Екі түйе сүйкенді. Қазақстан қайтпек?
Қазақстан екі оттың ортасында қалды. Бірі – жаһанды айдап өргізіп, иіріп, жусатып отырған АҚШ болса, екіншісі – өзге әлемді қайдам, алайда кешегі КСРО-ның шекпенінен шыққан ТМД жұртын қақпақыл қылып ойнап отырған Ресей.
Жаңбыр жаңбырдың арасынан құрғақ шығу, яғни өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, екі алпауыттың кәрінен аман қалу...
Ресей Украинаға басқыншылық соғыс жасап, басып кіргелі бері, АҚШ бастап, Еуропа қостап, санкция жариялады, құрсауға алды. Ал құрсауды айналып өтіп, Мәскеуге көмектескісі келетіндер де жазадан құр қалмайтынын Батыс ескертті. Санкция діңкелеткен, әрі соғыстан титықтаған Ресей тал қармауға көшті. Діні бір, тегі бір «совхоз директоры» басқарған Беларусьтан пайда жоқ. Өйткені Ресейге одақтас болам деп жарамсақтанған Лукашенко да, мемлекеті де Батыстың санкциясына іліккен. Ал жеті жарым мың ортақ шекарасы бар һәм көп тармақты саясат ұстанып отырған, әрі Ресейге «ілтипаты» ерекше Қазақстанның жөні бөлек. Содан ба санкцияның құрсауында қалған Ресей компаниялары күнкөрістің күйін күйттеп, қысқа уақытта дүрк көтеріліп, Қазақстанға көшіп келіп, тірлігін жалғастыра бастады. Әрине, мұның артында Мәскеудің жымысқы саясаты жатыр деуге болады.
Әлгі компаниялар арқылы әскери техникаға қажет аса қат құралдарды санкцияны айналып, Қазақстан арқылы ала бастаған. Бұл АҚШ пен Еуропаның назарынан тыс қалмағанға ұқсайды. Жыл басында Астанаға арнайы ат басын тіреген АҚШ Мемхатшысы Энтони Блинкен: «Әй, қазақ баласы, жұрттың көзін ала бере Ресейге көмектескенді қой. Бүйрегің бұрып тұрса, не сол елмен бірге бол, не өркениеттің ошағы болып отырған Батысқа бетіңді бұр! Ендігәрі, көпвекторлы ұстанымның мәнісі бола қоймас. Не Ресей, не Батыс. Бірін таңда. Әгәрәки, таңдауың Мәскеуге түссе, жақсылық күтпе!» деген рәуіште қатаң ескерту жасады. Бірақ ресми Астана АҚШ Мемхатшысының сөзін жүре тыңдады ма, әлде Кремльдің сұсты қабағынан қаймықты ма, астарлы «ойын» өрнегін баяғыша өрбіте берген. Алайда көпке созылмады.
Өткен аптада екпіні өрт сөндірердей болып жеткен АҚШ, Еуроодақ, Ұлыбританияның өкілдері әңгімені қысқа қайырды. Олардың айтуынша, Ресейге бармауы тиіс тауарлар, үшінші елдер арқылы барып жатқан көрінеді. Бұл елдердің қатарына Қазақстан да кіреді-міс. Санкцияға енгізілген тауарларды Қазақстан көп мөлшерде сатып алып, артынша Ресейге экспорттап отырыпты. Былтырғы ресми дерекке қарасақ, Қазақстанмен Еуроодақ арасындағы сауда-саттық 2 млрд долларға артып, 8 млрд $ болыпты. Қазақстанның Ресейге экспорты 25 пайызға ұлғайыпты. Осы тұста сезік тудыратын мәселе жетерлік. Өйткені Қазақстанның Еуроодақпен де, Ресеймен де саудасы күрт артуының артында үлкен бір гәп жатуы да мүмкін. Айтпақшы, Наурыз айында шетелдік Bloomber-дің былтыр Қазақстаннан Ресейге әскери техникаларға аса қажетті микрошиптермен жартылай өткізгіштер экспорты 300 еседен асқанын жария етуі де тегін емес. Батысты – түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырған осы мәселе екен.
АҚШ Қаржы министрінің қаржылық қылмыстарға қарсы күрес жөніндегі көмекшісі Элизабет Розенберг: «Ресейге қарсы қойылған шектеулерді айналып өтіп, көмек беріп жатқан қазақстандық компаниялар мен банктерге қайталама санкциялар салынуы мүмкін» дегенді бекер айтқан жоқ. Демек Батыста Қазақстанға санкция салу мәселесі көтеріле бастағанға ұқсайды. Бұл жақсылықтың нышаны емес.
Осы жерде Ресей Украинаға соғыс ашқан кезден бастап, Қазақстанмен екі арада экономикалық қарым-қатынасы қалай өрбіді дегенге тоқтала кетейік. Мәселен, 2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Ресейдің қатысуымен тіркелген заңды тұлғалар мен Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорындарының саны өткен жылғы көрсеткіштен 41,7%-ға асып, 23 179 компанияны құраған. Бұдан тыс, соғыс басталғалы тағы да сол Ресеймен Беларусьтің 5 мың жүк таситын көлігі тіркеліп, қазақстандық квотаның арқасында санкцияны айналып өтіп, Еуропадан жүк тасуды іске асырған. Мұның бәрін Батыс барлап, жіпке тізіп отырса керек. Енді келіп, соны Қазақстанның бетіне салық ретінде басып отыр. Онсыз да «шикізат отаны» деген атауға ие болып, тек мұнай мен газға ғана арқа сүйеп отырған Қазақстанға санкция енгізілсе, ел экономикасы төтеп бере ала ма? «Қара алтын» мен «көгілдір отын» саласы құрсауда қалса, нағыз күйзеліс сонда басталатыны айтпаса да түсінікті. Өйткені ел бюджетінің 80 пайызы осы мұнай мен газды сатудан түсіп отыр. Енді, Қазақстанға қазіргі геосаясатты таразыға тарта отырып, бір жаққа шығу ғана қалды. Олай болмағанда, «екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледінің» кебін кигелі тұр.
Тағы да мысалға жүгінетін болсақ, былтыр Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналым 26,1 млрд долларға жетіпті. Қазақстанның Ресейге экспорты 25 пайызға (8,8 млрд $) өскен. Ресейдікі 1,5 пайызға (17,3 млрд $) төмендеген. Ал Қазақстан мен Еуроодақ (ЕО) арасындағы тауар айналым 2022 жылы 2021 жылға қарағанда 26,6 пайызға өсіп, 40 млрд долларға жеткен. Жалпы ЕО-ның Қазақстанға салған инвестициясы 160 млрд доллар. Ал Ресейдің соңғы 17 жылда Қазақстанға құйған инвестициясы небәрі 19 млрд доллар ғана. Сонда кім тиімді? Еуроодақ па, Ресей ме? Осы тұрғыдан келгенде Астана кімнің сойылын соғарын мықтап безбенге салуға тиіс. Әрине, Қазақстан экономикасы негізінен Ресейге тәуелді (Еуразиялық экономикалық одақтың құрамындамыз) болғандықтан, Мәскеумен бет жыртысу бізге қиынға соғары хақ. Амалсыз, екі үстелге бірден отырып, «сен жақсысың және сен де жақсысың» деген екіұшты саяси ойынды жалғастыра беруге тура келетіндей. Айтпақшы, Элизабет Розенберг бастаған Батыс өкілдерінің ескертуінен кейін, Қазақстан ресейліктер мен беларусьтарға қаржы операциясын шектейтінін мәлім етті. Елімізде осы екі елдің 162 мың азаматының есепшоты бар көрінеді. Әрине, қаржылық шектеу – талаптың бір қыры ғана. Ең бастысы, Батыс Қазақстаннан азаматтық және әскери мақсатта қолданылатын екі жақты мүмкіндікке ие құралдарды Ресейге бермеуді, өз жерінен тасымалдамауды, экспорттық бақылауды күшейтуді қатаң ескертті. Әйтпесе, Ресейге салынған қылбұрау Қазақстанның да мойнына ілінбек.
Әңгімеге тұздық
Қайырбек Арыстанбеков, Экономикалық саясат институтының директоры:
Ресейдің айтағы, Батыстың қылбұрауы...
Ресей Украинадан Қырымды тартып алған 2014 жылдан бастап есептесек АҚШ пен Еуропа елдері Мәскеуге қарсы 10 санкциялар пакетін қабылдаған екен. Бұл өте қуатты, зардабы күшті санкциялық қадамдар. Ресейдің қаржы, экономика саласы жеке және заңды тұлғалары бәрі осы санкцияның шеңгеліне ілікті. Алдағы мамыр айының соңында Ресейге қарсы 11 санкция пакеті қабылданбақ көрінеді. Егер ол жүзеге асса Ресейдің жағдайы тіпті қиындап кетпек. Осы жерде анықтап айта кететін бір жайт, бұл 11 санкциялық пакет тек Ресейге ғана арналмаған. Бұл осыдан бұрын қабылданған санкцияларды айналып өтіп, Мәскеуге көмектесіп келген мемлекеттерге және де нақты заңды тұлғаларға, компания, банктерге арналған. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей масқара болғанда бұл тізімге Қазақстан да кіріп кеткен сықылды. Содан болар өткен аптада Қазақстанға ат басын тіреген Батыс елдерінің өкілдері ресми Астанаға «егерде мамырдың соңына дейін Ресейге көмектескендеріңді тоқтатпасаңдар, бізге өкпелемеңдер» деген кейіпте ескерту жасады. Бұдан біз жедел түрде қорытынды жасауға тиіспіз. Әйтпесе, жағдай белгілі...
Тағы бір мәселе, Ресей мен Украина қақтығысынан бұрын Қазақстан импортының 40 пайызы Ресейге тиесілі еді. Сондықтан біздің валютаның бағамы да Ресейге тәуелді болды. Рубль құласа, теңге теңселеді дегендей… 2014-15 жылдары Ресейдің кесірінен валютамыздың бағамын ұстап тұрамыз деп Ұлттық қордағы 27 миллиард доллардан айырылып қалдық. Мұны ұмытпауымыз керек. Сондықтан Қазақстан Батыстың ескертуінен қорытынды шығаруы тиіс. Олай болмаған жағдайда Батыстың санкциясы Қазақстанды айналып өтеді деу бос сөз. Нағыз қаржылық һәм экономикалық апат сонда болмақ. Егер, мемлекеттің, ұлттың мүддесін көздесек, қауіпсіздігімізді ойласақ, біз Ресейдің айтағына ілесіп, Батыстың қылбұрауын мойнымызға ілмеуіміз керек.