Екі басшы бір ауылды көтере ме?
Онсыз да, қара шаңырақты ажарынан айырып, берекесін қашырған ауыл шаруашылық және Ұлттық экономика министрлігі жақында ауылға тағы бір «рәуішті реформа» енгізу жөнінде ұсыныс жариялады.
Нақты айтқанда, ескі жүйедегі «ауылдық кеңесті қайтару қажет» деген үндеу тастады. Онсыз да шығыннан бас көтертпейтін бастамалары аздай, соңғы жаңалық «жығылғанға жұдырық» болмай ма? Облыстағы 12 ауылдық округтің әкімі қызметтен кетті. Аймақтағы ауыл шаруашылық саласында басшылық қызмет істеген, бірнеше аудандарда әкім болған, қоғам қайраткері, бүгінде облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Ниқанбай Омарханов бізге «бұл дабыл қағатын қауіпті өзгеріс» деген алаңдаушылығын жеткізді.
Оның ойынша, ауылдық кеңесті өкілеттігі бар ресми ұйым ретінде тағайындалса, ауыл әкімінің басынан «әңгір таяқ» кетпейді. Бәсекелес билік жергілікті атқарушы билік өкілінің аяғынан шалып, жұмысын зая кетіреді. Аядай округтегі екі билік бюджеттен бөлінген 30-40 млн теңгеге таласып, соңы жанжалға ұласуы, бек мүмкін. Мұндайда, оларға басу айтатын адам ауылда қалмады.
– Ауыл әкімдері ауылда көшедегі «айғайшылар» мен жауапсыз, жалған блогерлер қаптап кетті деп налып отыр. Онсыз да бақыр тиыннан құралған ауыл бюджетін қалай жеткізсем деп, «шақшадай басы шарадай» болып жүрген ауыл әкімдерінен өткен байғұс жоқ шығар. Жағдайлары расында аянышты. Ел ішінде қоқан-лоққы көрсететіндер аздай, енді ауылдық кеңес қайта жасақталса, әкімдердің бірі қалмайды. Былтыр жаңадан сайланған облыстағы 12 ауыл әкімі өз өтініштерімен жұмыстан кетіп қалды. Міндеті атан түйедей ауыр, сөйте тұра, теңіздің тамшысындай ғана бюджетке иелік ететін ауыл әкімдерінің жалақысы былтыр жартылай кесіліп тасталды. Кеңседегі қызметкерлердің тең жартысы қысқартуға кетті. Мұны елдің бәрі біле бермейді, – дейді Ниқан Омарханов.
Түптеп келгенде, біздегі ауыл әкімдері қолбалаға айналған. Тұрғындардың алдында сый-құрметтен кенде қалған. Парламент депутаттары лауазым иелерінің абыройын көтеріп, олардың өкілеттілігі мен өктемдігін заң жүзінде бекемдемесе, ел қамын жеудің қайыры қанша?
– Ауылдық округтің әкімі болу азап па, дерсің? Төменгі атқарушы билік өкіліне ең ақыры, қоғам мүшелері, ақсақалдар бастық. Олардың сөзін учаскелік инспектор да жүре тыңдап, оңтайлы сәтте түрлі шараларды сылтауратып ескерту жасап, айыппұл салады. Әлеуметтік осал топтағыларға көмек көрсетуге, мерекелік шаралар өткізуге бюджеттен қаржы бөлінбейді. Солай бола тұра, осы міндеттерді орындауға жоғарыдан бұйрық келеді. Оны орындау үшін ауыл әкімдер шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлерге кіріптар болып, алақан жайып, ақша сұрайды. Тіпті ауыл әкімдігінің меншігінде қар күреп, қоқыс шығаратын техника да жоқ. Жер-жекеменшікте. Десек те, жайылым жердің дауына ауыл басшысы мәмілегерлік жүргізуі керек. Әкім тағы да бизнес өкілдеріне бас иіп, сұраншақтыққа салынады. Сонда аудандық жер бөлімі мен ауыл шаруашылық бөлімінің қажеті қанша, ақпарат беру үшін отыр ма? Қысқасы, ауыл әкімінің құзыретін кеңейту керек! Ол үшін ауылдың мектеп директорын, дәрігер, клуб меңгерушісі, мал дәрігерін, электригін ауыл әкіміне бағынышты етіп, жалақыларын ауылдан төлейтіндей етіп жасаған жөн. Сонда ғана, ауыл әкімінен жұмыс сұрауға болады, – деген пікір қосты қарағандылық Мағфуз Асқар.
«Ауылдық кеңесті ауыл әкімі басқару керек» Еститін мемлекеттің министрліктері бұқараның ұсыныс-пікірін ескеруге құлықсыз. Бұл демократияның нышанына жатпайтынын білеміз. Алайда, кейбір жоғары басқарушы ведомстволарда дегенін орындату үшін тізеге басу менталитеті басым. Дегенмен, түптің түбінде көптің сөзі құпталады.
– Бұрын ауылдық кеңес барлық салаға билік жүргізді. Ең аяғы қоқыс шығару, көшет отырғызу шараларын жүйелі жүргізуге нұсқау берді. Осы міндетті ауыл әкімі өзі-ақ атқаруына болады. Оның негізгі лауазымына «ауылдық кеңестің төрағасы» деген статусты қоса беру керек. Дауыс беру жолымен сайланған 5-6 депутатпен осы істі әкім де жүргізе алады.
Екіншіден, аудандық мәслихатқа осыншама депутат сайлап, сол ауылдың проблемасын аудандық деңгейде неге шешпеске? Бүгінде ауыл әкімінің сөзі мәдениет пен әлеуметтік сала мамандарына ғана өтеді. Жағдай осы бетте түзелмесе, айтқаным айтқан, ауыл құрдымға кетеді. Ауыл құрыса, Қазақстанның экономикасы құлайды, азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келеді. Оның арты елді ашаршылыққа ұрындырады, – деген қынжылысын айтты, қоғам қайраткері Ниқан Омарханұлы.
Шынымен ауылдық кеңес керек пе? Кейбір бейтарап сарапшылар аталған кеңес ауыл әкімдерінің «өзім білемдікке салынып» шығарған оғаш шешімдеріне тоқтау салады және көне кеңес «кіші» әкімдерді түрлі сипаттағы сыбайлас жемқорлыққа бару тәуекелінен құтқарады деген пікірде. Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?