Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
19:45, 20 Қыркүйек 2018

 «Экологиялық аймақ» деп, Қызылордадан қашып жатқан инвестор жоқ

Биыл қазақтың тұңғыш астанасы болған Қызылорда қаласына ­– 200 жыл. Мереке қарсаңында қала қалай өзгерді, қандай жетістігі бар, несімен мақтанады?
Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сөйлесін...– Жыл сайын Қызылорда қаласының іргесіндегі дария тасиды деген ақпарат жергілікті тұрғындардың ғана емес, бүкіл елдің зәресін алады. Әрине, қаланың дарияға жақын орналасуы, бір жағы, өте қауіпті де, екінші жағынан, шаһардың іргесінде үлкен дарияның ағып жатуы бұл Алланың берген сыйы емес пе? Керісінше, дарияны қаланың көркін ашу үшін барынша тиімді пайдалану қажет сияқты...– Дұрыс айтасыз. Су тасқыны дегеніміз тілсіз жаудың бірі ғой. Үнемі сақ болу керек. Шынында, шаһардың іргесінен үлкен өзеннің ағып жатуы бұл үлкен байлық. О баста Астананың да қазығының қағылуына іргесінде ағып жатқан Есіл өзенінің көп септігі тиді деп ойлаймын.Сол сияқты Қызылорда қаласының да маңдайына дария жазылған екен. Жасыратыны жоқ, бұрын «дария тасиды екен, қаланы алып кетеді екен» деген проблемалар болған. Қазір оң жағалауға дамба салынды. Және біз тек қана судан бекініс сала салмай, бұл құрылысты қала тұрғындары үшін де тиімді пайдаланып, сол жерге айналма жол, жаяу жүргіншілер жолдары, веложолақ салынып, қала тұрғындарының жайлы демалуына жаңа мүмкіндіктер жасалды.Қазір дария қаланың көркі болып, шаһардың тыныс-тіршілігіне серпін беріп, ажарын тіптен аша түсті. Дәл осындай жұмыстарды енді сол жағалаудан да жүргізіп жатырмыз. Оған республикалық бюджеттен 3 млрд-тай қаржы бөлінді. Жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Ал енді қаладан тым алыстау жерлерде судың тасу қаупі туындайтыны рас. Біз ондай жерлерге кезекшілер қоямыз, қауіпті жерлердің барлығын бекемдейміз. Қысқасы, су қаланың аумағынан өтіп кеткенше қатаң бақылауда болады.– Бұрын «Қызылорда экологиялық аймаққа жатқандықтан, инвесторлар көп келмейді» деген әңгіме көп айтылушы еді. Тіпті қайбір жылдары облыс басшылары «экологиялық аймақ» дегенді алып тастауға да күш салды емес пе? Енді дәл қазір Қызылордада инвестиция мәселесі қалай болып жатыр?– Турасын айту керек, өнеркәсіп саласында өнім жылдағымен салыстырғанда жоғары. Қызылорда  облыс орталығы болғандықтан, негізгі инвестиция қалаға салынады. Мысалға, облысқа келіп жатқан инвестицияның 43,6 пайызы Қызылорда қаласының еншісінде. Ол – шамамен 46 млрд теңгеден асатын қаражат. Үлкен жобалар қолға алынуда. Ең алдымен шыны зауыты туралы айта кетейік. Бұл кәсіпорын жылдың аяғына дейін толық іске қосылады деп күтілуде. Келесі жылы алғашқы өнімін бере бастайды. 300-ден аса адам тұрақты жұмыс істейтін болады. Одан да басқа жобалар өте көп. Осы қаладан керамогранит шығаратын үлкен зауыттың құрылысы басталғалы жатыр. Басқа өңірлерден кәсіпкер жігіттер келіп, жылыжайлар мәселесін қолға алуда.Бүгінгі күні қаламызда индустрияландыру картасына енгізілген жалпы құны 51 млрд теңгені құрайтын жеті жоба жүзеге асырылуда. Ондағы бір жоба республикалық картаға енгізілсе, қалған алты жоба өңірлік картада. Жобалар толық іске қосылғанда 1125 адам жұмыспен қамтылатын болады. Облыс бойынша нақты жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің 48,8 пайызы Қызылорда қаласының үлесінде. Қызылорда қаласында 2018 жылдың 1 тамызына дейін 26 335 шағын кәсіпкерлік субъектілері тіркелсе, оның ішінде жеке кәсіпкерлер – 19 969, заңды тұлғалар – 5552, шаруа қожалықтары  814-ті құрады.– Сонда «экологиялық аймақ» деген инвесторларға кедергі емес деген сөз ғой...– Ешқандай кедергі емес. Президент Н.Назарбаевтың елімізде жүргізіп отырған саясатының арқасында кәсіпкерлерге ерекше қолдау көрсетіліп, ыңғайлы жағдайлар жасалуда. «Экологиялық аймақ» деп, Қызылордадан қашып жатқан инвесторды көрмедім.Біздің өңірімізде де облыс басшысы Қырымбек Елеуұлының қолдауымен осы салаға ерекше көңіл бөлінуде. Оның дәлелі – аймақ басшысының тікелей бастамасымен Қызылорда облысында 2018-2021 жылдар үш жылдық «Кәсіпкерлікті қолдау жылы» болып жарияланды.Яғни кәсіп ашамын дегендері келіп жатыр. Ондай инвесторларды барынша қолдаймыз, кәсібінің өрістеуіне барлық ыңғайлы жағдайды жасаймыз. Қазір халыққа тиімді мемлекеттік бағдарламалар өте көп. Жұрттың көбі қазір мал ұстайды, мал бордақылаумен айналысады. Егін шаруашылығымен айналысуда.– Қала болсаңыздар да, сіздерде ауыл шаруашылығы саласының үлесі әжептеуір екен...– Қала бойынша 390 шаруа қожалығының бірігуімен 27 ауылшаруашылық өндіріс кооперативтері құрылды. Ағымдағы жылы екі ауылшаруашылық кооперативін құру жоспарланса, бүгінгі күні 69 мүшеден тұратын бес ауылшаруашылық өндірістік кооперативі құрылып, жұмыс істеуде. Ауылшаруашылық дақылдарының егіс көлемдерін әртараптандыру мақсатында барлығы 7686 гектар жерге ауылшаруашылық дақылдары орналастырылды. Қазіргі таңда, жоспарға сәйкес, несиелендіру арқылы «Сыбаға» бағдарламасымен 22,9 млн теңгеге 114 бас мүйізді ірі қара, «Құлан» бағдарламасымен 7,8 млн теңгеге 27 бас жылқы, «Алтын асық» бағдарламасымен 7,2 млн теңгеге 280 бас уақ мал сатып алынды. Бұдан бөлек, елді мекендерді несиелендіру бойынша Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына «Жұмыспен қамту орталығы» арқылы 150 адамның тізімі жолданып, бүгінде 38 адам 163 млн теңге несие алды.– Нұрлыбек Машбекұлы, қала басшысы ретінде өзіңізді қандай проблема мазалайды? Қандай мәселенің шешімі табылмай жатыр?– Соңғы бес жылда ауызсу мәселесін шешу үшін 16 млрд теңгедей қаржы тартылды. Бұл қаржыға қаладағы ауызсулар жүйесінің                         70 пайыздайы ауыстырылды. 97 су ұңғымасы қазылды. Бұрын тұрғындарға дарияның суын тазалау арқылы ауызсу берілетін болса, қазір жерасты сулары пайдаланылуда. Қазіргі таңда толық жерасты суларына көштік. Бұл денсаулыққа да өте пайдалы.Енді мені ыстық су мәселесі мазалайды. Біздің қала тұрғындары қысы-жазы ыстық суды арнайы қондырғылар арқылы тұтынуда. Негізі, үйлерге ыстық су басқа облыс орталықтарындағыдай ортақ құбыр арқылы берілуі тиіс. Әрине, бұл бойынша да нақты жобаларымыз бар. Республикадан ақша сұрап жатырмыз.Кейде «қаланың орталығына көп көңіл бөліп кетті, шет жақ назардан тыс қалды» деп бізді орынсыз айыптап жатады. Шынын айту керек, облыс әкімі Қырымбек Елеуұлында да, өзімде де ондай ой жоқ. Барлық жерде жұмыс бірдей жүріп, барлық тұрғындарға бірдей жағдай жасалынуда.– Әңгімеңізге рақмет. Ісіңізге әрдайым сәттілік тілейміз. Фото: socium-qyzylorda.kz
Тегтер: