Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:27, 09 Қазан 2023

Экономика бойынша Нобель еңбек нарығын зерттеген америкалық әйелге берілді

Нобель
Фото: NOBEL PRIZE

Экономика бойынша Нобель сыйлығы өмірін еңбек нарығындағы гендерлік теңсіздіктің себептерін зерттеуге арнаған америкалық Клаудия Голдинге берілді.

Оның жұмысы әйелдер мен ерлер арасындағы жалақы мен мансаптық мүмкіндіктер арасындағы алшақтықтың біртіндеп жойылуын қамтамасыз етуге көмектесті, деп атап өтті Швеция ғылым академиясы.

«Оның зерттеулері әйел рөлінің өзгеруіне әкелді және гендерлік теңдікке кедергі келтіретін негізгі нәрселерді көрсетеді», - деді академия.

Голдин кейінгі екі ғасырдағы статистиканы зерттеп, әйелдердің ерлерге қарағанда неліктен аз жалақы алатынын және еңбек нарығында әлсіздігін анықтады. Оның жұмысы әлеуметтік прогресс пен медициналық жетістіктердің өзі әйелдер құқықтарын прогрессивті жақсартуға кепілдік бермейтінін дәлелдеді.

Сөйтіп, 77 жастағы Голдин өзінің 55 жылдық тарихында экономикалық Нобель сыйлығын алған үшінші әйел атанды. Ал лауреаттар тізімінде 90 ер адам бар.

Экономика бойынша Нобель сыйлығына шамамен 1 миллион доллар көлеміндегі ақшалай сыйлық пен арнайы әзірленген алтын медаль кіреді.

Бұл әлемдегі гендерлік теңсіздіктің өзекті мәселесіне арналған биылғы маусымдағы екінші Нобель сыйлығы. Иран  белсендісі Наргис Мохаммади еліндегі әйелдер құқығын таптап отырған Иран режиміне қарсы күресі үшін Нобель сыйлығын алды.

Экономика саласындағы жетістіктер үшін Нобель сыйлығы дәстүрлі түрде қазан айының басында өтетін Нобель апталығын аяқтайды.

Экономика бойынша Нобель сыйлығы – динамитті ойлап тапқан адамның өсиетінде көрсетілмеген жалғыз сыйлық. Ресми түрде ол Альфред Нобельді еске алуға арналған экономика ғылымдары бойынша Sveriges Riksbank сыйлығы деп аталады.

1968 жылы Швецияның орталық банкі өзінің 300 жылдық мерейтойына орай Нобель қорына тағы бір сыйлықты – экономика ғылымы бойынша тағайындау үшін қомақты қаржы бөлді. Қазіргі уақытта ол 11 миллион кронаны құрайды.

Экономикалық сыйлықтың жеңімпазын Швеция Ғылым академиясы таңдайды. Ол басқа ғылыми салалар бойынша үздік жұмыстарды марапаттау кезіндегідей ережелерді басшылыққа алады.

Айта кетейік, бұған дейін 2023 жылғы медицина , физика, әдебиет және химия бойынша Нобель сыйлығының лауреаттарын жазған едік.