Ей, билік, мектеп қайда, мектеп!?
«Қазіргі уақытта Қазақстанда мектеп жасындағы 3,48 миллион бала бар екен.
Соңғы 10 жылда елдегі мектеп оқушыларының саны 930 мың балаға көбейген. Егер Қазақстанда салынатын кәдімгі үлкен типтік, 1200 оқушыға арналған мектептермен санасақ, соңғы 10 жылдың ішінде билік ел бойынша 775 мектеп салуы тиіс болған.
Бірақ өкінішке қарай, батыстағы төрт облыста, оңтүстіктегі төрт облыста мектеп құрылысының қарқыны тым бәсең, тіпті Алматы, Шымкент пен астанада да мектеп құрылысының қарқыны демографиялық өсімнің соңына ілесе алмай, қатты қалыс келеді».
Осылай деп зерттеуші-демограф Мақсат Имандосов дабыл қағып отыр. Оның сөзінше, Қазақстанға басқасын айтпағанда, тек қазіргі оқушы орындарының тапшылығын жою үшін кемінде 10 жыл бойы тоқтамай мектеп сала беруі қажет екен. Мектепте оқушыларды үш ауысыммен оқыту деген масқараны жойып, шамадан тыс тығыздалған екі ауысымдық мектептерді жеңілдету үшін ғана.
– Бірақ бұл жерде де үлкен проблема жатыр. Қазіргі мектеп оқушылары дегеніміз – 2004-14 жылдары туған балалар. Елімізде 2004-09 жылдары сәйкесінше 253 мың, 257 мың, 321 мың, 356 мың және 357 мың бала туған. Бірақ осы 2021/22 оқу жылынан бастап мектеп табалдырығын 2015 жылы туған балалар алғаш аттайын деп отыр. Ал Қазақстанда тура сол 2015 жылдан бастап жылына 400 мыңнан астам бала туған еді. Былтыр, мәселен, 425 мың бала дүниеге келді, биыл шамамен 450 мың нәресте дүние есігін ашады. Сонда қарап тұрсаңыз, енді бір 10 жылдан кейін қазіргі 3,48 миллион оқушымызға тағы 1 миллионнан астам оқушы қосылады. Бұл нені білдіреді? Бұл мемлекеттің алдағы 10 жылда қазіргі мектептегі орын тапшылығын жойып қана қоймай, сонымен бірге осы уақыт ішінде жаңағы қосымша миллион оқушыға арнап 850-ден астам жаңа мектеп салуы тиіс екенін білдіреді, – дейді демограф.
Міне, жағдай солай. Бірақ балаларды мектеппен қамтамасыз ету мәселесінде Қазақстанның қандай күрделі жағдайға тап болғанын біздің биліктегі шенеуніктер түсініп отыр ма екен?!