Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:32, 08 Желтоқсан 2023

Екеу еді, үшеу болды. Смайыловқа Сағынтаев пен Мамин көрсеткен үлгі

Содан оңға қарай Мамин, Смайлов, Сағынтаев
Фото: из открытых источников

Үкімет келер жылы зейнетақы қорына тағы да қол салмақ. Премьер-министр Әлихан Смайылов алдағы уақытта энергетиканы дамыту мақсатында зейнетақы қорынан 1,5 трлн теңге алынатынын айтты.

 Индустрияландыру, көлік, инфрақұрылым және тағы басқа салаларда ірі жобалар қолға алынбақ екен, сол үшін «қаржыландырудың сан алуан көздерін қарастырып отыр» екен. «Сан алуан жолдарын» деген сөз – біздің «ізденімпаз» үкіметтің өз бағасын асыру үшін, күшейтпелі шырайда қолданып отырған әшейін сөзі ғана, әйтпесе, сан алуан жол іздеген адам өзінен бұрынғы премьерлердің көне соқпағын, яғни «Ескі Қазақстанда» қалып кетуге тиіс ескі сүрлеуді шиырламаса керек еді. Смайыловтың әлдеқандай қылып отырған шаруасы – «Ұлттық банктен ақшаны алу шарттары» ғана.

Дәстүрге берік премьерлер

Зейнетақы қорынан атқарушы билік бұған дейін де қаражат алды. Мәселен, Қаңтар оқиғасынан кейін көрінбей кеткен Бақытжан Сағынтаев премьер болып тұрған 2017 жылы темір жол саласын жаңғыртамыз деп қордан 50 млрд теңге алынса, 2018 жылы экономиканы дамытамыз деп 300 млрд теңге екінші деңгейлі банктерге таратылды. Дәл осы жылы қордың 450 млрд теңгесі «ҚазАгроны» дамыту үшін; 15 млрд Қазақстанның Даму банкі арқылы «MEGA Silk Way» сауда орталығын салу үшін бөліне салды. Бұдан бөлек үдемелі индустриалдық-инновациялық тұрғыда дамимыз деп 65 млрд теңге, арзан ипотекамен қарық қыламыз деп 200 млрд теңге тағы берілді. Тіпті қызды-қыздымен 2018 жылы зейнетақы қорының 250 млн долларын Әзербайжан халықаралық банкінің облигациясына да салып жібердік. Артынша, бұл банк банкрот болып, өседі деген ақшаның қара басы уайым болған. Әйтеуір, банк қайта құрылымдаудан өтіп, іске Әзербайжан үкіметі араласып, қаржы 15 жылдың ішінде қайтарылатын болып, «уһ» дегенбіз.

Сағынтаев тұсында «Бизнестің жол картасы» бағдармасының насихаты аспандап тұрған. Осы бағдарламаны орындау үшін де Сағынтаев басқарған үкімет БЖЗҚ 300 млрд теңге қаражат алды. 2017 жылы ЭКСПО көрмесіне зейнетақы қорынан 15 млрд теңге бағытталатыны туралы да ақпарат тарады. Бірақ артынша «Астана ЭКСПО-2017» компаниясы «ЭКСПО құрылыстары зейнетақы қорының қаражаттарына мұқтаж емес» деген мәлімдеме жасады. Әйтсе де «Қазақстанның Даму банкі» зейнетақы қорынан тартылған 15 млрд теңгенің ЭКСПО құрылысына жұмсалатынын растады.

«Қордағы қаражат табыс әкеліп тұруы тиіс» дегенді желеу етіп БЖЗҚ қаражатын үкімет пен Ұлттық банк әр жаққа таратып бақты. Бірақ содан дамып кеткен сала көрмедік. Алысқа бармай-ақ, зейнетақы қорын армансыз «емген» теміржолдың кем-кетігін қазір жыр қылып айтып тауыса алмай жүрміз. «Қазақстан темір жолын» басқарып, титықтатып болған соң, Сағынтаевқа бірінші орынбасар болып отыра қалған және тыныш отырмай, темір жолды ары қарай «дамытуды» қолға алған Асқар Маминнің арада үш жыл өткенде Сағынтаевтың орнына отырғанын айтпасақ, темір жол баяғы қалпынан танбады (Үкіметті басқарып тұрғанда Асқар Мамин де зейнетақы қоры арқылы екінші деңгейлі банктерді жарылқауды тоқтатқан жоқ. Экономист Жаңабай Алдабергеновтің мәліметінше «Бұл тұста да 300 млрд теңгеге жуық қаражат арзан ипотекалық бағдарламаларға бағытталған»). Зейнетақы қорынан қаражат алған «ҚазАгроның» жұмысы шабандап, ақыры, басшысы істі болып, «Бәйтерек» ұлттық холдингімен бірігіп кетті. Енді оның қарызын 15 жылдың ішінде «Бәйтерек» қайтаратын болды.

БЖҚЗ
Фото: gov.kz

Зейнетақы қорының қаражатын қайтару мерзімі негізінен 15 жылға беріледі. 15 жылға дейін кім бар, кім жоқ дей ме, премьерлер қарыз алудан қорықпайды. Смайыловтың Сағынтаевтан асып жығылып, бір салғанда-ақ 1,5 трлн теңгені бір-ақ суырып шықпақ болып отырғаны да сол. Қарызды қайтару туралы да онша уайым қылып тұрған жоқ:

«Үкімет қарызға ақша алса, республикалық бюджеттің есебінен, квазимемлекеттік сектордың есебінен ол ақшаны міндетті түрде қайтарады. Сол себепті барлығы үкіметтің қарызында көрсетіледі. Бюджетте қарызды қайтару сомасы да белгіленеді. Сондықтан үкімет өз мойнына міндет алса, ол ақша міндетті түрде қайтарылады», – дейді.

Көрдіңіз бе, үкімет деп, сырттап сөйлейді.

Жекеменшіктен мемлекетке. Рейтингі төмен компанияларға ұмтылу дәстүрі

Экономист профессор Жаңабай Алдабергенов біздің ең басты қателігіміз – зейнетақы қорындағы қаражатты өндірістік емес салаларға бөлуден басталды дейді. Бұдан да қауіптісі: 2013 жылы жекеменшік зейнетақы қорларының басын біріктіріп, БЖЗҚ құрылғанда елді «қаржы саласындағы коллапстан» құтқарады деп соққан. Билік жекеменшік зейнетақы қорларын рейтингі төмен компаниялардың құнды қағаздарын сатып алды дегенді сылтау еткен. Ең қызығы, сол жекеменшік қорларды ысырып, орнына құрылған мемлекеттік монополист БЖЗҚ-да несиелік рейтингі төмен компаниялардың облигацияларын сатып алуды әрі қарай жалғастырды. Айталық, Ұлттық банк зейнетақы активтерін: ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарына – 47,38 пайыз, квазимемлекеттік компаниялардың облигацияларына – 10,86 пайыз, Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінің облигациялары мен депозиттеріне – 6,98 пайыз, шет мемлекеттердің МБҚ-на – 4,60 пайыз, халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздарына – 2,43 пайыз, қазақстандық эмитенттердің корпоративтік облигацияларына – 0,10 пайызға инвестициялайды.

«БЖЗҚ инвестициялық портфелінің құрылымын түсінуге тырысқан адам «қорға осынша мемлекеттік құнды қағаз сатып алудың қажеті қанша» деп ойлайды. Бұл әрекет республикалық бюджет тапшылығын жабуы үшін керек. Бюджеттің 85 пайыздан көп бөлігі мемлекеттік құнды қағаздарды сату есебінен қаржыландырылады. Оларды зейнетақы активтерінің көмегімен сатып алады. Енді бұл арада ескеретін дүние, біздегі бюджеттік процесс ұлттық валюта негізінде құрылғандықтан, ақша номиналындағы құнды қағаздар да теңгемен есептеледі. Осылай девальвацияның кез келген түрі азаматтардың жинақ қаржысын жеп қояды. Сондықтан БЖЗҚ көрсеткіштері теңгеде өсіп, долларда мүлдем өспей қалады. Қазір қордың жинағы шамамен 14,7 трлн теңге. Халықтың зейнетақы қорындағы жинақ қаржысы туралы айтқанда, «өсті», «көтерілді» деген сөздер қолданады, бірақ бұл жерде ақшаның массасы емес, долларға тәуелді сатып алу қабілеті маңызды. 2015 жылғы инфляциямен қазіргі қымбатшылықты салыстыра алмайсың. Инфляция көрсеткішіне қарап-ақ халықтың қордағы жинағы құнсызданып жатқанын білуге болады», – дейді Ж.Алдабергенов.

Cонда не істеу керек? Профессор дамимын деген ел БЖЗҚ қаражатын теміржол саласын жаңғыртуға немесе халыққа несие берумен ғана айналысатын банктерге бермеген болар еді. Өйткені біздегі банктер мен өндіріс орындарының арасында мүлдем тығыз қарым-қатынас жоқ. Банктерде қандай да бір өндіріс орындарына барып, оның түсімін зерттеп, олардың шығындары өздерін өздері ақтай ма, жоқ па, оны тереңдеп білу тәрізді маркетингтік тәсіл жоқ. Олар қандай да бір құрылыс компаниясына үй салуға қаржы бөледі немесе бөлінген қаржыны депозитте сақтап, оны халыққа несие ретінде беруді құп көреді. Біздегі зейнетақы активтерін ұқсатудың түрі – осы.

«Мысалы, зейнетақы қорын әлем бойынша мықтап жолға қоя алған Жапонияда қордағы қаржыны «өндіріс+өнім» формуласымен ұқсатады. Бұл елде қаржы отандық өнім шығаратын компаниялардың жұмысын жаңғыртуға ғана бөлінеді. Соның өзінде жапондардың зейнетақы жүйесі былтырдан бері ұтылып келеді. Былтыр Жапонияның үкіметтік зейнетақы қоры 136 млрд доллар жоғалтқан. Жапон ақшасына шаққанда, бұл 14,8 тлрн иен тұрады. Әлемдегі ең ірі зейнетақы қоры бар Жапонияның өзі осылай ұтылып жатқанда, біздің БЖЗҚ қаражатын оңды-солды тарата беруіміз сауатсыздық», – дейді экономист.

БЖҚЗ
Фото: gov.kz

Басқасы-басқа, «үкімет зейнетақы қорының қаржысын екінші деңгейлі банктерге бөлуді доғару керек» деген ұсыныстарға да аса ден қоймады. БЖЗҚ қаражаты арқылы банктердің құнсыз активтері де сатып алынды. Мысалы, 2016 жылдары қордың қаражаты арқылы мынадай банктердің активтері сатып алынған: Эксимбанк – 14,45%, Цесна банк – 10,62; Халық банк – 6,22; Казкоммерцбанк, Банкцентркредит, АТФ, Forte, Нұрбанк, Delta bankтердің активтері 5-7 пайыз аралығында сатып алынған. Тізімдегі бұл банктердің қайсыбірі қазір банкрот болғанын ескерсек, «зейнетақы қорының қаражатын екінші деңгейлі банктерге салу қауіпті» деген пікірдің растығына көз жеткізе түсеміз. Рас, банктер банкрот болған жағдайда қордың қаражатын қайтаруға үкімет кепілдік береді. Бірақ үкіметтің өзі де қазір ұлттық жобалар мен ірі идеяларын жүзеге асыру үшін Ұлттық қордан бөлек, зейнетақы қорына алақан жайып отырғанын ескерсек, байдан алған қарызын қайтару үшін сол байдан тағы қарыз сұрайтын әпенденің әрекеті еске түседі.

Ең қызығы – біз кезінде зейнетақы қорының қаражатын Халықтық ІРО-ға да жұмсаймыз деп те бастама көтердік. Сөйтіп халықты жаппай акционер қылғымыз келді. Бұл бастаманы Ұлттық банк төрағасы болған тұсында Қайрат Келімбетов көтерген. Бірақ бұдан акционер болып, арқаланып, байып кеткен қарапайым адам жоқ. 2020 жылы үкімет зейнетақы жинағының шарапатын ел көрсін деп, қордағы қаражаттың бір бөлігін баспана алу мақсатында халықтың қолына да беріп көрді. Бұл бастаманың ғұмыры да ұзаққа бармады: қазір зейнетақы жинағын алу шегі адамның түсіне кірмейтін сомалармен белгіленіп, жұрт өзінің зейнетақы қорындағы жинағын көріп, шок алды демесек, жырғадым деген адам көрмедік.

Ақпарат үшін айта кетейік, үкіметтің көз құртына айналған БЖЗҚ-да жеке зейнетақы шоттарының жалпы саны 10 миллионнан асқан. Жиналған соманы жоғарыда келтірдік. Демек, Смайыловқа уайымдайтын ештеңе жоқ. Алдында Сағынтаев, Маминдердің сара жолы сайрап жатыр...

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