Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:22, 26 Наурыз 2024

Экономиканы әртараптандыру: ұтамыз ба, ұтыламыз ба?

Экономика
Фото:

Қазір әлем елдері экономикасын әртараптандыруға ұмтылып жатыр. Тек қана шикізатқа байланған елдің болашағы бұлыңғыр екенін халықаралық сарапшылар да жиі айта бастады. Қазақстан экономикасын әртараптандыру үшін ең алдымен агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін арттырып, индустрияландыруды және сапалы цифрландыруды жүргізуді қолға алу қажет.

Осыған байланысты жүргізіліп жатқан жұмыстар үдеден шыға ма?! Экономиканы әртараптандыру жолында нені ескеруміз керек?! Біз осы сауалдарды экономикалық бақылаушы және саясаттанушы Әсем Қасымхановаға қойып көрдік.

– Әсем ханым, сіз шетелде білім алдыңыз?! Салыстырмалы түрде айтыңызшы, біздің Қазақстанның экономиканы әртараптандыруға қатысты қадамдарына көңіліңіз тола ма?!

– Бұл сауалыңызды өзім білім алған Эстониямен байланыстырып айтайын. Тәуелсіздік алған тұста Эстонияның ең басты сауда серіктесі Ресей болған. Кейін Эстонияға скандинавиялық мемлекеттер қолын созды. Басты серіктесі Финляндия болды. Қазір эстондар Финляндияға жылына 2,29 млрд доллар тауар экспорттайды. Еуропамен шекаралас орналасуы Эстонияға көптеген мүмкіндіктер сыйлады. Осылайша, бұл елде еркін кәсіпкерлер тобы қалыптасқан. 1995 жылы Эстонияда 10 мың жаңа компания құрылған екен. Бастапқыда, әрине, бұл елдің де халқы қиналды. Нәпақа іздеп қарт құрлыққа кеткендер де болған. Ал қазір Эстония дамыған ел. Бұл елді әлемге танытқан дүниенің бірі – жаңа технологияны меңгеру. Кеңестік кезеңнен қалған ескі технологиялардан арылып, Еуропалық заманауи құрылғыларды меңгеріп алуы – елді қазір цифрлы тұрғыда дамыған елге айналдырды. Эстонияда электронды азаматтық алу, электронды мектеп, электронды денсаулық саласы, электронды полиция әбден жетілген. Экономиканы әртараптандыруға ұмтылған елдің бірден-бір ескеруі тиіс дүниесі – ол цифрлық тұрғыда даму болуы керек. Қазір Эстония 15 посткеңестік елдердің ішінде ең бай мемлекет саналады. Елді табысқа жеткізген осы – телекоммуникация нарығы мен электронды жүйе. Осы жағынан алып қарасақ, біздің сәл кешеуілдеп жатқанымызды мойындауымыз керек.

Бірақ маман ретінде Қазақстан экономикасын әртараптандыруға қатысты ұтымды шешімдер де бар. Мысалы, қазір ауылдық аймақтарды дамыту мақсатында көптеген шаралар атқарылып жатыр. Қазақстан негізінен аграрлы ел болғандықтан, біздің негізгі «көзіріміз» осы болуы керек. Ауыл шаруашылығын дамытып, ауылдық жерлерде шағын және орта бизнестің жұмыс істеуіне мүмкіндіктер беру қажет. Логистика саласын жетілдіруге талпынып жатырмыз. Бұл да оңды іс. Осы арқылы отандық өнім өндірушілердің экспортқа шығуына мүмкіндіктер ашылады деп ойлаймын.

Қазір отандық сарапшылар «ауылды дамыту үшін ауылға салалық банктерді апару қажет» деседі. Экономиканы әртараптандыру аясында мұндай жаңашылдыққа бару керек пе?!

– Бүгінде ауылдық жерлерге микронесие беру ұйымдары барып жатыр. Өз басым, ауылға шағын несие беретін ұйымдарды апарғаннан гөрі, салалық банктердің баруына ықпал ету керек деп есептеймін. Себебі шағын несие ұйымдарының пайызы жоғары және олар шаруалардан кепілге қоятын қомақты зат сұрайды. Мұндай ұйымдардың ауылға баруы ауылдық жерде шағын бизнесті өркендете қоймайды. Мысалы, қандай да бір шаруа кәсібін жүргізуі үшін ол ұйымнан 2 млн теңге алды делік, оны 4 млн теңге етіп қайтаруы мүмкін. Өйткені шағын несие ұйымдарының пайызы екінші деңгейлі банктерден де жоғары. Үстемесі 30-50 пайыздан да асып кетеді. Сондықтан экономиканы әртараптандыру аясында ауылдағы шаруаларға 2-5 пайызбен несие беретін банктерді апара алсақ жөн болар еді. Бізге болашақта мұнайға тәуелділіктен арылудың жолдарын қарастыру керек. Рас, мұнай экономикамыздың қуатты драйвері. Бірақ оған қосалқы нұсқамыз болуы қажет. Мұнай шикізатымен қоса, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау, мұнай химиясын жетілдіру, ауылдық жерлерге көп жылдық шөп егу, био, нано технологияны жетілдіру тәрізді істерді қолға алсақ, тіптен тамаша болар еді. Экономиканы әртараптандыру дегеніміз – осы. Болашақта нақ осындай жүйеге сүйенуге тура келеді.

– Жалпы, біздің экономиканы әртараптандыру үшін нақты қанша уақыт қажет деп ойлайсыз?!

– Негізінде бізде ұстанған бағыт бар. Енді сол бағытты сауатты түрде жүзеге асыра алсақ, кемі бес-алты жылда экономиканы әртараптандырып алуға болады. Біз «отандық бизнеске жағдай жасалып жатыр» дегенді жиі айтамыз. Бірақ кәсіпкерлікті дамытуға қыруар қаражат бөліп, одан бірден үлкен нәтиже күту де сауатсыздық. Себебі алғашқы жылы ашылған жобалар бірден өзін-өзі ақтай қоймайды. Осыны ескеру керек. Маркетингтік талдау жүргізген жөн. Мысалы, қазір Қытайдың электромобильдері бүкіл әлемге танымал. Қытай үкі­меті осыған дейін электромобиль өндіру­­шілердің барлық көліктеріне субсидия бөлді. Араға екі-үш жыл салып, толық заряд­пен 200 шақырымнан астам жол жүре алатын көліктерді ғана субсидиялаймыз деді. Бізге де осылай субсидия, дотация, гранттар жағын қай салаға бөлу керек, қандай бағытқа бөлсе ол қаражаттар тез ақталатын дүниелерге зерттеу жасау керек. Сол кезде қаражат та желге кетпейді. Жобалар да өзін-өзі ақтайды.

– Қазір отандық нарықта шетелдік компаниялар жеткілікті. Олардың қатысуы біздің экономиканы әртараптандыруға ықпал ете ме?!

– Болашақта бізге нарықта қандай елдердің компаниясын көргіміз келеді деген сауалдардың жауабын айқындап алу керек. Осыған қатысты талаптарымызды, стандарттарымызды бекіту қажет. Бізге инженерлік жүйесімен, сапалы жабдықтары бар инвестор келгені дұрыс. Отандық нарықта белгілі бір тәртіп болуы керек. Ол тәртіп бойынша ең алдымен жергілікті инвесторларға мүмкіндіктер берілгені жөн.

Жалпы, шетел бізге жақсысын бермейді. Олардың мақсаты – бізді пайдалану арқылы табыс табу. Кез келген шетелдік инвестор пайдасыз жерге басын сұқпайды. Шетелдік инвесторлармен келісімге келгенде, бақылау пакетінің басым бөлігі өзімізде болуы керек. Осы арада талаптарымызды қойып, өз мүддемізді қорғауға басымдық бергеніміз жөн. Сол кезде ғана ұтып шығатынымыз даусыз. Экономикалық тұрғыда болсын, басқа салада болсын, мемлекеттің, ұлттың мүддесі басым болуы тиіс. Қандай да бір өзгерістерді, жобаларды жүзеге асырарда бұдан халыққа пайда бар ма деген сауал мазалағанда оның артында өкініш болмайды. Осыны ұмытпаған абзал.

Қарлығаш Сайлауова 

Тегтер: