Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:10

Экономика бойынша Нобель сыйлығы АҚШ, Канада және Франция ғалымдарына берілді

Джоэль Мокир, Филипп Агион және Питер Ховит
Фото: /NobelPrize

Экономика бойынша 2025 жылғы Нобель сыйлығы АҚШ, Франция және Канада ғалымдары – Джоэль Мокир, Филипп Агион және Питер Ховиттке берілді. Оларға сыйлық «инновацияға негізделген экономикалық өсуді түсіндіргені үшін» лайық деп танылған.

 Швеция Корольдік Ғылым академиясы дүйсенбіде, 13 қазанда Нобель комитетінің әлеуметтік медиа арналарында бұл шешімді жариялады. 

Жүлденің жартысы АҚШ-тағы Солтүстік-Батыс университетінің қызметкері Джоэл Мокирге бұйырды. Қалған жартысын Франциядағы Колледж де Франс қызметкері Филипп Агион және Лондон экономика мектебінің қызметкері Питер Ховитт бөлісті.

"Кейінгі екі ғасырда әлем тарихта алғаш рет тұрақты экономикалық өсімнің куәсі болды. Бұл сансыз адамдарға кедейліктен құтылуға мүмкіндік берді және біздің өркендеуіміздің негізін қалады", - деп түсіндірді Швеция Ғылым академиясы биылғы сыйлықты.

Джоэль Мокир Холокосттан аман қалған голландиялық еврей ата-анасында дүниеге келген. 1974 жылдан бастап Солтүстік-Батыс университетінде сабақ берді, сонымен қатар Тель-Авив университетінің Экономика мектебінің профессоры.

Парижде дүниеге келген Филипп Агион Сорбонна университетінде магистр және докторлық дәрежесін, кейін Гарвард университетінде экономика бойынша PhD дәрежесін алды. 

Питер Ховитт, Торонтоның тумасы, МакГилл университетінде бакалавр дәрежесін, Батыс Онтарио университетінде магистр дәрежесін және Солтүстік-Батыс университетінде докторлық дәрежесін алды. Ол сонымен қатар Род-Айлендтегі Браун университетінің оқытушысы.

Экономика бойынша бұрынғы Нобель сыйлығының лауреаттары

Экономика бойынша 2024 жылғы Нобель сыйлығы АҚШ ғалымдары Дарон Асемоглу, Саймон Джонсон және Джеймс Робинсонға берілді. Оларға бұл сыйлық институттардың қалай қалыптасып, әл-ауқатқа әсер ететіні туралы зерттеулері үшін берілді. Акемоглу мен Робинсон сонымен бірге «Ұлттар неліктен сәтсіздікке ұшырайды: билік, өркендеу және кедейліктің бастаулары» кітабын бірлесіп жазған.

2023 жылы сыйлық американдық Клаудия Голдинге тұрақты гендерлік алшақтықтың себептерін түсіндіретін еңбек нарығындағы әйелдердің мәртебесі туралы зерттеулері үшін берілді. 

2022 жылы экономика бойынша Нобель сыйлығы америкалықтар – Бен Бернанке, Дуглас Даймонд және Филипп Дибвигке «қаржылық дағдарыстар мен банк ісін зерттегені үшін» берілді.

2025 жылы Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығы венесуэлалық оппозициялық саясаткер Мария Корина Мачадоға халықтың демократиялық құқықтарын қорғаудағы «тынымсыз еңбегі» үшін берілді. Әдебиет жүлдесін дистопиялық шығармаларымен танымал венгр жазушысы Ласло Краснахоркай жеңіп алды. Медицина саласында бұл сыйлық АҚШ ғалымдары Мэри Э. Брунков пен Фредерик Рамсделлге және жапон ғалымы Шимон Сакагучиге «перифериялық иммундық төзімділікке қатысты ашқан жаңалықтары үшін» берілді.

Физика бойынша Нобель сыйлығы британдық Джон Кларкқа, франциялық Мишель Деворға және америкалық Джон Мартиниске «электр тізбегіндегі энергияны макроскопиялық кванттық-механикалық туннельдеу және кванттауды ашқаны үшін» берілді. Химия бойынша Нобель сыйлығы жапондық Сусуму Китагаваға, аустралиялық Ричард Робсонға және иорданиялық-палестиналық Омар Ягиге «металл-органикалық қаңқалық құрылымдарды жасағаны үшін» берілді.

Нобель сыйлығы 1901 жылдан бері беріліп келеді.

Тегтер: