Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:08, 31 Мамыр 2022

Екінші республика идеологиясы – Мемлекеттік рәмізді қорлау ма?

None
None

          Бірнеше жыл болып барады, қазақтың маңдайына біткен бұлбұл құсы, Қазақстанның халық әртісі Бибігүл Төлегеновадан сұхбат алудың сәті түсті.

Ол кезде телеарнада жұмыс жасап жүргенбіз. Алдын ала телефон соғып, келісіп алдық. Уәделі уақытта түсірілім тобымен бірге барып, апамыздың есігін қағамыз. Арғы жақтан әншінің қызы шығып қарсы алды. Бірден қонақ бөлмеге бастасын.

– Сіздер дайындала беріңіздер. Мамам киініп алсын, – деп шығып кетті. Біз жарық қойып, техникаларымызды реттеп, дайындалдық. Он минут өтті ме, өтпеді ме, Бибігүл апамыз күндей жарқырап, күлімсіреп кіріп келе жатыр. Сахнаға шығатындай, әдемі көйлегін киіп, шашын реттеп, опа-далабын жағып алыпты. Аман сәлемнен кейін:

–  Апа, біз бес минуттық қана түсірілім жасаймыз. Соншалық дайындалуыңыздың қажеті жоқ еді. Сізді әурелеп қойған жоқпыз ба? – деп, ыңғайсызданып жатырмыз. Сондағы әншінің айтқан сөзі әлі күнге дейін құлақ түбімде. «Айналайын, құлындарым-ай! Мен қазақтың Бибігүлімін ғой! Сендер оттың басы, ошақтың қасындағы қара кемпірден емес, Қазақстанның халық әртісінен сұхбат алуға келіп тұрсыңдар. Бес минуттық сұхбат болса да, мен сендерге сахнада көрген, қазақтың Бибігүлі деп білетін Төлегенова болып қалуым керек. Үйдегі Бибігүлді бала-шағам ғана көрсін. Сендерге гриммсіз көріне алмаймын. Бұл мәдениет! Сахнаның мәдениеті, өнердің мәдениеті, телеарнаның мәдениеті» – деген еді.

        Сол мәдениет, сахнаға деген құрмет Бибігүл Төлегеновалармен бірге келмеске кететін сияқты. Қазіргі жас өнерпаздар сахна мәдениеті, өнер мәдениеті дегенді түсіне ме? Әй, қайдам?!.

         Өткен аптада «Ирина Қайратовна» деген топтың өнерпаздары Алматыдағы концерттерінде көк туды қорлап, көпшіліктің ашуына тиді. Сахнаға жартылай жалаңаш шығып, ауыздарына келгендерін оттады. Халықтың алдында, киелі сахнада тұрғандарын ұмытып, адам аузы бармайтын, ақылы кеміс азғынның сөзін сөйледі. Тіпті, олардың айтқанын мұнда жазудың өзі ұят. Оны қойшы, мемлекеттің рәмізі көк туды сахнаға алып шығып, қолжаулық сияқты қорлады. Бұл абайсыздан жасалған қателік емес, бұл қылмыс! Қылмыстың өтеуі жаза екенін құзырлы орган қызметкерлері сіз бен бізден жақсы біледі. Сондықтан туды қорлаған әлгі топтың әншілері жазадан құтылып кетпеуі керек!  

            Кейін әлгі есіріктердің кешірім сұрап, жасаған видеоүндеуі пайда болыпты. Бірақ одан не пайда? Жасарын жасап алып, «айттым арылдым, жаздым жаңылдым» деу кімге керек? Соңғы жылдары сондай үрдіс етек алып барады. Кешірім сұрап құтыла салу оңай шығар. Алайда оның зардабын кім ескеріп жатыр? Концертке келген жастардың санасы әлгі азғындардың сөзінен уланбады дейсіз бе? Уланды. Тіпті, ондайды естіп көрмеген кейбір балалардың психологиясы бұзылмады дейсіз бе? Бұзылғанда қандай! Көк туды қорлай беруге болады екен деп ойламады дейсіз бе? Ойлайды ғой. Енді соған кім жауап береді?

       Ондай есіріктерді енді ешқашан сахнаға шыға алмастай, өнерден біржолата аластау керек. Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев мұндай сорақылықты елеусіз қалдыруға болмайтынын білуге тиіс! «Министрлік рұсат берген жоқ» деп, басын ала қашатын шаруа емес бұл. Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин пікір білдіріпті. Пікір білдірумен шішілетін шаруа болса, кәні. Екінші республика – Жаңа Қазақстанның идеологиясын жасап жүрген азаматтар мұның идеологиялық қате екенін ашық айтса дейсің ғой, шіркін! Бұл көшеде жүрген көшербайлардың күнделікті тентектігі емес. Бұл қылмыс: ұлтты қорлау, мемлекеттік рәмізді қорлау.   

         «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді». Қазекемнің айтпайтыны жоқ қой. Қай мақалы мен қай мәтелін қарасаңыз да, бүгінгі күннің күйіп тұрған тақырыптарына арнап әдейі шығарғандай. Сахнадан мәдениет кеткелі қашан?! Бірақ сахнаны сыйламау – мемлекеттік рәмізді қорлау емес. Мейлі, әнші бол, әртіс бол – заң жалпыға ортақ. Әнші екен деп, сахнада халқына еркеледі екен деп, оларды жазадан босату – Қазақстан конституциясының солқылдақтығын көрсетеді. Егер бұлар жазадан осылай сытылып кетсе, оны көрген жастар көк туды тулақ қыла беруге, халыққа анайы сөз айта беруге болады екен демей ме?! Егер бұларға жаза қолданылмаса, референдум жасағалы жатқан Конституциядан халықтың көңілі қалмайды дейсіз бе? Қалады ғой. Сол Ата заңға жасалатын өзгертулер мен толықтыруларға мемлекеттік рәміздерді құрметтеу және өнер адамдарының этикасы туралы бір бап қосылса, артық болмас еді. Сондықтан ел ішін алатайдай бүлдіріп жүрген тентектерді уақытында тезге салу керек!  

Тегтер: