Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:25, 29 Қазан 2021

Егер шаршаңқырап жатсам... рұқсат етерсіздер!

None
None

«Кешіріңіздер, мен жастың салмағынан гөрі аурудың салмағын көбірек тартып жүрген адаммын.

Бір жерде бір сағаттан артық отыра алмай қаламын. Сондайда үзіліс жасау деген өте қиын. Бірақ соған қарамастан келдім. Өйткені менің құрбы-құрдастарымның ішінде қазір тірі жүрген бірде-бірі жоқ. Солар туралы әңгіме болған жерден шамам келгенше қалған емеспін. Кезінде өзімнің: «Мүмкін, Құдай мені құрбы-құрдастарымның әңгімесін айтсын деп қалдырған болар», – деп айтқаным бар еді. Осы оймен алдарыңызға келіп қалдым. Егер шаршаңқырап, бес-он минут желпініп алатындай жағдай болса, рұқсат етерсіздер».

Бұл сөзді Серік Қирабаев 2019 жылы Әуезов мұражайындағы кездесуде айтып еді. Ұйымдастырушылар баяғы Рахманқұл Бердібаев негізін қалаған Халық университеті дәрістерін қайта қолға алып, соның алғашқысын ақсақал Қирабаевтан бастайық деген. Бұл дәстүр одан кейін жалғасты ма, жоқ па, белгісіз. Бірақ сол кезде «Жас Алаш» академиктің әңгімесін қаз-қалпында газетке шығарған. Жасының әбден ұлғайғанына, еті ағып, сүйегі қажи бастағанына қарамастан, арнайы келіп, сағаттап отырып, әңгіме айтқан, даусы бәсең тартыпты демесең, бірде-бір мәрте цифрдан, фактіден шатасып, бөгелмеген, қалың көзәйнектен оқып отырғандай қылып сергек сөйлеген ақсақалдың жады таңғалдырмай қоймайды.

Қирабаевтың ғылыми еңбегі жайлы әңгіме бөлек, бірақ, ол кісінің ұлғайған шағында жазып қалдырған естеліктер кітабы («Өмір тағылымдары») – қазақ әдебиетінің тарихындағы ең үлкен мемуарлардың бірі. Академик сөйлесе де, жазса да адам атын, фактыны, датаны қаз-қалпында алдыңа тартады. «Құдай мені құрбы-құрдастарымның әңгімесін айтсын деп қалдырған болар» дегені – ауыр сөз ғой! Ұлғайған жасын міндетсіп, төрге шығармаса, жалбақтап алдынан шықпаса өкпелеп қалатын, бейнетінің зейнетін көріп жүрген шал аз ба, Қирабаевтың 94-ке қараған шағында өзінің алдындағы алыптар тобы мен өз қатарластары туралы естелік айтуды қартайған, қолы бос адамның әншейін бір ермегі емес, «осыны мен айтпасам кім айтады?» деген жаңа буын алдындағы парызы санағанына шүбәсіз сенесің.

«Қирабаев келе жатыр», – деп сыбырласа қалып, отырғандар жапырыла бұрылып қарайтын, жастар жағы ақсақал атап жүрген үлкендер жағы көз алдыңда балаға айналып кеткендей, қос қолын ұсынып, тұра-тұра ұмтылысатын, ақсақал төрге барып жайғасып болғанша өз-өзінен құты қашып, жаңа ғана көтерілген орнына қайта отырмай күтіп тұратын, Қирабаев кіріп келгенде, тіпті жүрісінен жаңылып, тоқтап қалатын жиындар… енді болмайды. Сәлем берсем сәлемімді ала ма, алмай ма, алса да жөнсіз мазалап қоймаймын ба деп, мүбәрак қолын былғап алатындай, жасқана жақындайтын әулие кейіпті ақ бас ата бұдан былай қаумалаған қалың адамның арасында ұзап бара жатпайды. Қандай керемет суреттер десеңізші! Қандай керемет сәттер… Қирабаевпен өткен...

94 жасқа қараған шағында әйгілі академик, өзі айтқан алыптар тобының шырақшысы ғана емес, сол заманның артық-кемін қапысыз бағамдаған, өз уақытының күнгей-көлеңкесін жазбай таныған – төрешісіндей болған филолог ғалым Серік Смайылұлы Қирабаев дүниеден озды. Күллі қазаққа көңіл айтамыз!

Оқырманымызға академиктің аз ғана таралыммен шыққан естеліктер кітабы мен баспасөз беттерінде жарық көрген сұхбаттарынан үзік-үзік естеліктерін ұсынамыз.

Балалық шақ

Біздің балалық, жастық шағымыз отызыншы жылдардан бастап, соғыс кезі, соғыстан кейінгі кезеңді қамтиды. Отыз екінші жылғы аштықта шешемнен айырылдым. Сол жылдары ауру да көбейіп, шешектен қарындасым көз жұмды. Әкем ағайынды үшеу, мен ортаншысының баласы едім. Мені әкемнің ағасының әйелі бауырына салып алыпты. Сөйтіп Смайыл деген кісінің баласы болып кеттім. Әкем еш нәрседен мұқтаж еткен емес, қолынан келген жақсылығын балаларына жасады. Бірақ жетім, анасыз баланың көңілінен бір мұң сейілмейді екен. Ойласам, бала кезімде қатты қуанып, ойнап-күліп жүрген кезім тым аз болыпты. Әжем марқұм да: «Бала боп ойын қуып, жүгірмей, ойға батып отыра беруші ең», – деп айтып отыратын.

Мектепке барғаннан кейінгі кәсібім кітап оқу болды. Негізіміз осындай атмосферада қалыптасты ғой. Біздің ауылымызда мектеп болған жоқ, алты жасымда көрші ауылда алғашқы ашылған мектептердің біріне барып (әкеміздің бір інісі сол ауылда қызмет істейтін еді, сол кісінің қолында жүрдім) оқыдым. Келесі жылы ауылдардың бәрінде жаппай мектеп ашылды. Бір жыл бұрын оқыған соң, әкем мені ауданға апарып оқытты. Мектеп бітіргенше кісі үйінде жатып жүрдім. Бұл да балалығымның оңашалануын туғызды. Өз үйі, өлең төсегінде, ата-анасының қасында аунап-қунап өспеген баланың көңілінде бір жүдеулік болады. Менде осы күнге дейін бейсауат жүре беретін әдет жоқ.

Ал сол ашаршылық жылдары жұрт көргендей қатты қиыншылық шекпедік. Құдайға шүкір, аман өттік. Одан кейін соғыс басталды. 1943 жылы мектеп бітірдім. Ары қарай оқуға барам деген үмітім үзілді, оқуға құмар едім. Әкем марқұм асырап алған баласы, оның үстіне балалардың үлкені болғандықтан ең алдымен жалтақтап маған қарайтын. Қамқорлығын аямайтын. Үйге қонақ келсе де мені ғибрат алсын, ақыл-кеңес ұқсын деп, кісілермен бірге отырғызатын. Сондықтан ұзынқұлақтау, көп елмен таныс болып өстім. Мектеп бітіргеннен кейін мұғалім болдым. Тіпті 10-сыныпта оқып жүрген кезде мұғалімдерді әскерге алып кетіп, 5-6 сыныптарға қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бере бастадым. Оқытушы жетіспейді. Тұрмыс ауыр. Қайда барсаң ыңыршағы шыққан ел. Сөйтіп қыстың ортасында мектеп бітірмей жатып мұғалім болып, аттестатты мамыр айында бірақ алдық. Ары қарай оқуды жалғастырсам деген ой үнемі мазалайтын. Мен өскен жер – Сәкен Сейфуллиннің туып-өскен елі. Сәкен екеуіміз бір елміз. Кезінде Сәкен шығармаларын оқи алмадық. Өзі де елге көп келе алмай, сыртта жүрді. Кейін Сәкен ақталып, шығармаларын толық оқыдық. Сәкен жазған ел, жер суреттерінің барлығы менің бала күнімде көз алдымда өткен өмір екен. Біздің Жаңарқа деген аудан ән мен жырға бай, сауықшыл ел еді. 37-жылдың кәріне де көп ұшырады. Сәкен Сейфуллин, Жаңайдар Сәдуақас шыққан жер. Үкіметтің назарынан қалай тыс қалсын? «Қарағанды пролетариаты» деген газетке «Қирабаев халық жауының қалдығы» деген мақала шығып, әкемді де талай жауапқа тартты. Бала кезімізде отырған ортамызда Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамырын», Мағжанның «Батыр Баянын», Сәкеннің «Көкшетауын» жатқа соғып отыратын адамдар көп болатын. Ешкімнің аты аталмайды, шығармаларының аты ғана айтылатынын құлағымызға құйып, көкейімізге тоқып өстік. Күні бүгін сол кезде айтылатын қисса-дастан, өлең-жырларды ұмытқан жоқпын, жатқа білем. Осылар – біздің рухымызды көтерген дүниелер. Қалыптасуыма үлкен ықпалын жасады...

Менің әкелерім

Қазақ – қарға тамырлы, алысты жақын, туыс қып жүретін ел ғой. «Күйеу жүз жылдық, құда мың жылдық» деп сарысүйек құдасын ұрпақ алмасса да ұмытпайды. Кейінгі жастардан, өзімнің туыс, жақын балаларымнан кейде жатбауырлықты сезінгендіктен, «Менің әкелерім» атты естелік, толғаныс-тарымды жаздым. Сонда айттым ғой, біздің әкелерімізде бала асырап алу дәстүрі ерекше еді. Ағайынды үшеуі отырып (Смайыл, Жәкен, Жаман) бірінің баласын бірі асырап алған. Мен Алматыда қызмет істеп, балалы-шағалы болғанда әкем келіп (екінші баламды): «Мына балаңды мен үйге алып кетейін, маған бер», – деді. Балалардың үлкені, ойымды еркін айтып үйренген мінезім бар: «Осы біреудің баласын біреуің асырап жатбауыр қылғанды қайтесіңдер? Бала көп қой ауылда. Солардың біреуін алсаңшы», – дедім әкеме. Ол кісінің көңіліне кеп қалған болу керек: «Ой, сендер не білесіңдер? Біздің саясатымыз – сендерді жат қылмау ғой», – деді. Шынында мен – Жәкеннің баласымын, Смайылдың бауырында өстім. Смайылдың балаларымен бір төсекте тебісіп есейдім. Олардан жақын ешкімім жоқ. Ал Жәкен – қанша дегенмен туған әкем, оның балалары маған бөтен емес. Сөйтіп, екі-үш үйдің баласы байланып-маталып, бір-бірімізге өте етене болып өстік. «Біздің саясатымыз» деп отырғаны сол ғой әкемнің.

Қазіргі біздің қазақы тәрбиемізді жаңартып, қазақтың психологиясында ұмтылып бара жатқан осындай дәстүрді қайтадан қалпына келтіреміз деп жүргеніміздің бәрі де ұлттығымызды сақтап қалу емес пе? Осыны біреу түсінбейді, жеккөреді. Мысалы, қазақ немере-шөберелерін де асырап алып, өзінің атына жаздырып жатады. Ана жылы Әбу Сәрсенбаев (ер баласы болған жоқ) қызының баласын өзінің атына жаздырып, тәрбиеледі. Кейін бәріміз бір үйге кірген кезде (қазіргі Мәуленов көшесіндегі жазушылардың үйі), Әбекеңнің бауырына салып алған баласын «сенің балаң емес» деп тіркемей қойды. Әбекең есік-тесікті тоздырып жүріп, үлкен шумен әзер жасатты прописканы. Орыстың заңы мен қазақтың қазақтық психологиясының келіспеген жері осы тұста анық байқалды...

Әкелердің дәстүрі қандай еді? Бір-бірін сыйлауы, құрметтеуін айтсай! Туған әкем өмірінде менімен оңаша отырып бірауыз сөз сөйлескен кісі емес. Асырап алған әкемнің көңіліне келеді деп, менен аулақ жүретін. Смайыл әкем о дүниелік болғанда да осы әдетінен жаңылған жоқ. Кейін өзі төсек тартып, қайтыс болар алдында көңілін сұрай барғанымда: «Әкеңнің көңіліне келер деп жақын тартып, бетіңнен сүйіп көрмеп едім. Қолыңнан сүйейін», – деп қолымның сыртынан сүйді. Аруақты сыйлайтын, антына адал жандар еді ғой. Осы күні Жәкеннің кейбір балалары туыстарына кеткен балаларға жоқтаушы болып, олардың ұрпақтарын Жәкен атына (әкесі Жаман атында болса да) жаздырып жүр екен. Бұл күнде адамдар аруақты сыйлауды, дәстүрді сыйлауды ұмытып барады...

Алматы-жастық

Осы Алматыға келген уақытта ең алдымен іздеген адамым Сейфолланың Мәжиті болатын. 1943 жылы оқу бітірдім. Бірақ ол жылы оқуға келе алмадым. «Алматы дейтін жер бар, оқуы бар. Оған бару мүмкін емес», – дейтін ауылда. Қарым-қатынас жоқ. Ол кезде пойыз Алматыға дейін бес сөтке жүреді. Петропавл, Барнауыл, Новосибирск, Семей – бәрін аралап келеді ол кезде. Оған соқпас үшін тағы бір жол бар болатын, Балқашқа келіп параходқа мініп, Бурыл байталдан түсіп қалып, сосын Алматыға келесің. Елден келген адамдардың солай жүргенін білемін. Соғыс біткеннен кейін немістің қолға түскен дүниелерінің ішінен «Мистер Шмид» деген ұшағы болды. Алматы мен Балқаштың арасында сол ұшып жүрді. Ішінде түк жоқ. Әркім астына чемоданын қойып отырады. Сонда екі адамның тізесі біріне-бірі тиіп отырады. Осы үш жарым сағат ұшатын. Кейін бес сөтке жүретін жолмен де жүріп көрдім. Бірақ бір рет қана.

Алдымен оқуға жалғыз келуге қорқып, бірге оқыған жігіттерге «оқуға барамыз ба?» дейміз, «барайық» дейді. Мен ауылда жұмыс істеймін, мектептің мұғалімімін. Енді оқуға барамыз дегенде, Жаңаарқаға келсек, барамыз деген балалардың бәрі жайбарақат отыр. Енді ешкім шықпағаннан кейін жалғыз өзім жүрексініп қалып қойдым. Соғыстан кейін бір жағдайлар болып, әкем Алматыға келді. Осында Мәжитті тауып алыпты. Сәкен ұсталғаннан бері Мәжиттің елмен байланысы жоқ болатын. Мәжит әкемді жақсы қарсы алып, екеуі байланыс орнатады. Ауылға келген соң маған: «Сенің оқуға шын ниетің болса, мен жол тауып келдім. Сейфолланың Сәкенінің інісі Мәжитті таптым. Адресі мынау. Сол үйге барып түсесің, ар жағын өзің білесің. Ал бармайтын болсаң, еркің», – деді.

Әкем менің оқуымды дұрыс көретін. Тура сол екі ортада мен ішкі істер министрлігінің қызметіне ауысып кеткем. Олар жібере қоймады. «Оқысаң, өзіміздің оқуды оқы», – дейді. Мен ол оқуға барғым жоқ. Сонымен екіжақты боп салғыласып жүргенде бастықтардың бірі: «Егер оқуға түскен қағазы болса, босатыңдар», – деген бұйрық берді. Содан кейін Балқаш арқылы ұшаққа мініп, Алматыға тартып кеттім. Келген соң Мәжиттің үйіне түстім.

  Мәжекең деген кісі өте мәдениетті, кеңпейіл, кімді болса да жақсы қарсы алатын, үстелі жиналмайтын кісі еді. Әмина дейтін әйелі де жақсы адам болатын. Мен олармен жақсы араластым. Алғаш үйленгенде Әлияны Мәжиттің үйіне алып барғанмын.

  Сол жолы мен бірінші рет Сәбит Мұқановты көрдім. Демалыс күні еді. Мәжекең «базарға барып қайтайық» деді. Осы «Көк базар» ғой. Көшеде келе жатыр едік, біреу терезе қақты. Қарасам Сәбит Мұқанов екен. Суреттен талай көрген адам, көзімізге оттай басылды. Біз кіруге ыңғайланып едік, Сәбит өзі шықты. «Үйім тар. «Сырдария» деген роман бітіріп едім, соның корректурасын қарап отырмын. Үйде істей алмағандықтан, кеңсеге келіп отырмын», – деді. Сәбеңмен сол жолы бірінші рет танысып кеттім.

Алыптар тобы

Алыптар деген термин бізде кейіннен шықты. ХХ ғасырдың басында мәдениетті әдебиетке келген уақыттан біз қазіргі әдебиеттің негізгі алыптарын Ахметтен, Мағжаннан, Жүсіпбектен, Міржақыптан бастап жүрміз. Бірақ совет кезінде біз оларды алыптар деу түгіл, совет жазушысы деуге аузымыз барған жоқ. Ол туралы өздерің білесіңдер. Сәкен, Бейімбет, Ілияс ақталған соң ғана оларды ауызға алдық. Кейін осы алыптар деген әңгімені шығарған – Ғабит Мүсірепов. Ғабит Сәкен, Бейімбет, Ілиястың мерейтойларының тұсында осы үшеуін айтып, соған Мұхтар мен Сәбитті қосып, бесеуін алыптар деп атаған. Өзін оған қосқан жоқ. 1948 жылы совет жазушыларының пленумы болды. Александр Фадеев сонда сөз сөйлеп: «Қазақ әдебиеті дүниежүзіне аты кеткен әдебиет», – деп мақтап, шығармалары жөнінен Әуезовті, Мүсіреповті, Ғабиден Мұстафинді айтты. Оған дейін Ғабиден көбіне соңғы қатарда жүретін. Солардың аты шыға бастағаннан кейін алыптар тобына Ғабит пен Ғабиденді қосып жүрген біз сияқтылар. Сонымен біздің алыптарымыздың шекарасы осыменен тоқтап тұр. Кейде көтермелеп мақтау үшін Әбділданың мерейтойы кезінде оның жасын, шығармаларын, олармен араласқанын ескеріп, оны да сол топқа қосуға болады деген пікірлер айтылады. Бірақ бұл қалыпқа түспеген.

Алыптарды бастап тұрған Сәкен, Бейімбет, Ілиястың бір шоғыр шығармалары өздеріңізге белгілі, халыққа тез сіңіп кетті. Олар ақталысымен халық жақсы қабылдады. Айта алмай жүрген шығармаларын қайта оқып, өздерінің таныстықтарын айтып, естеліктерін қағазға түсіріп жазды. Олар халықтың махаббатымен алыптар тобына еркін кірді. Ал Ғабит пен Ғабиденді шығармаларымен кіргізді.

Ғабит соғыстан кейінгі кезеңде бірқатар жақсы шығармалар жазды. «Қазақ солдаты» шықты, орысшаға аударылды. Артынан «Қарағанды» деген роман жазды. Өзі басында солай атаған. Сосын ол «Оянған өлке» болып шықты. Сол шығармалары арқылы Ғабит өзін жазушы ретінде танытты.

Ғабиденді жаңа айттым, Фадеев әуелі совет жазушыларының пленумында, кейін Парижде «Франция ССР-і» деген қоғамның жиналысында Қазақстанның ұлт әдебиетінің дамуы туралы сөйлеп, «Абай жолын» мақтап, содан кейін Ғабиденнің «Миллионерін» мақтаған. Ол кезде саясатпен де мақтауға болады. Өйткені сол кезде миллионер колхоздар шығып жатты. Соны ұйымдастырушы жаңа адамдар деп суреттеді. Соның артынан Ғабиденнің «Қарағанды» романы, одан «Дауылдан кейін» романы шығып, содан соң сол қатарға Ғабиден де кірді.

Мен естелік жаздым. Бірақ азғантай тиражбен шықты. «Өмір тағылымдары» деген. Осылармен араласқанда көрген-білгенімді, ойға түйгенімді жаздым. Естелікті әркім жазады. Бірақ Мұхтар туралы жазу үшін оның барлық ғұмырын қамту міндетті емес. Онымен өзім қандай дәрежеде қарым-қатынаста болдым, несін білемін, соны нақты жазуға тырыстым. Сондықтан сол естеліктеріме мен өзім араласқан ағалар, замандастар жөнінде артық сөз қоспай жазып қалдыруды өзіме парыз көремін.

(Серік Қирабаевтың әр жылдары берген сұхбаттары мен естеліктер кітабынан)

Тегтер: