Екі дүние арасындағы үміт
«Салахад-диннің үкімі» әңгімесі – М.Мағауиннің тәуелсіздік тұсында жазған айтулы туындыларының бірі.
Әңгіменің салмағын, әсіресе оның бойынан көрінетін құндылықтар жүйесінің жан-жақты ашылуы арттырып жіберген. Содан да болса керек, жазушы өзінің «Шытырман» роман-эссесінде аталмыш әңгімені өзінің ең таңдаулы әңгімесі ретінде бағалайтынын жазыпты. Жазушы М.Мағауиннің аталмыш әңгімесі еркіндік бастауында, Қазақ елі енді егемендігін алған кезеңде жазылды (1992 жылы). Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында дүниеге келген көп әдеби шығармалардың бір ерекшелігі сол, осы кезде дүниеге келген көптеген туындыларда ерекше қуаныш, үлкен үміт айрықша көрінеді. Үміт құндылығы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында айрықша аспандап еді. М.Мағауиннің «Салахад-диннің үкімі» деп аталатын прозалық шығармасында да үміт құндылығы ерекше көрініс табады. Мұндағы үміт – шындықтың жеңіп, әділдіктің үстем болуына деген сенім.
Шығарманың сюжеттік желісі қос бағытта дамиды, екі түрлі оқиға негіз болған. Біріншісі – шежіреші Бағдадидің осыдан мың жылға жуық уақыт бұрын жазып қалдырған баяны болса, екіншісі – автордың ХХ ғасырда қазақ даласында орын алған әділетсіздіктерді арқау еткен тарихи-көркем баяны.
Салахад-дин қолбасшы дәуіріндегі оқиға мен Ұлы Дала төсінде өткен оқиғадан ілік-байланыс іздеген жазушы баяндаудың ерек түрін тапқан. Өзінің айтқысы келген ойы – шығарманың негізгі идеясын жеткізу үшін ортағасырларда қағазға түскен шығыстық хикаяға арқа сүйейді. Осы орайда, М.Мағауиннің «Салахад-диннің үкімі» деп аталатын шығармасын біз интермәтіндік сипаты басым шығарма дей аламыз. Автор әл-Бағдадидің «ғибрат үшін жазып қалдырған» мұрасын саналы түрде пайдаланады. Оны бүгінгі қазақ тарихының жаңа парақтарының ашылып, ұлттық мүдденің үстемдік етуі алдында көркемдік материал ретінде әдейі алған сыңайлы. Әңгімеде шежіреші әл-Бағдадидің «Ғақлия кітабындағы» мәтіндер мен тарихшы-академик Ақпамбетовтің «Кіші октябрь» атты еңбегіндегі естеліктер параллель пайдаланылады. Шығыс әдебиетінде ғасырлар бойы жырланып, әртүрлі тарихи-этикалық еңбектерде үздіксіз баяндалып келген Салахад-дин сұлтанның бұл әділ үкімі әл-Бағдадидің «Ғақлия кітабында» ғана қаз-қалпында, ешқандай боямасыз дәл жазылған дегенді жазушы да келтіріп өтеді. «...біз мазмұндап отырған хикаяның ақиқат шындығында күмән жоқ» дейді жазушы. Содан да болар, М.Мағауин шығыс әдебиетіндегі нәзирагөйлік дәстүріндегі секілді оқиғаны түрлентіп, жаңа өң қосып жазуды көздемейді. Қайта шындықты қаз-қалпында көрсету үшін Бағдади мен Ақпамбетовтің кітаптарындағы мәтіндерді еш өзгертусіз, тырнақшамен келтіреді. Әңгімедегі шындық құндылығының барынша ажарланып көрінуіне ондағы тарихи есім-сойлардың да еш өзгертусіз берілуі қызмет етіп тұр. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев есімдері сол күйінде жазылады. Соған қарағанда, Сейсен Бөкенов, Дәулет Бектібаев, Жәңгір Ерденов және Ойрат Сартаевтардың да ХХ ғасыр басында Алашорда үкіметін қолдаған жастардың қатарында болғанына оқырман күмән келтірмейді.
