Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:17, 17 Маусым 2022

Екінші республиканы қолдаймыз-ау, бірақ...

None
None

 Ел басына жаңа президент келді. Бірақ оның қолына алған мұрасы қандай еді. Дамыған, жайқалған ел ме?

Әлде… Осы өткен отыз жылда халық басынан не қиындық өтпеді, нені кешпеді дейсің. Сонау тоқсаныншы жылдары ғұмыр бойы саясаттан аулақ қалған халық, коммунизм идеясына сенген, малданған халық, социализм төңкерілсе оның орнына орнатар қоғамның қандай екенін білмеген тұста, абыржумен болды. Алда не күтіп тұрғанын түсіндірген ешкім болмаған. Сол тұста не бір академиктің, не социолог ғалымның суырылып шығып, пікір айтпауы, жалтақтаумен күн кешкен ғылым саласындағылардың шала сауаттылығының көрінісі. Қазақ елінің артта қалғандығы.

           1992 жылы дүниежүзі қазақтарының құрылтайы өтті. Жаныма бейтаныс жігіт келіп отырған. Түркиядан екен. Есімі Әбу Лақаб Қара. Біздер туралы білгісі келетіні көп-ақ екені көрініп тұр. Ақыры кезінде саяси лагерьде отырып шыққанымды естігенде, бетіме үңіле қарап

          – Сіздермен президент кездескен шығар, айтар ойларыңызды бөліскен боларсыздар, – деп қалды.

          – Жоқ. Ондай шара болған емес.

          Сөз аралатып барып Әбу Лақаб Қара тағы сұрады.

          – Мемлекет басындағының іс-әрекетіне қалай қарайсыз?

          – Мен сене алмаймын, – деп қалып ем

          – Неге? – деді тағы Әбу Лақаб Қара.

          – Тым жылтыр. Көп сөзді. Нақтылық шамалы. Ондай адам тұрақсыз болады.

           Бұл шыным еді. Сенгің келеді-ау, ел басқарған адамға. Үміт артқың келіп бағады. Приватизация деген желеумен ел байлығын тонау басталған. Ұзақ жылдар бойы қорыққанынан биліктің айтқанынан шықпауға үйренген халық, сенген аңқау ел алды әлі не боларын, жел қуған қаңбақтай қайда тұрақтарын білмеген шақ. Астарына кешегі совхоздың бір машинасы тиіп, папке қолтықтағанына, бір қыстаққа ие болғанына мәз. Еңбек адамдарына деп алыс-алыс қыстақтарға социализм заманы тартқан ток желілерін кім көрінген үзіп, алюминий сымдарын ұрлап әкетіп жатыр. Саясаттан қараңғы елді қараңғылық басты. Анау арғы-арғы ғасырлардағыдай жеке қыстақ түгілі ірі ауылдардың жұрты сығырайған жаяу шамға үңілді де қалды. Тек сымдарын неге алып жатырсыңдар, қайда жіберіп жібердіңдер деген аудан, облыс әкімі, не одан да жоғары билік жоқ. Адамзат ХХІ ғасырға ұмтылып жатқанда, ғылымның бар жетістігін пайдаланған тұста, билік қазақ елін ХІХ лақтырып тастай салды.

           Қалаға барған едім. Кешкі қою қараңғылық басқан тұс. Этажды үйлердің адамдары есік алдына от жағып, тамақ пісіріп жүр. Біреулер аһлап, – үһілейді.

          – Алғашқы қауымдық құрлыс па? – деп қалғам.

          – Нет. Бронзовый век, самовар появился, – деді әлде қазақ, әлде орыс келіншегі. Біреу қарқылдап күлді. Естір дауысымды естіп, ішім ызаға толып кете бердім.

          Жарқырап тұрған жарықтан айырылып, жеті қараңғы түнде кәресінге қолы жетпей, бықсыған соляркалы жаяу шаммен қалған, күндіз сынған тракторын дәнекерлеуге электр тогын таппаған қыстақ-қыстақтағы ел жекелеп алған малын сатып тауысып, боси бастаған. Жеке бай болғанға малданған да қазақ, үміті өшіп алданған да осы жұрт.

           Көре отырып үнсіз қала алмадық. Сонау «Егемен Қазақстан» газетіне жердің халықтың ортақ меншігі болып қала беруі керектігін жаздық. Әлі де таза құрып бітпеген ірі шаруашылық совхоздарды сақтау керектігін сөз еттік. «Әр заманның сұрқылтайы болады» дейді дана халқымыз. Белсенді деген табыла кетеді. Ұнамады біздің ұстанынымыз. Кезекті бір жиналыста облысты басқарған азамат «мына кісі осы айналаның оппозициясының басы көрінеді. Біздің қарқынды істерімізге қарсы пікір жазып жүр дейді. Қуу керек бұл жігітті. Қараңыздаршы, ана Ақшағыл совхозында монша жоқ еді, қазір сегіз монша жұмыс істеп тұр» деп шыға келді. Иә, әркім-біркім қый жағып жылытқан өзіндік жуынатын орын жасап алған екен. Өкініштісі, 300 үйі бар сол совхоздың орнында бүгінде үш-ақ үй қалған. Сөгілген елмен бірге халқымыздың қалыптасқан рухани әлемінің жұтқа ұшырағаны аза бойды қаза етеді.

           Әлемдегі социализм төңкеріліп жатқандай еді. Көршіміз Қытай ебін тапқан сияқты. Кешегі қаласының көшелері рикшиға толы қайыршы ел бүгінде әлемдегі ең ірі елдің біріне айналып шыға келген.

          Адам жаңадан үстіне ілген костюмнің де артық-кем жерін түзеп, ең болмаса түймесін байқаушы еді. Ал, біздегі әсіре жаңашыл билік басына келгендер баланы жуындыратын легенмен бірге күресінге лақтырып тастап мәз болды. Социализмнің үлкен легенінде жетім бала қамсыз өсетін. Қазір, бүгінгі күнде жетім бала түгілі жесір қатынның көрген күнін, қорлығын айтып тауыса алмайсың.

          Менің досым, аудан әкімі К.Медиев Жезқазғанда елбасы шақырған жиналысқа барып түңіліп қайтты. Кәдімгі райкомның кезекті пленумындағыдай мәжіліс. Алда не тұр? Не істеу керек? Бір ауыз сөз жоқ дейді. Есесіне облыс әкімі бәрін шақырып алып, «бәрің байыңдар. Алыңдар бәрін өздеріңе» деді. Көрші Ақтоғай ауданының әкімі «біз бәрін алғанда халық не болады» деген екен. «Халықта нең бар? Өз күнін өзі көрсін» деп ұрса жөнелген екен облысты басқарған әкім.

          Сөйтіп, сол тұста-ақ ат төбеліндей адамның есепсіз, еш жауапкершіліксіз баюуына, қалың қара халықтың жаппай жоқшылыққа ұшырауына жол ашылды. Тонаумен келген байлықтың алдамшы екеніне, рухани байлықтың баянды екеніне ешкімнің көз жүгірткісі келмеді. Солтүстіктегі көршіміз не істесе, соны көшіруден жалықпадық.

          Кедейшіліктің шыңына жеткен халықты алдаудың тағы бір жолы табылды. Банк атаулы сұрағанға «нең бар? Немен жабасың» деп тізбелемей кредит атаулыны үлестіре жөнелді. Шарасыз ел баяғының Атымтай жомартына тап болғандай қуанған. Соңынан кредит алғандар бір қайыршылықтан қысымы қатты, екінші қайыршылыққа тап болды. Сөйтіп, мемлекет ішінде кредиттік-крепостнойлық система орнап шыға келді. Тарихтағы крепостнойлықты білуші едік. Ондағы крепостной мұжық помещигінен көз көрмесе алысқа қашып құтыла алатын. Біздегі жағдай өзгеше. Қайда қашсаң да табыласың. Кредитіңді төлеу үшін 50-60 мың теңгеге еріксіз жұмыс істейсің. Әйтпесе, бала-шағаң ашығады. Мемлекеттік мекемеде жұмыс істейтін кредит алғандар үнсіз. Наразылығын айтса, жұмыстан қуылады. Отбасы қатерлі қиындыққа ұшырайды. Кредитке ұрынбаған бұл мемлекетте ешкім жоқ. Кредиттің қатері бәрін үнсіз бағындырған. Іште нала, сыртта бас изеу.

         

          Американың кешегі бір тұстағы басты идеологы саналған Киссинжердің «біз социализмді бекер құлаттық. Ол адамды адам ретінде тәрбиелейтін бірден-бір қоғам еді» деп өкінгенін де айта кетпей болмас. Кешегі социализм тұсында әр адамның бойында барға қанағат принципі қалыптасты, ешкім баюды мұрат тұтпады. Әр адам өзімен қатарласты жолдас, бауыр тұтты. Бәрінен де адамгершілік деген ұғым алда тұрды. Әрине, бұл капитализмнің қайтсең байы, ұрла, тона, сен ғана басқадан озықсың деген ұғымына қарама-қайшы. Киссинжерді өкіндірген де осы шығар.

           

          Қымбатшылықты ұстайтын құрық жоқ. Өткен ғасырдың сексенінші жылдардың соңында «Алматы» мейманханасында жатқанбыз. Күніне төлейтініміз 2 сом. Жалақы 100 сом. Осы ақшаға 50 күн түнеуге болады екен. Осыдан 5 жыл бұрын сол қонақ үйінің сол бөлмесіне тап болдық. Күндік құны 10 мың теңге. Ендігі жалақы 100 мың тенге. Бұл қаржыға 10-ақ күн түнеп шыға алады екенбіз. Салыстырып көріңіз. Бұл жай ғана бір ғана мысал.

          Халықтың осыншама қиындыққа ұшырауы азамматтардың жеке басын шексіз күйзеліске ұшырауына әкеліп соқты. Суицид деген өршіп кетті. Осы пәледен әлемде үшінші орын алып отырғанымыз қасіретті шындық. Отбасы бірлігі бұзылды. Шексіз ажырасудың шыңына шықтық. Жалғыз қалған аналардың көрген қорлығының көрінісі біреудің жыртық лашығында тұрып, отқа оранып жатқаны. Әбден күйзелген, барар жер, басар тау қалмаған сорлы әйелдің балаларын пәленбай этаждан лақтырып, өзінің де қаза болуы. Ана жақта миллиардтап тыққан жемқорлар, мұнда отқа күйген, этаждан лақтырылған балалар. Міне, біздің елдегі өмірдің шындығы.

          Алла тағала әлемнің бар байлығын бере салған ел емеспіз бе? Мұнайдан басқа дымы жоқ Норвегия шалқып өмір сүріп жатыр. Норвегиядағы мұнай қоры 6,6 млрд барелль екен. Біздегі мұнай қоры 3008 млрд барелль. Норвегияның ұлттық қорға жинаған қаржысы 1,1 трлн доллар болса, Қазақстан үкіметінің қорға жинағаны 68 млрд доллар ғана. Ішің ашитындай айырмашылық. Норвегияның экономикасы үшін әлемнің әр елінде 9000 компания жұмыс істейтінін жабыла жазуда. Ол елдің табиғаты көне заманғы қалпында, зауыттар сала беруге рұқсат жоқ. Ал біз 30 жылда жылына пәленше зауыт салып, елбасы лентасын қиды. Солардың жұмыс істеп тұрған біреуін емге таба алмайсың. Есесіне, табиғат байлығын кім көрінгенге беріп жатырмыз. Ана жерде көмір, мына жерде темір, анда алтын, мында вольфрам. Қазақтың ен даласын, келер ұрпаққа қажет ту даласын қопарып жатыр. Бірер күндік пайда, тиын-тебен үшін астан-кестең қылуда. Осыдан-ақ біздің түзелмеске бет алғанымызды көруге болар.

           

         

Құндылық атаулы өзгерген. Сана тұманды. Хат таниды, бірақ ештеңе оқымайды. Көз алдыма жалпылдап шауып келе жатқан біреу елестейді. Тойға ма, жауға ма? Бұл не шабыс? Жығылмаса игі еді. Көңілге ұялаған күдіктен арыла алмадық.

          Рухани жаңғыру. Керек-ақ шығар. Ұрандаудан аспаған шаруа. Плакат атаулы жеткілікті, көз сүрінеді. Аудан әкімінің орынбасарына жолыққан едік, жоспар барын айтып күбіжіктеді. «Едіге» деген тарихи роман бір рет шығып еді, телефонның астында қалдық. Елге жетпей жатыр. Алла сәтін салып, екінші рет бастырдық. Енді қазақша шала білетіндер телефон соғып, әлек-шәлегімізді шығарған. Өйтіп-бүйтіп орысшаладық. Сөйтіп, «Едіге» екі рет қазақша, бір рет орысша жарық көрді. Ең болмаса осы ел сұранымына молынан енген осы кітапты елге таныстыру «рухани жаңғыруға» енбеген.

          Теледидар қазақшаға қақалған министрді, міңгірлеген депутатты көрсетіп баққан. Қазақ елінің басына шығару үшін солар қазақ тіліндегі қандай тарихи, мәдени кітаптарды оқыды екен деген сауал қайда? Көкірегі қазақы танымға толмаған ол (олар) қазақ үшін не істемек? Өстіп лаға береміз бе? Мазақ болдық қой.

          Қостанай, Қызылжар жағын қазақыландырмай жатырмыз. Көшіп барғандардың жағдайы жоқтықтан қайта серпілуі жиі. Кешегі бір «Целина» деген заманда қазақ жерін орыстармен толтыру үшін, ақша іздеп жөңкіліп келген неше түрлі бұзатарларды тоқтату үшін, қолма-қол совхоздар ұйымдастырылып, жұмыс беріліп, еңбек ақымен қамтамасыз еткен еді.

          Солтүстік жағымызды өзіміз игеру үшін осы әдісті неге қолданбаймыз. Совхоз сияқты ірі шаруашылықтан неге қашамыз?

          Президент Қ. Тоқаев жаңа республика, жаңаша өмір сүру идеясын көтеріп келе жатыр. Әрине, құптаймыз.

           

          Облыс әкімінің жеке қабылдауына бардық. Аудандық музей 1993 жылдан Шортанбай жыраудың есімі берілген. 19 жыл бойы солай еді. Келесі келген тағы бір әкімге бұл ұнамапты. Жыраудың атын музейден алды да тастады. Мәселені көтеріп жазудамыз. Облыс әкімі Ж.Қасымбекте бұл жағдаймен таныс. Үкіметтің 90-шы жылдары шығарған, Атилладан басталып Қайрат Рысқұлбековпен бітетін Қазақ елінің атақты тұлғалары тіркелген 150 адамның тізімі бар. Бұларға жоғарғы ономастикалық комиссия Қазақ елінің кез келген облыс, аудан, қаласынан сұрамай мектеп, музей, көше атауларын бере алады. Шортанбай жырау сол тізімде 57-ші болып тұр.

          Осыны алға тартсақ, облыс әкімі «жоқ жергілікті жер шешеді» дейді. Бұл өршіп тұрған трайбализмге жол беру деген уәжіміз өтер емес. Аудан әкімі қайдан алғанын белгісіз елдің 70 пайызы қарсы дегенді айтып қалды. «Әу, ел емес, жан-жақтан жиналған бір рудың адамы дегенімізді естір құлақ жоқ. Әкім атаулы трайбализммен күресуі керек еді, сіздер оған жол беріп отырсыздар» дегенді айтып тұрып кеттік.

           

          1942 жылы Бауыржан Момышұлы Кеңес одағының батыры атағына ұсынылған екен. Жоғарғы кеңес талқылап шешетін мәселені Баукеңе қарсылар Бауыржан туған колхоз шешсін десіп, колхоз жиналысына салады. Колхоз басқармасын да айтқандарына көндірген. Басқарма Баукеңнің әкесі Момыштың молда екенін, атасы Момынқұлдың да атақты молда болғанын айтып, Бауыржанға да қосымша жала жауып, батыр атағын беруге «қарсымыз» деген шешім шығарып береді. Сөйтіп атақты Б. Момышұлының Батыр атағын ала алмай қалған.

          Облыстың бұрыңғы әкімінің де, ендігі әкімі Ж.Қасымбек те Шортанбай жырауға келгенде тап осы жолды ұстап отыр. Ұлы жырауды трайбализм жемтігі еткен жағдай.

          Жаңа республиканы, екінші республиканы қолдаймыз-ау. Іштей шіріткен трайбализм аяқтан шалып, жағадан алып, тұншықтырып, батпаққа сүйреп әлек. Ес жиып, есеймей-ақ кете береміз бе?..

          Осы бізді не күтіп тұр?!

Тегтер: