Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:50, 24 Шілде 2025

Экономиканы әртараптандыру қағаз жүзінде қалмауы керек

экономика
Фото: из открытых источников

Экономиканы әртараптандырудың өзектілігі, ел экономикасының құрылымын өзгерту жайы бізде жиі айтылады.

 Қазақстанның ЖІӨ қандай секторлардан құрылғандығы, оны қалай әртараптандыру керектігі жөнінде біз «Экономика және Құқық» институтының маманы, экономист-ғалым Жанар Күнтуғанқызымен пікірлестік.

– Жанар ханым, қазір экономиканы әртараптандыру жайы маңызды. Жалпы, Қазақстанның ЖІӨ-ін қалай әртараптандыруға болады?! Осы жөнінде айтып бере аласыз ба?!

Біздің ЖІӨ-нің негізгі құрамдас бөлігі шикізат экспорты, яғни мұнай. Табыстың басым бөлігін мұнайдан көреміз. Одан кейін металлургия өнімдері, кен экспорты және мұнай химиясының базалық өнімдері бар. Сондықтан қазір біздің экономиканың бірінші саласы экспорттық сала болып отыр. Қалған бөлігін ауыл шаруашылық экспорты құрайды. Енді осыны әртараптандыру жайы айтылып жүргені рас. Үкімет былтырғы жылдың қорытындысында келешекте ел экономикасының өсімін 6 пайызға дейін өсіруді жоспарлады. Ол үшін, әрине, экономика әртараптануы қажет. Мұнай-газ секторы, ауыл шаруашылығы, кен өндірісі, мұнай химиясынан бөлек басқа салалардағы өсім, өнім алу көрсеткіші артқаны абзал. Сонда ғана Ұлттық қордан, БЖЗҚ-дан үкімет белсенді түрде қаражат алмайтын болады.

Қазіргі ұстанып отырған бағытымыз экономиканы нақты әртараптандыра алады деп ойлайсыз ба?!

Экономиканы әртараптандыру қағаз жүзінде қалмауы керек. Мысалы, еліміздегі логистика саласында қиындықтар бар. Шағын және орта бизнес өнімдерін экспортқа шығаруға кедергі көп. Кедендік мәселелерде қиындықтар бар. Мұның барлығын сауатты, қалыпты бір бағытқа түсірмей экономиканы әртараптандыра аламыз деу қиын. Жаңа салық саясатын ұстанып отырмыз. Бұл мәселелер бизнестің табыс табуына, дамуына кедергі келтірмеуі қажет. Осының барлығы әлі де зерттеуді қажет етеді. Сондықтан нақты мына-мына бағыттар экономиканы әртараптандырады деп айту қиын. Біз қазір экономиканы әртараптандыруды экономикадағы шағын бизнестің үлесін көбейту деп қана ойлап алғандай көрінеміз. Ал ол шағын бизнестің қолына арзан несие беру, мемлекеттік қолдау жағы әлі де кемшін. Мысалы, елдегі шағын бизнеспен айналысатын 100 кәсіпорын болса, олардың 80 пайызына экспортпен айналысқан тиімсіз. Логистикалық шығыны бар, кедендік алымы бар, салық мәселесі бар, солардың барлығы оларға кедергі келтіреді. Міне, осы жайттарды реттеп алмай экономиканы бес-алты жылдың ішінде әртараптандырып жібереміз деу қиын.

– Экономиканы әртараптандыру үшін мұнайға тәуелділіктен арылу қажеттігі жиі айтылады. Жалпы еліміздің экономикалық ерекшеліктерін ескерсек, мұнайға тәуелділіктен арылу мүмкін бе?!

Мұнайға тәуелділіктен арылу үшін жасалып жатқан жобалар жемісін беруі керек. Мемлекеттік бағдарлама оң нәтиже көрсеткені қажет. Өкінішке қарай, бізде көптеген бағдарламаларға жұмсалған қаражаттар құмға сіңіп кетті. Бюджет қаражаты ысыраппен жұмсалған кезеңдер де болды. Үкімет енді-енді ғана бюджет шығынын қысқарту, ұлттық әл-ауқат қорлары мен квазимемлекеттік компанияларды трансформациялау жайына көше бастады. Бұл жұмыстар өз нәтижесін беру үшін ең кемі 10 жыл қажет. Қаншама қаражат офшорға шығып кетті. Соның барлығына қадағалау, бақылау уақытысында болғанда сіз бен біз нақ қазір экономиканы әртараптандырудың нақты жолдарын іздеп отырмас та едік. Енді сең қозғалды. Офшордағы қаражаттар ақырын-ақырын болсын қайтарыла бастады. Сондықтан күту керек.

– Сіздіңше, қазір нақты қай салаларды қолдаған жөн?!

– Біздің экономикамыз біртекті әрі ұсақ өндірушілер көп. Біз қазірде отандық құрылыс материалдарына зәруміз. Ірі-ірі құрылыс компаниялары бар, олар құрылыс жұмысын салумен айналысады. Бірақ елде құрылыс заттары өндірілмейді. Құрылыс саласы да экономиканың қозғаушы күші. Сондықтан осы саладағы отандық өнім өндіру үлесін арттыру қажет. Қазақстанда керамикалық плитка­лар, сан­техника секілді құрылысқа қажет­ті көптеген дүние жет­кіліксіз. Одан бөлек, ауыл шаруашылығы, әлеу­меттік маңызы бар секторлар мен үлкен капиталды қажет ететін салаларға міндетті түрде мемлекеттік қолдау қажет. Мысалы, зауыттарға, инфрақұрылым құрылысы ауқымды инвестицияларға мұқтаж.

– Қазір нарыққа ресейлік және қытайлық компаниялар еніп кетті. Олардың қатысуы біздің экономикаға не береді?!

Жалпы, шетелдік компаниялардың келуі үшін жақсы жағдай жасалуы қажет. Бұдан кейін бақуатты, заманауи жабдық­­­талған ауқымды компаниялардың келгені бізге де тиімді. Әйтсе де, шетелдік инвесторлардың орнын өзіміздің отандық инвесторлар басып жатса қуану керек. Олар қайтсе де елдің мүддесі үшін жұмыс істейді. Отандық инвесторлардан жауапкершілікті талап ету де жеңіл болады. Сондықтан жергілікті инвес­торларға басымдық берген жөн.

Әнуар ҚАЙЫРБЕК

Тегтер: