ЕҚЫҰ Әйгерім Тілеужан ісінде заңбұзушылықтар болғанын мәлімдеді

Журналист әрі белсенді Айгерім Тілеужанға қатысты іс бойынша әділетсіз сот процестері болды.
Бұл туралы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) жариялаған есепте айтылды. Есепті Қазақстанның адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросы (ҚАҚХБ) таратты.
2022 жылғы Қаңтар оқиғаларынан кейін басталған істер бойынша жүргізілген бақылаулар шеңберінде, Тілеужан ісі әділетсіздік мысалы ретінде көрсетілген.
ЕҚЫҰ деректеріне сәйкес:
- 2023 жылғы 30 наурыздағы сот тыңдауында судья қорғау тарапының судьяны ауыстыру туралы өтінішін қарау кезінде қорқыту, құрметсіздік танытқан.
- 2023 жылғы 10 қарашадағы сотта орыс тілін білмейтін айыпталушылар үшін үкімді аудару қамтамасыз етілмеген.
- Сот процесі барысында судья Әйгерім Тілеужанды шағым бермеуге көндірмек болып, оның “жаза мерзімі шағым түсіруге жеткілікті болатынын” айтқан.
ЕҚЫҰ бақылауы:
- 2022 жылдың қарашасы мен 2023 жылдың желтоқсаны аралығында Алматы, Қызылорда, Семей, Талдықорған, Тараз қалаларында болған 35 қылмыстық іс бойынша 139 адамның сот процестерін бақылаған.
- Бақылау нәтижесінде ЕҚЫҰ сот процестерінде әділ сот талқылауының халықаралық стандарттары мен ұлттық заңнама талаптарының сақталмағанын атап өткен.
- Көп жағдайда қоғамдық қатысушыларға сотқа қатысу шектелген, айыпталушылар кінәсіздік презумпциясынан айырылған, азаптау туралы шағымдар ескерусіз қалған.
Сонымен қатар ЕҚЫҰ кейбір істерде, әсіресе билік өкілдеріне қатысты сот процестерінде судьялардың “гуманизм танытқанын” да сынап өткен.
Айта кетейік, 2022 жылы қазанда Әйгерім Тілеужан Алматы әуежайын “басып алу” ісі бойынша күдікті деп танылып, 2023 жылы шілдеде 4 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол істі саяси астары бар деп санайды.
2024 жылы 5 наурызда оған қарсы жаңа қылмыстық іс қозғалды. Адвокаты Айнара Айдарханова бұл істің негізсіз екенін айтып, оның мерзімінен бұрын босатылуына кедергі келтіруі мүмкін екенін мәлімдеді. 15 шілдеде Жоғарғы сот оның ісін кассацияға беруден бас тартты.