Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 23 Шілде 2024

Экологиялық ахуалды жақсартудың жолы – жылу электр орталықтарын газға ауыстыру

Экология

Елімізде экологиялық мәселелерді шешу үшін жылу электр орталықтарын газға көшіру жағы қарастырылуда. Мұндай тәжірибе өз тиімділігі мен артықшылықтарын дәлелдеген. Өйткені ауаға бөлінетін көмірқышқыл газын бейтараптандыру осы жолмен ғана мүмкін болып отыр.

Мәселен, Алматы облысы 2026 жылға дейін жылу электр орталықтарын газға қоспақ.

Облыстың экологиялық ахуалын жақсарту үшін арнайы жол картасы әзірленген. Аталған құжат мазмұны 2023-2025 жылдарға ыңғайланып жасалған, бес негізгі мәселеге арналған. Жағдайдың күрделі екенін ескере отырып ҚР экология министрлігі мен облыс әкімдігі бірігіп жасаған жобаның мақсаты – 1,5 миллион халыққа экологиялық қауіпсіз орта жасау, бар мәселелер мен түйіткілдерді мүмкіндігінше шешу. Осы аталған бес бағыттың алғашқысы және ең маңызды да ауқымдысы – жылу электр орталықтарын газға ауыстыру. Кешенді жоспарға сәйкес тиісті жұмыстар 2026 жылға дейін аяқталуы тиіс. Бұл орайда тек газға көшіру мәселесі емес, жылу орталықтарының жөндеу жұмыстары да назарда. Жобаның өзі «Экология мен тозығы жеткен жабдықтарды жаңарту» деп аталады екен. Сәйкесінше, 2026 жылға дейін облыстағы жылу электр орталықтары толық реконструкцияланбақ. Келесі бағыт та осы көгілдір отынға байланысты. Екінші кезекте аудандарды табиғи газға қосу, соның ішінде Алматы қаласына жақын орналасқан бес аудандағы тұрғын үйлерді, әлеуметтік мекемелерді, кәсіпорындарды қамту көзделген. Бұл туралы «Алматы агломерациясы» туралы заңда да айтылады. Бұл туралы Алматы облыстық экология департаментінің басшысы Қонысбек Байеділов айтты. Оның сөзінше, осы үш жылда газға қатысты мәселелер шешіледі. Әрі экология басқармасымен қатар облыстық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы да бұл жобаларға жауапты екен.

Жол картасында көрсетілген келесі бағыт – көгалдандыру. Себебі айналаны аббаттандыру, ағаштардың санын көбейту экологиялық мәселені шешудің ең тиімді жолдарының бірі. Баспасөз қызметінің есептеріне сәйкес, өткен жылы облыс бойынша 100 мың ағаш отырғызылса, биыл олардың саны он мыңға өсіп, 110 мың түп ағашқа жетеді деп күтілуде. Ауа тазалығы мен көгалдандыру мәселесіне қоса су ресурстарының жайы да назарда. Ол да бір бағыт ретінде жол картасына енгізілген. Негізінен, кәріз жүйелерінің құбырларын ауыстыру мәселесі туындап отыр. Оған қоса, Еңбекшіқазақ ауданының маңайындағы суасты ұңғымаларын ретке келтіру қажеттілігі бар. Әлбетте, қоқыс пен тұрмыстық қатты қалдықтарды жою жағы да күн тәртібінде. Бұл бағыт өз кезегінде тұрғындар үшін де маңызды. Бүгінде Алматы облысында қоқыс жинайтын жеті алаң бар, оның екеуі әлі заңдастырылмаған. Соның өзінде тұрмыстық қалдықтардың тек жиырма бір пайызы ғана қайта өңделеді екен. Өз кезегінде бұл төмен көрсеткіш. Міне, осы жоспар бойынша аталған түйткілдер шешіліп, экологиялық мәселелер кезең-кезеңімен шешіледі деп күтілуде.

Ақжол Мейірбек

Алматы облысы

Тегтер: