Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:40, 07 Қазан 2023

Екі жыл, екі ай – Қарашөкеевтің екі уәдесі

1
Фото: из открытых источников

Жақында Жамбылдың жаңа әкімі Ербол Қарашөкеев жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесті.

Бұл кездесуге «Жас Алаштың» Жамбылдағы тілшісі ретінде шақырту алып, көкейкесті сұрақтарымызды қойдық.

Әкімге қойған бірінші сұрағымыз «Енді Жамбылда жеміс-жидекті сусыз өсірмек» атты мақаламызда көтерген Шудағы құрылысы тоқтап тұрған «Тасөткел» су қоймасының мәселесі жайында болды. Өңір басшысы бұл мақаланы оқығанын айтты. Бұл өте өзекті мәселе деген облыс әкімі қазіргі таңда зерделеу жұмыстары жүріп жатыр дейді. Екінші сұрағымыз «Қонаевтан жол қалды, Қарашөкеевтен не қалады?» мақалада көтерген Т.Рысқұлов ауданында салынып жатқан шағын спорт мектептеріндегі жабдықтар жөнінде болды. Бұл мәселені қазір естіп тұрмын деген әкім жауапты мамандарға тапсырма беріп, назарға алыңдар деді. Ал «Ұлы дала» шағын ауданына барғанында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековке «Осы шағын ауданға көшіп келсеңізші. Сонда бұл жақтағы мәселелерді жылдамырақ шешетін шығарсыз» деп қағытқанын айта келіп, халық «Қарашөкеевтің өзі көшіп келу керек» деп жатқанын жеткіздік. Бұл сұрағымызға әкім күліп: «Бақытжан Әмірбекұлы бірге көшейік дейді, өзінің көшкісі жоқ» деп жауап берді. Байқағанымыз қос әкім де «Ұлы далаға» көшіп баруға ықыласты емес.

Жиында Ербол Қарашөкеев:

– Мен еліміздің ауылшаруашылығы министрі қызметін атқарып жүрген кезімде де ақпарат құралдарының өкілдеріне ашық болдым. Ауылшаруашылығы саласы өте үлкен сала. Үнемі журналистер, блогерлер сын айтып жатады. Бәріне жауап беруге тырыстым. Енді облыс әкімі ретінде де БАҚ-қа ашықпын. Сынға оң көзқараспен қараймын. Сын біздің жұмысымызға серпін береді. Таңертең сағат алтыда тұра салып, алдымен әлеуметтік желілерді шолып шығамын. Жұмысқа келгеннен кейін газеттерді қараймын. Газет беттерінде сын мақалалар жазылып жатыр.

Осыдан кейін жақын күндерде облыстық газеттердің екі жылдық тігіндісін алдырып, бәрін қарап шығуды жоспарлап отырмын. Соңғы екі жылда қандай сын, проблемалар көтерілді, одан қандай нәтиже шықты, мәселе шешілді ме, жоқ па, бәрін-бәрін қарап шығатын боламын. Біз де адамбыз. Кейде проблемаларды көрмей қалуымыз мүмкін. Объективті түрде айтылған мәселелерді шешуге тырысамын, – деді.

Жамбылдың жаңа әкімі алдағы жұмыс жоспарын қысқаша таныстырғаннан кейін журналистер қауымы сұрақтарын жаудырды.

Баспасөзге жазылу, жазылған сын мақалаларға биліктің жауап қатпауы, аудандық газеттердің жағдайы, алдағы аудан әкімдерінің сайлауының әділ өтуі, туризм мәселесі қозғалды.

Ербол Шырақпайұлы сұрақтардың бәріне жауап беріп, екі ай сайын БАҚ өкілдерімен кездесіп, әңгімелесіп тұруға уәде берді. Екі ай сайын кездесем, екі жылдық газет тігінділерін ақтарып шығам деген Қарашөкеев екі уәдесінде тұрар ма екен? Екі айдан кейінгі кездесуде біле жатармыз...

Нұрболат Әлдибек

Жамбыл облысы

Тегтер: