Екі өгіз сүйкенсе, ортасында шыбын өледі немесе сынға ұшыраған Трамп

Әлемдік ақпарат құралдары Трамптың Украинадағы соғысқа байланысты ұсынған бітім жоспарын сынға алып жатыр.
Журналистердің айтуынша, Трамп үшін мәселенің мән-жайы маңызды емес – ол тек "соғысты тоқтаттым" деп жариялауды көздейді.
Әлемдік БАҚ не дейді?
Лондондық The Guardian басылымы Трамптың Украинаның егемендігі мен қауіпсіздігіне, сондай-ақ трансатлантикалық альянстың мүдделеріне көңіл бөлмейтінін жазады. Газеттің пайымынша, ол үшін басты мақсат — Владимир Путинмен келісімге келу. Ал Путин, керісінше, Ресейдің мүдделерін барынша жүзеге асыруға ұмтылады, әрбір детальға мән беріп, келіссөз жүргізу өнерін жетік меңгерген.
Латвиялық Neatkarīgā Rīta Avīze газеті Трамптың көзқарасында заң да, тарих та маңызды емес екенін атап өтеді. Басылымның жазуынша, егер Путин Қырымды толығымен өз бақылауына алса, бұл «қолданыстағы халықаралық жүйенің күйреуіне» әкелуі мүмкін.
Португалиялық Correio da Manhã басылымы АҚШ үкіметін «сенгіш» деп сипаттап, Трамптың көзқарасын сынға алды. Газет жазуынша, тек Трамп қана осындай күрделі жанжалды бірнеше кездесумен және бір жақтың ықпалымен шешуге болады деп ойлауы мүмкін.
АҚШ-та Трамптың жоспарына қарсы пікірлер аз емес. The Wall Street Journal оның ұсынысы Путинге Украинамен соғыста басымдық беретінін алға тартады. Басылымның айтуынша, бұл қадам жаһандағы өз мүддесін көздейтін күштерге дем беріп, олар белсенді әрекетке көше бастайды. Ал Трамп үшін шын мәніндегі қиындықтар дәл осы кезде туындайды.