Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:28, 31 Тамыз 2022

Экологтарды есігінен де қаратпады

None
None

Еліміздегі ең ірі алпауыттың бірі болып саналатын шетелдік инвестордың «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы мемлекеттің заңына пысқырып та қарамай отыр.

Жылына бірнеше тонна зиянды қалдықтарды ауа қабатына шығарып отырған компания  – Теміртау халқын ғана емес, қарағандылықтарды да түтінге тұншықтыруда.

«Басы ауырмағанның балтыры сыздамайды» демекші, шетелдік инвестор өз жұрты болмаған соң өзге елдің экологиясы мен халқының денсаулығына бас қатыра қоймайтыны анық. Дегенмен бұл компания басшысының шектен шығып бара жатқаны соңғы жылдары айқын көрініс бере бастады. Экологтар тексеріс жасап, айыппұл салғызса алпауыт компания әдеттегідей ақшасын төлеп жүре береді. Ал қараша халық зардабын тартып, түтінге қақалып отыр. Билік шетелдік инвестордың қылығын бес саусақтай білгенімен, оған қандай да бір шара қолдануға қауқарсыз.

«Арселор Миттал Теміртау» компаниясы мемлекеттің заңына қашан бағынады? Айыппұл төлеуден жалыққан болуы керек, енді алпауыт компания экологтардан қашқақтағаны аздай дөрекі қылық көрсете бастады. Жақында осы компанияны тексермекке келген экологтардың тауы шағылып қалды. Экологтарды компания мамандары тиісті тексеру жүргізу үшін кәсіпорынға кіргізбей қойды. Сорақылығы сол, шетелдік инвестордың компаниясы осымен үшінші рет экологтарды ішке кіргізбек түгілі тесігінен де сығалатпады. Экологтар айналасын түтінге толтырған компанияға тұрғындардан түскен шағым бойынша жоспардан тыс тексеруге барған. Алайда компания мамандары ашық түрде қарсылық танытып оларды ішке кіргізбей қойған. Экологтар осымен үшінші рет осындай әрекетке барған компанияның басшылығы шектен шығып барады деп мәлімдеді. «Арселор Миттал Теміртау» АҚ болат өндіру департаментіне қатысты экологиялық заңнаманы сақтау бойынша жүргізілетін жоспардан тыс тексеріс ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің басқармасында тіркелген. Яғни заң жүзінде іске асырылуы тиісті бақылауға шетелдік инвестор ашық түрде қарсылық көрсетіп, экологтарды табалдырықтарынан әрі аттатпаған. Бұл әбден еркінсіген инвестордың елдің заңына пысқырып қарамағаны ма?

Бұдан бұрын 2021 жылы және осы жылдың басында экологтарды екі рет АҚ комбинатына кіргізбеу фактісі орын алған. Сол кезде соттың шешімімен алпауыт компанияға 1 млн 200 мың теңге айыппұл салынған. Қарағанды облысының экология департаменті алдағы уақытта тексерістің міндетті түрде жүргізілетінін мәлімдейді. Ал компанияның экологтарды нысандарына кіргізбеудің астарында не жатқаны беймәлім.

Тегтер: