Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 09 Мамыр 2025

Екінші дүниежүзілік соғыс және соавторы

Гитлер мен Сталин
Гитлер мен Сталин.Фото: rubaltic.ru

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғалы – 80 жыл. Адамзат тарихындағы ең сұрапыл, салдары ең ауыр қасап қырғын 1939 жылғы 1 қыркүйекте басталып, 1945 жылғы 2 қыркүйекте толық аяқталды.

Ал сұрқай соғысты бастауға себепкер болған елдердің бірі – Германия 1945 жылғы 8 мамырда жеңілгендігі жөнінде актіге қол қойды. Бірақ уақыт айырмасына байланысты КСРО-да жеңіс күні 9 мамыр болды.

Екінші дүниежүзілік соғыстың зардабы орасан зор. Кейінгі зерттеулер анықтағандай, соғыс өрті сол кездегі әлемдегі 73 мемлекеттің 62-сін қамтып, әлем халқының 80 пайызға жуығына әсер еткен. Соғысқа 110 миллионнан аса жауынгер қатысып, жартысына жуығы майдан даласынан мүлде қайтпай қалған. Адам шығынынан бөлек, экономикалық, экологиялық, техникалық шығын да алапат.

Бұрынғы Кеңес одағынан бөлінген елдердің көбі әлі күнге дейін Екінші дүниежүзілік соғысты жалғыз фашистік Германия бастады деп көрсетіп жүр. Бірақ соғыс отының тұтануына өзге мемлекеттер де себеп болғанын тарихи деректер дәлелдеп отыр. Сол қатарда Кеңес одағы да бар екені белгілі. 1939 жылы 23 тамыздағы Кеңес одағы мен Германия арасындағы «Риббентроп-Молотов пактісі» соның бір көрінісі.

соғыс
Фото: temryuk.ru

Алапат соғыс ешкімді аяған жоқ. Жалпы адамзат үшін аса ауыр қасірет болды. Соғыста жеңіске жеткен, әлі күнге дейін жеңіс күнін тойлап, марқайып жүрген сол кездегі кеңестік елдердің өзінде адам шығыны мол. Соғыс жылдары КСРО-ның 26 миллион 600 мың азаматы мерт болған. Ал қарулы күштер шығыны – 8 миллион 668 мың адам. Сондай-ақ үйіне аман оралған, бірақ ауыр азап арқалап келген майдангер саны тіптен көп. Мысалы, 46 миллион 250 мың адам жараланды. Үйіне оралған 775 мың майдангердің бас сүйегі жарылған. Бір көзі жоқ – 115 мың, соқырлар – 54 мың. Бет-аузы бұзылған – 501 342. Мойын омыртқасы қисайған – 157 565. Қарны жарылғандар – 444 046. Омыртқасына зақым келген – 143 241. Жамбас жағынан жараланған – 630 259. Жыныс мүшесі жұлынған – 28 648. Бір қолы жоқ – 3 миллион 147. Қолы жоқтар – 1 миллион 10 мың. Бір аяғы жоқ – 3 миллион 255 мың. Аяғы жоқ – 1 миллион 121 мың. Қол-аяғының бір бөлігі жұлынғандар – 418 905. «Самаурын» аталып кеткен, қол-аяқсыз тұл қалғандар – 85 942.

Екінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстан 1 млн 200 мыңдай адам аттандырған. Оның 420 мыңдайы майданда қаза тауып, 125 мыңы із-түзсіз жоғалған. Сондай-ақ елде қалған миллиондаған тұрғын ер-әйел, бала-шаға демей тынбай еңбек етіп, майдан даласын азық-түлікпен қамтыды. Сол кезде алтыдағы баладан алпыстағы қарияға дейін ауыр еңбекке жегілгенін білеміз.

Соғыстан кейін әлем елдері арасында біршама тәртіп орнап, Біріккен ұлттар ұйымы құрылды. Адамзат қарулы қақтығыстардан қажып, бейбіт өмір сүруге тырысатын болды. Өркениетті елдер алты жылға созылған Екінші дүниежүзілік соғысты тарихтан сабақ алу үшін, жаһандық қақтығыстың қайталанбауы үшін еске алып келеді. Бірақ Қазақстан, Ресей сияқты посткеңестік елдер соғыс аяқталған күнді үлкен мейрам – жеңіс мерекесі ретінде қабылдап, жыл сайын дүбірлі той жасауды әдетке айналдырған.

Сарапшылардың айтуынша, бұл соғыстан сабақ алуға емес, соғысты дәріптеуге ұқсайды. Өркениетті елдер Екінші дүниежүзілік соғысты айыптап, қателіктерін мойындады. Мысалы, кейінгі Германия үкіметі фашистік биліктің қылмысы үшін ашық кешірім сұрады. Сол сияқты Жапония да Қытайға шабуыл жасағаны қателік болғанын мәлімдеп, өтемақы төлеуге келісті. Тіпті Ватикандағы католик шіркеуі де Адольф Гитлердің әрекетін дер кезінде айыптамағаны үшін өздерін кінәлі санап, әлем алдында ақталуға мәжбүр болды.

Бірақ Кеңес одағы да, одақтың ізбасары Ресей де соғыстың салқыны жайлы айтқан емес. Тек жеңіске жеткенін ғана дәріптеп, жыл сайын мерекелеп келеді. КСРО-ның Ауғанстанға басып кіріп, 10 жыл соғысқаны, Ресейдің Украинамен 3 жылдан бері қақтығысып жатқаны Кремль билігінің Екінші дүниежүзілік соғыстан сабақ алмағанын аңғартса керек. Әрине, соғысты, соғысқа қатысқан батырлар ерлігін есте сақтау елге парыз. Бірақ батырларды ұлықтаймыз деген ұранмен соғысты жағымды бейнеде көрсету дұрыс емес. Тұтас әлемде 8 мамыр – еске алу күні де, КСРО жұртында қалған бірнеше елде ғана – Жеңіс күні.

соғыс
Фото: РИА Новости/Петр Бернштейн

Кешірім сұрауға келгенде үнсіз қалған империя

Германия мен Жапония көп жылдан бері соғыс кезіндегі зұлматтары үшін өз көршілерінен, жалпы адамзаттан кешірім сұрап келеді. Олар мұны жай формальды емес, тарихи жауапкершілік пен ұлт ретінде жаңғыру жолында жасады. Ал осы соғыста шешуші рөл атқарған Кеңес Одағы (оның ізбасары Ресей) неге кешірім сұрамайды деген әңгімелер де айтылып қалып жатады.

КСРО өз халқын да, өзге ұлттарды да аяған жоқ. Бірақ екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіс – сол қанды биліктің ең үлкен «ақтау құжатына» айналды. Жеңімпаз ретінде Кеңес Одағы өзін фашизмге қарсы азат етуші күш ретінде көрсетіп, басып алған аймақтарда болған жаппай репрессиялар мен тәркілеулерді жабулы қазан күйінде қалдырды. Польшаның Катин орманындағы 22 мың офицердің атылуы, Балтық елдеріндегі депортациялар, Орталық Азия мен Кавказ халықтарын көшіріп, түбегейлі ассимиляциялауға тырысу – мұның бәрі ресми Мәскеудің жадынан емес, жауапкершілік тізімінен сырт қалды.

Ал, керісінше, Германия мен Жапония өз өткенінен бас тартып, жазықсыз құрбандардың алдында ұрпағын бас июге тәрбиеледі. Ал Ресейде сталиндік кезеңге деген көзқарас — керісінше, оны қайтадан мақтаныш етуге бағытталып отыр. Бүгінгі Ресей билігі үшін кешірім сұрау – КСРО-ны ақтауға құрылған тарихи мифке сызат түсірумен бірдей. Соғыс туралы шындықты айтқандарды «тарихты бұрмалаушылар» деп тану, шетелдік зерттеулерге тыйым салу, тіпті кей деректерге «мемлекеттік құпия» мәртебесін беру – бәрі осы идеологиялық кілтипанның көрінісі.

Балтық елдері, Польша, Украина, Грузия, Қазақстан сынды мемлекеттер КСРО құрамында түрлі зобалаң мен геноцид көрді. Бірақ бүгінгі Ресей билігі кешірім сұрамақ түгілі, сол зұлматты жоққа шығаруға ұмтылады. Ал нағыз ұлылық — кешірім сұрай білуден басталады. Германия мен Жапония осыны көрсетті. Олар өз халқына шындықты ашық айтты, жалған мақтаныштың орнына моральдық жауапкершілікті таңдады. Бұл оларды әлсіретпеді. Керісінше, әлем алдындағы беделін арттырды.

Гитлер
Фото: ашық дереккөз

Германияның ұстанымы: Қазіргі Германия ел ретінде екінші дүниежүзілік соғыс үшін ресми түрде өз кінәсін мойындап келеді. Мәселен, 2023 жылы Германияның сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер Волгоградта: «Мен қайтарып бере алмайтын, өлшеусіз ауыр зардаптар үшін кешірім сұраймын – немістер бұл қалада, бүкіл Ресейде, бұрынғы Совет Одағының Украина, Беларуссия сияқты елдерінде, бүкіл Еуропада зорлық-зомбылық көрсетті» деп мәлімдеді. Бұған дейін де Франк-Вальтер Штайнмайер Польшада соғыс басталғанына 80 жыл толуына орай өткен жиында: «Мен Германияның тарихи кінәсі үшін кешірім сұраймын және біз өзіміздің жауапкершілігімізді мойындаймыз» деп Полша халқынан кешірім сұраған.

Соғыс
Фото: ашық дереккөз

Жапонияның ұстанымы: Жапония үкіметі соғыс үшін жауапкершілігін қалыпты түрде мойындап, өкінуін бірнеше рет білдірген. Мысалы, 1995 жылы премьер-министр Томиити Мураяма 50 жылдығында «Жапонияның бұрынғы агрессиясы көптеген елге ауыр зардап келтірді. Бұл өткенді біз толық жауапкершілікпен мойындаймыз» деген еді. Кейінгі билік өкілдері – премьер-министр Коидзуми 2005 жылы Жоғары Азия-Африка саммитінде «Жапония соғыс кезінде басқа елдерге агрессия көрсетті. Біз тарихтың осы фактілерін біліп, шын жүректен өкінеміз» деп мәлімдеді. Сол кезде қарсылық ретінде бір топ депутат дәл сол күні Токио қаласындағы Дағдарыс құрметіне арналған Ясүкүни әулиесіне барып, сол соғысқа қатысушылардың рухына құрмет көрсетті – бұл Қытай мен Оңтүстік Корея тарапынан өткір сынға ұшырады.

Репарациялар: Германия мен Жапония Екінші дүниежүзілік соғыстың ақшалай өтемақысын да төледі. Мысалы, Жапония 1951–1960 жылдары Ұлыбритания, АҚШ секілді Одақтас мемлекеттермен бірнеше келісім жасады: Филиппинге 550 миллион доллар, Вьетнамға 39 миллион, Бирмаға 200 миллион, Индонезияға 223 миллион доллар репарация аударды. Ал КСРО-мен 1956 жылғы Жапон-Совет келісімінде Кеңес Одағы Жапониядан ақшалай өтемақы сұрамау туралы уағдаласты.

Алайда Жапониядағы жағдай күрделі. Жапония 1951 жылғы Сан-Франциско бейбітшілік келісімі арқылы одақтастармен барлық талаптардан бас тартып, кейін Кореямен 1965 жылы келісімге келіп, 300 миллион доллар төледі.

Германия өткенді мойындап, сегіз миллиондай еврейге және басқа топтар алдында өтемақы төледі; мысалы, 1945 жылдан 2018 жылға дейін Германия үкіметі Холокост құрбандары мен олардың мұрагерлеріне өтемақы ретінде шамамен 86,8 миллиард доллар төледі.

Соғыс
Фото: ашық дереккөз

Екінші дүниежүзілік соғыс па, Ұлы Отан соғысы ма?

Бүгінгі қоғамда тарихты түсіндіру мен атау – жай ғана сөз таласы емес, сананы қалыптастырудың маңызды құралына айналды. Қазақстанда Екінші дүниежүзілік соғысқа келгенде қоғамның екіге жарылатыны бар. «Екінші дүниежүзілік соғыс» деп атайық дейтіндер бұл атауды КСРО-дан бөліп алып, әлеммен байланыстыра айтуды көздейді. Ал «Ұлы Отан соғысы» деп атайтындар «бұл соғысқа біздің де ата-бабамыз қатысты, сондықтан тарихты сызып тастай алмаймыз» деген уәж келтіреді. Бүгінде жастардың көбі «Ұлы Отан соғысы» дегенде Сталин, Мәскеу, Берлинге дейін жеткен совет армиясын ғана елестетеді. Ал «Екінші дүниежүзілік соғыс» – бұл адамзат тарихындағы ең үлкен қасірет, ядролық қару қолданылған, концлагерьлер мен геноцид болған зұлмат кезең ретінде түсіндіріледі. Сонда біз қай атауды қолдануымыз керек? Қайсысы тарихи тұрғыда дәл? Екі ұғымның арасында қандай айырмашылық бар? Осы сауалдарды бірнеше тарихшыға жолдадық. Оның жауаптары да әртүрлі болды. Мысалы, тарихшы Эльмира Телеуова бұл соғысқа алдымен біздің ел де қатысты, сондықтан КСРО кезінде соғысқа қатысқан ардагерлер өткеніне құрметпен қарауымыз керек деп есептейді.

«Әлемде соғысқа қарсы классикалық шығармалар бар. Мысалы, бір Ремарк соғыс деген опасыздық деп түсінді. Соғыста адам жеңбейді, адам бір-бірін жояды деген. Сондықтан соғысты адам тағдыры деп түсінген жөн. Соғыс ешқашан дәріптелмеуі керек. КСРО кезінде бұл соғыс «Қасиетті соғыс» деп қаралды. Басқыншыларға қарсы. Отанымызды қорғау түсінігі болды. Бірақ оның артында адамның қайғысы барын ұмытпауымыз керек. Ең көп адам шығыны КСРО-да болды. Қазақстан екінші дүниежүзілік соғыста КСРО құрамындағы ел болды. Отаны КСРО болған ардагерлердің өткен өміріне құрметпен қарауға міндеттіміз. Иә, көптеген ел одан бас тартуда, бірақ өткенді қабылдаған, одан сабақ алуды тарихшылар түсіндіруі керек. КСРО – тоталитаризм сипатындағы ел, пропаганда ерекше жұмыс істеді. Қалай дегенмен қазір біз осы соғысқа қатысқандар және соғыс жылдарында дүниеге келген көзі тірі куәгерлердің осы оқиғаны қалай қабылдауын назарға алғанымыз дұрыс».

Мәмбет Қойгелді
Мәмбет Қойгелді

Бұл – біздің тарихымыз, оны жоққа шығара алмаймыз

Тарихшы Мәмбет Қойгелді де әріптесінің сөзін қуаттайды. Оның сөзінше, соғысты Екінші дүниежүзілік соғыс деп атағанымызбен, осы қанды қырғында аталарымыз бен аналарымыздың ерлігі мен еңбегін ұмытпауымыз керек.

«Біз бұл соғыстан бас тарта алмаймыз. Оның алдында біздің халыққа қаншама әділетсіздік жүрді. Қырғынға ұшыратты. Бірақ бір ел құрамында болғасын қазақтар да соғысқа аттанды. Әкелеріміз майданға «Отанымды қорғаймын» деп барды. Көбі сол майдан даласында жан тапсырды. Мәскеу түбіндегі шайқастарда қазақ жауынгерлері қайсарлық пен ерлік танытты. Әкелеріміз – «Отан үшін!» деп оққа ұшты. Аналарымыз – «Отан үшін!» деп тылда еңбек етті. Менің апам үнемі айтатын: «Біз сонша жұп шұлық тіктік, сонша қолғап тоқыдық» деп. Бұл – елеулі еңбек, үлкен үлес. Жеңіске жеткізген қарапайым халықтың маңдай тері. Менің әкем соғыс жылдары еңбек майданының ортасында болды. Мойынты-Шу теміржолының құрылысында тер төкті. Ал оның інісі Нұршабай Қойгелдиев 1941 жылы майданға аттанып, 1943 жылдан кейін хабарсыз кетті. Екінші ағасы Нәдір Қойгелдиев Сталинград шайқасына қатысып, ауыр жарақат алып, соғыстан кейін сол жарақаттың салдарынан өмірден озды. Біз мұның бәрінен қалай бас тартамыз, қалай ұмытып кетеміз? Барша халық көтерген бейнетті, тартқан тауқыметті біз де бірге көтердік. Бұл соғыс – барша халықтың жүрегінде жара болып қалған қасірет. Сондықтан оны тарихтан сызып тастай алмаймыз. Бірақ соғысты Екінші дүниежүзілік соғыс деп атағанымыз дұрыс».