Екі жарым жылдан бері әділдік таппай жүр

Шыны керек, қазір елімізде мемлекет атынан Қазақстанның аумағында заңдылықтың сақталуын қадағалауға міндетті прокуратураның жұмысына да, қара қылды қақ жарып, әділ үкім шығаруы тиіс соттың шешімдеріне де көңілі толмайтын адамдар жиі кездеседі.
Тіпті жылдап әділдік іздеп жүрген азаматтар бар. Осындай жағдаймен бетпе-бет келген Орынбай Сейдағаламовтың да әділдік іздеп жүргеніне екі жарым жылдай уақыт өткен. Бірнеше жыл бойы егін шаруашылығымен айналысып келген ол «Ен-Дала» ЖШС-нің (жауапкершілігі шектеулі серіктестігі) 251,7 гектар егін алқабын улап тастағанына наразы. Өйткені бұл «Айзере» шаруа қожалығының басшысы Орынбай Сейдағаламовтың айтуынша, оған 34 млн 999 008 теңгеге шығын келтіріпті.
«Ен-Дала» ЖШС 2019 жылы Ақмола облысының төңірегіндегі өзіне тиесілі егін алқабын гербицидтермен химиялық өңдеу кезінде сонымен шектесіп жатқан Орынбай Сейдағаламовтың №45 егістік жерін улап жіберген екен. Бұл елордадан 80 шақырымдық қашықтықта жатқан жер. Шағымданушы барлығы – 479 гектар жерге 2001 жылдан бері тұрақты түрде егін егіп келген. 2017 жылға дейін әр гектардан 10 центнерден көп астық алып отырған. Бұл жақсы көрсеткіш саналады екен. Содан тапқан-таянғанымен отбасын асырап келіпті. «Алайда 2017 жылы ЭКСПО халықаралық көрмесінің өткізілуіне байланысты бұлтты қуып, жаңбыр болдырмады. Сол кезде өзім де, жалпы Целиноград ауданы – 1,5-2 центнерден ғана астық алдық. Сосын шығынға ұрындық», – дейді ол.
Дегенмен, соның орнын толтыру үшін келер жылы көмекшісі Закария екеуі жоғары сұрыпты өнім беретін элиталық «Қарағанды-22» тұқымын сатып алып, барлық нормасына сәйкес тиісті мерзімде егістік шаруасына кірісіп кеткен. Мұның да өз қыр-сыры бар, соның бәрін қадағалап отыру да өз алдына бөлек жұмыс. 2018 жылғы «Қарағанды-22» тұқымынан алынған «Қарағанды-22»: репродукция-1 тұқымын 2019 жылы 420 гектар жерге қайта еккен.
– Егін егу жұмысын 15 мамырда бастап 22 мамырда аяқтадық. Техника дайын болса, 15 күндік шаруа ғой. Алғашқы күндерде тұқым жақсы шығып келе жатқанын өз көзімізбен көріп қайттық. Бірақ 25-26 маусым күндері барсақ, өсіп келе жатқан бидайымыз құлап жатыр. Айналасындағы шөп те уланған. 50 мың гектар жерге иелік ететін «Ен-Дала» ЖШС өзінің алқабындағы арамшөпті улап жүргенде, менің егінімді әдейі улады деп ойлаймын. Өйткені арамшөпті егін егетін уақытқа 3-7 күн қалғанда ғана улау керек. Одан кейін улауға хақысы жоқ. Ал біздің жағдайда, «Ен-Дала» ЖШС егін өсіп тұрған кезде улап тұр. Олар егін алқабын маусымның 7-інен 10-ына дейін, содан кейін 11-12 күндері улағанын айтты. Демек, заң бұзылып тұр, – дейді Орынбай Сейдағаламов.
Бар мәселе осыдан басталған. Орынбай Сейдағаламов жанайқайын жеткізу үшін Целиноград ауданы әкіміне өтініш жазып, Президенттің де, премьер-министрдің де, ауыл шаруашылық министрлігінің де атына хат жолдаған. Аудандық тексеру комиссиясы актісінде, шынымен – 251,7 гектар алқаптың 100 пайызы уланғанын көрсетіпті, бірақ кейін министрліктің тапсырмасымен құрылған облыстық комиссия оның аумағын неліктен 50 пайызға кемітіп тастағаны түсініксіздеу. Шағымданушы «Ен-Дала» ЖШС-ін сотқа бергенімен, сот керісінше оның өзіне 50 мың теңге айыппұл төлеткізіп қойыпты.
Бір қызығы, облыстық комиссияның тексеруі кезінде «Ен-Дала» ЖШС-нің адамдары төбе көрсетпеген. Ол аздай, сот процесі кезінде де компания өкілдері шақырылмағаны белгілі болыпты. Соның бәріне қарамастан, сот шешімі уланған аумақтың 50 пайызының өзін жоққа шығарып тұр. Сонда зертханада қаралып, комиссия дәлелдеп берсе де, сот неге сүйеніп «ешқандай жер уланбаған» деп отыр?!