Интермәтіндік әдістер постмодернизмнің басты құралы десек те, біз М.Мағауиннің аталмыш әңгімесін постмодернистік шығармалар санатына жатқызбаймыз. Себебі мұнда кеңістік пен уақыт белгілі әрі оқиғалардың хронологиялық тәртібі де бұзыла қоймаған. Осы орайда, интертекстуалдық сипаттардың тек заманауи постмодернистік әдебиетке ғана емес, ертеден келе жатқан көркем ойлау түріне де қатысты бола алатынына көз жеткіземіз. Жазушы он ғасырға жуық уақыт бұрын шығыс әлемінде болған оқиға мен ХХ ғасырда қазақ жерінде болған оқиғаларды ұштастыра суреттейді. Бұл – екі түрлі кеңістіктегі бірдей оқиғаның қайталануы емес, әртүрлі кеңістіктегі ұқсас мотивтердің қайталануы. Интермәтіндік шығармалардың өзіндік ерекшеліктерінің бірі ретінде біз оқиғаның ғана емес, әртүрлі мотивтер мен образдар жүйесінің де ұқсас болуын айта аламыз. «Салахад-диннің үкімі» әңгімесінде осындай образдар мен мотивтер легі аз емес. Мұнда күрделі образдар жүйесі бар. Олар шығарманың бойындағы коллизияны туғызып, поэтикалық динамиканың күшеюіне айрықша қызмет етіп тұр. Осы арқылы әңгіменің өн бойындағы құндылықтар жүйесі жан-жақты ашылады.
Оқиға параллель баяндалады. Өз кезегінде кейіпкерлер де өзара параллель танылады. Мысалы, Зәңгі мен Академик, патша мен жазушы бейнесі және бала шәкірт пен Алаштың жас арыстары өзара ұштаса көрінеді. Ұлттық ерекшелігі бар демесеңіз, олардың бастарынан кешкен жағдайдың жөні бірдей-ақ. Зәңгі де, Академик те еліне ерен еңбек сіңірген, абыройы тасып, қолы ұзарған. Екеуі де елдің алдына шыққан, патшаның назарына түскен. Бірақ екеуі де өз қылмысын ашып берді. Ал патша мен автор-жазушы үкім кесуші рөлінде көрінеді. Ал бала шәкірт пен Алаш идеясының жас қолдаушылары әділетсіздіктің құрбандары ретінде көрінеді. Олар үшін білім құндылығы аса қымбат. Бала шәкірт Бұхарадан Бағдат шаһарына білім алу үшін шыққан өрен болса, жас алаштықтар Петерборда білім алған, кейбіреулері әлі де оқуын тәмамдап үлгермеген, бірақ түбінде осы туған жеріне келіп, халықты ағартумен, өз білімін тек жақсы жаққа жұмсаумен айналысуға шындап бекінген жандар ретінде суреттеледі. Сонымен бірге аталған екі оқиғаға да ортақ сипаттың бірі – тарихи шындыққа сай болуы. Шежіреші Әбубәкір Бағдади өзінің жазған-сызғанының тарихи шындыққа айна қатесіз сай келетінін ескертсе, жазушы М.Мағауин де өзінің көрген-білгенін, тарихи деректер мен музейдегі көрмеде тұрған маузер-тапанша арқылы дәлелдеп, барынша шындықтың жазылып қалуын, жай ғана жазылмай, келер ұрпаққа ғибрат болуы үшін жазып қалдырғанын тілге тиек етеді.
Әңгімеде ұлт, туысқандық, бірлік, әділдік құндылықтары бірде өзара жымдасқан ұштас ұғымдар ретінде, енді бірде бір-біріне қарсы мәнде көрінеді. Мысалы, Бағдадидің аузымен баяндалатын хикаяда күрд, түрік, араб, парсы ұлтының өкілдері біріге отырып үлкен жеңістен оралып жатса, Ақпамбетовтің қаламынан шыққан естелікте орыс, қазақ, беларусь ұлтының өкілдері ғасыр басындағы тарихи-саяси өзгерістер кезінде екі топқа бөлінген күйде суреттеледі. Бірінші оқиғада сұлтан мен Зәңгі бір қауымның – күрд ұлтының өкілі екені айтылғанмен, жалғыз келе жатқан білімгер шәкіртті жазықсыз өлтіргені үшін сұлтан өз қандасын өлім жазасына бұйырды. Сұлтан үшін әділдік қымбат. Сол секілді, тарихшы Академик те өзінің қандасын, ұлты қазақ жастарды өлім құштырды. Дегенмен Бектеміс Ақпамбетов те әділдік үшін жазып отырғанын баяндайды. Егеров бастаған «коммунистер адамды нәсіліне емес, таптық белгісіне қарай жіктесе», Салахад-дин сұлтан адами болмысына қарап жіктейтін сияқты. Яғни екі түрлі кейіпкерлер жүйесі үшін де бұл тұста ұлттық мәселе екінші орынға шегерілген. Бірінде этикалық-адамгершілік мәселе басты критерий ретінде алынса, араға он ғасырға жуық уақыт салып орын алған оқиғада Ақпамбетов пен оның пікірлес жолдастары арасында адамгершілік мұраттарына қарап емес, оның таптық көзқарасына қарап жіктейтіні расталады. Салахад-дин Зәңгінің керуендерді тонап, қарақшылық жасағанын, ел әскеріне кешігіп қосылғанын және патша алдында әдепсіздік танытқанын – осы уақытқа дейінгі күллі айып-кінәларына кешіріммен қараса да, жалғыз жолаушыны аяусыз өлтіргені үшін кінә тағып, өлімге үкім шығарды. Ал Ақпамбетовтердің Алаш жастарына тағар бәлендей кінәсі жоқ. Олардың ойынша, жастардың бар кінәсі – «жер басып жүргендері».
Бұхарадан Бағдатқа білім іздеп жолға шыққан бала үшін Құдай алдындағы халі бәрінен биік, яғни ол үшін білім мен наным-сенім құндылығы бәрінен үстем. Ал білім құндылығын биік қойған Алаш жастары үшін сонымен бірге табиғат, Алаш жұрты, көк аспан айрықша қастерлі. Бұл тек жекелеген кейіпкерлердің ғана өзіне тән ерекшелігі емес, әртүрлі дәуірдегі адам болмысының және әртүрлі географиялық-мәдени территорияларда өмір сүрген кейіпкерлердің де менталды болмысындағы ерекшелік деуге болады. Бағдадидің бала шәкірті өлімге еріксіз бас иеді, оған кекілік құс куәлік етсе болғаны. Ал Алаш жастары бірден өлімге көне қоймайды. Олар өздеріне қоқан-лоқы көрсетіп отырған орыс командирдің өзіне орыс тілінде сауатты сөйлеп, мұндай қадамға барудың ешқандай заңға сай келмейтінін айтып, сауатты түрде қарсылық танытады.
«Салахад-диннің үкімі» әңгімесінде жоғарыда аталған құндылықтардың бәрі дерлік әділдік құндылығының барынша терең ашылуына қызмет етіп тұр. Ол, әсіресе, өмір мен өлім, еңбек, ерлік құндылықтары арқылы жан-жақты бейнеледі. Шығармада әділдік осы аталған құндылықтардың бәрінен биік тұрады. Задында, солай болуға тиіс деген үкімнің белгісі бар. Ерлік құндылығы әділдік құндылығының алдында төмен тұруы тиіс сияқты. Өйткені «...қайтпас батылдық – түз жайлаған таңы аңға да дарыған». Ерлік адамның адамшылығын айқындайтын басты қасиет бола алмайды деген ой жатыр шығармада. Әйтпесе, Бағдади атажау ретінде сипатталатын франктердің өзін ер, шетінен батыр ретінде суреттемейтін еді. Сол секілді, Зәңгінің де көрсеткен ерлігі орасан. Ол шешуші шайқаста асқан батырлығымен көзге түсті. Салахад-дин сұлтанның жеңіске жетуінде, әсіресе осы Зәңгі деген батырының үлесі өлшеусіз болды. Дегенмен оның бәрі шетке ысырылып, жалғызға жанашыр, жолаушыға қамқор болмағаны үшін өлім жазасына кесілді. Яғни өмір мен өлім концептілерінің арасын мейірім құндылығы жалғап тұр. Адам қанша ер, батыр болса да, ол мейірімді болмаса, онда ол өмір сүруге қақылы емес деген идея басым. Сол сияқты, Зәңгі образымен параллель суреттелетін Ақпамбетовтің де елі үшін жасаған ерлігі аз емес. Ол бас-аяғы 50 жыл тынымсыз еңбек етті. Содан да, кеудесіне тағылмай қалған медаль мен орден жоқ. Советтік жүйенің орнауына өлшеусіз үлес қосып, бар өмірін осы жүйеге адал болумен өткізген. Тағы да жасаған ісің алдыңнан шығады деген ежелден белгілі философияға кезігеміз. Зәңгі жарлы баланы азаптап өлтірген болса, өзі одан да ауыр өлімге тап болды; оны сұлтанның әскерлері қидалап өлтірді. Ал Ақпамбетов Алаш идеясын жақтаған жастарды Егеров сыйлаған маузермен атып өлтірген болса, өзі де тап сондай өлім құшқан жоқ. Бірақ ол өмірден өтер алдында өзіне-өзі үкім шығарып, одан да ауыр «өлімге» бас тіккенін өзі аңғармаған. Кейінгі совет балалары біліп жүрсін деген оймен бар қылмысын ашып жазып, өзіне-өзі ауыр үкім кескенін парықтамаған. Шығарманың негізгі идеяларының бірі – адам жасаған қылмысын осы өмірде қайта табады, яки өмірден өтіп кеткен соң тарих алдында жазасын тартады деген ой.
М.Мағауиннің «Салахад-диннің үкімі» деп аталатын әңгімесі әділдіктің, ұлттық мүдденің үстем болуына деген үміттің айрықша әспеттелуін көрсетсе, ол – осы кезде жазылған қазақ прозасындағы туындылардың бәріне дерлік ортақ құбылыс.
Нұрбол Құдайберген