Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
03:21, 05 Қараша 2020

Екі әйел ойран ба, әлде...

None
None

Қоғамда болсын,  әлеуметтік желіде болсын, екінші әйел алу, яғни тоқал – қызу талқыға түсетін мәселелердің бірі.

Көбісі мұны құптаса, кейбірі қарсы болып, оның артықтығын айтып жатады. Құптайтындардың сөзіне мән берсек,  «бұл, біріншіден, демографияны көтерсе; екіншіден, оң жақта отырып қалған қыздардың қатарын азайтуға себепші болады» екен. Екі әйел алу керек деп айту оңай болғанымен, жарасып бірге өмір сүріп кете ала ма?

  Қазіргі таңда оң жақта отырып қалған қыздарды тоқалдыққа алып, ел демографиясын көтеру керек деген сөздер де жиі айтылатыны рас. Шындығында, оқу оқып, мансап қуып, өз жағдайын жасап, талғампаз болып қалған қыздардың көбі екінші әйел болуға көне қоймасы анық. Арасында тоқал болуға келісетіндер де бар. Екіншіден, ер адамдардың көбі жас қыздарды аңсайтыны өтірік емес. Көп әйел алуға шариғатта рұқсат етілген деген сылтауды желеу етіп, некеге де салғырт қарайтын жағдайға жеттік. Негізінде, екінші әйел алу бұрындары әйелі дүниеге бала әкелуге денсаулығы жарамайтын бедеу болған жағдайда, оң жақта отырып қалған қыздардың көбеюі, күйеуінен айырылған жесір әйелге пана болу мақсатында үйленген. Ал қазір осылай болып жатыр ма? Дұрыс-ақ, перзентті кім қаламасын, бірақ сол үшін бірінші әйелін жылатып тастап кетіп, үстінен басқа әйел алу опасыздық қой.  Бұл жағдайда бірінші әйелі өзімшілдікке салынбай, күйеуіне перзент сүйе алатын екінші әйел алуына келісім берсе, мүмкін, түсініспеушілік орнамас та еді.

Бұл жөнінде психолог Асылым Әйкенова:

— Негізінде тұрмыстағы болсын, тұрмыс құрмаған болсын барлық әйелдің қорқынышы да, басты проблемасы да – тоқал. Тоқал аламын деп әзіл болсын, шын болсын кеуде соғып жүрген ер азаматтарымыз бұл жауапкершілікті мойнына ала алады ма? Маған келетін көптеген әйелдердің де басты проблемасы да – күйеуінің тоқал алғысы келетіні. Осының себебі неде деген сұраққа келсек,  күйеуіңізге өзіңізді энергия көзі деп санаңыз. Яғни, өзіңіздің бар жылуыңызды, жылы сөзіңізді, әдемі күлкіңізді сыйламасаңыз, ол оны сырттан іздей бастайды. Сондықтан ер адамыңыздың қуатын тауыспауға тырсыңыз. Әрдайым әдемі сөздермен керемет жан екенін еске түсіріп отырсаңыз, тоқал аламын деп айтпақ түгілі, есіне алмас еді, – дейді.

Тағы бір жағынан қарайтын болсақ, бала-шағасы, жақсы көретін жары бола тұра, ер-азаматтың өзге әйелді аңсауы да ғажап емес. Бұл – ер-азаматтың жыныстық қатынасқа құмарлығының артықтығынан болуы. Яғни өз жарына тояттанбай, сырт жақтан көңілдес тауып, күнәға батып жатады. Осының салдарынан некесіз туып, далада қалған тірі жетім сәбилер, түсік жасату, ойнастық, арсыздық көбейеді. Сонымен қатар кәрі қыздарымыз қорған болар ер-азамат табылмаған соң, «өзім үшін туып аламын» деген жағдайлар да көбейді. Бұның салдарынан өз тегін, өз әкесін білмейтін бала өспей ме? Кейін осылардың кесірінен отбасына ие бола алатын ер-азамат қалыптасады деу қиын.

  Осындай жағдайлардан кейін көп  әйел алудың жақсы да жағы бар екен деген ойға қаламыз.  Мүмкін, бұл заңды некедегі әйелі бола тұра, жасырын ойнастардың  азаюына, тегін білмейтін балалардың көбеймеуіне тосқауыл болар деп ойлаймыз. Бірақ бәрі тек бірінші әйелдің келісімімен, рұқсатымен ғана жасалуы тиіс. Кейбір ер адамдар әйелінен именіп, жасырын екінші әйел алуға да бел буып жатады. Шындықтың түбі ашылатынын білмегендіктен, түбі бірінші әйелінен де, бала-шағасынан да айырылып, опық жеп жататындары да аз емес. Әрі дініміз де жасырын некені құптамайды.

Көп әйел алу керек екен деп, бостан-босқа үйлене беру де дұрыс емес. Алдымен әйелдерімнің жағдайын тең жасай аламын ба, бала-шағамның бүкіл қалауын орындай аламын ба, барлығына бірдей көңіл аудара аламын ба деген сауалдарға жауап бере алатын азаматқа неге үйленбеске?! Отбасын құрып алып, соңы екі әйелдің ойранымен бітпесе болғаны.

Тегтер: