Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:10, 02 Мамыр 2025

Екі ел – бір көпір: Мәскеу мен Пхеньян қарым-қатынасты нығайтып жатыр

Көпір
Фото: ашық дереккөз

Солтүстік Корея мен Ресей екі ел арасындағы шекаралық қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығармақ. 

Екі ел Туманган (Туманная) өзені арқылы өтетін алғашқы автокөлік көпірінің құрылысын ресми түрде бастады. Жоба 1,5 жыл ішінде аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұл бастама шекара маңындағы тауар айналымын, туризмді және логистиканы арттыруға бағытталған.

Салтанатқа екі елдің премьер-министрлері — Пак Тхэ Сон мен Михаил Мишустин бейнебайланыс арқылы қатысты.

Солтүстік Корея тарапы бұл көпірді «тарихи маңызы бар ескерткіш» деп атады. Пхеньян үшін бұл – сыртқы әлеммен байланыс орнатудың символы. Ал Мәскеу оны «ашық әрі нәтижелі диалогқа апарар жол» ретінде бағалап отыр.

Сарапшылардың пікірінше, бұл көпір тек логистикалық емес, сонымен қатар геосаяси мәнге де ие. Ресей мен Солтүстік Корея арасындағы қарым-қатынас соңғы жылдары айтарлықтай жандана түскен. Әсіресе, Батыстың санкцияларынан кейін Ресей Азия бағытындағы серіктестікті күшейтуге мүдделі болып отыр. Солтүстік Корея үшін де бұл – экономикасын әртараптандыруға және шетелдік өнімдерге қол жеткізуге берілген мүмкіндік.

Көпір арқылы тауар тасымалы ғана емес, сонымен қатар туристік және мәдени байланыстарды арттыру да көзделіп отыр. Жоба аясында кедендік инфрақұрылымды жетілдіру, логистикалық хабтар құру және шекаралық бақылау жүйесін оңтайландыру жоспарлануда.

Көпір құрылысы аяқталған соң, екі ел арасында жүктердің өту уақыты қысқарып, транзит мүмкіндіктері артады. Сонымен қатар бұл жоба Қытаймен шекарадағы жүктемені азайтуға көмектесуі мүмкін.