келіп, «ух» деп отырғанда: «Құрыдым, ойбай, құрыдым! Қара қыз-ай, құрттың ғой мені! Масқара! Масқара болдым!» деп, безек қағып бір ағамыз жетеді. Ойбай-ау, не боп қалды?

Сөйтсе, оны жолда «гаишниктер» тоқтатқан. Ағамыз болса байыппен ғана баптана сөйлеп, өзінің анау-мынау емес, Алатаудай аға газеттің білдей бір бөлім бастығы екенін білдіріп, аса асығыс екенін айтады. Аналар болса ешқандай ереже бұзылмағанын, ештеңе бүлінбегенін, тек құжат тексеру қажеттігін айтады. Мәшинесінен маңғазданып түсе қалған тұлғалы ағамыз талтайып тұра қалып, қойын қалтасынан күмәжнигін шығарып қалғанда, арасынан құжаттарымен қоса тұп-тура 10 штүк мүшеқап шашу болып шашылып түсе қалыпты...

Жанталасқан журналистік жорықтар артта қалды 

Кезінде қыздарды журналист болмауға үнемі «үгіттейтін» журфактың атақты профессоры Тауман Амандосов ағамыз айтқандай, «жемтігін түзден іздеп» жаныға жүгіру мен жаһан кезіп, жолсапарда жүретін журналист әйел үйде отырушы ма еді? 

Қалам «қуып», қағаз «кемірген» қым-қуыт мың мезеттен мүмкіндік тауып, отбасының ғана емес, әулетінің де ошағын мартен пешіндей маздатып жүрсе де, үй тіршілігінен ел тірлігін бірінші орынға қойған Гүлекең де Амандосов айтқан «абыройлы» жолдан амалсыз өткені анық. Тіпті «Адам бол, адам бол» дейсің. Адам боламыз ба, болмаймыз ба, әйтеуір өз бетімізбен өсіп жатырмыз ғой» дегенді де айтқан екен қуақы тілді кенжесі Шынар сол шақтарда.

Бүгінде Ақпарат саласының үздігі, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың, екі мәрте Журналистер одағы сыйлықтарының лауреаты атандырған, жанталасқан журналистік жорықтар артта қалды. Енді, міне, ер жігіттің төресі Еркінбек ағам екеуі Жанар, Ұлан, Шынардай аяулы перзенттерін аяқтандырып, Айша мен Санжардай тәп-тәтті немере де сүйіп, жайлы өмірдің жап-жасыл жайлауына шыққан жайы бар.

Сол жайлауда жүріп-ақ қаламын ермек еткен Гүлекем енді Шерхан Мұртаза атындағы республикалық байқау, «Алқа» баспасының повестер байқауы сынды дүбірлі әдеби додалардың жеңіс тұғырынан көріне бастады. Ендеше, жайлауыңыз жазиралы болсын дейміз, төріне тіккен алты қанат ақ ордаңыздың іші жанға, сырты малға толсын дейміз, шабыттың ақ шағаласы үнемі келіп шаңырағыңызға қонсын дейміз!

Серікқали МҰҚАШЕВ

Суретті түсірген Шүкір ШАХАЙ