Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:07, 10 Шілде 2025

Экономиканы әртараптандыру және күріш өндірісі

Экономика
Фото:

Экономиканы әртараптандыру, инвестициялар тарту, экономикалық ынтымақтастық орнату қазір де жиі айтылады.

 Бұған әр аймақтың үлес қосуы да міндетті. Осыған байланысты біз Қызылорда облысының экономикалық құрылымға қатысты үлесі жайында «Экономика және құқық» институтының маманы, экономист-сарапшы Жанар Күнтуғанқызымен тілдесуді жөн көрдік. 

– Жанар ханым, қазір экономиканы әртараптандыру жайы жиі көтеріледі. Осы орайда аймақтардың экономикаға қосар үлесі жайлы не айтасыз? Жапондар, кәрістер күріш өндірісі арқылы ғана экономикасына үлкен үлес қосып отыр. Осы орайда Қызылорданың ақ маржаны арқылы саланы өркендете аламыз ба?!

Қызылорда облысы – Қазақстан экономикасының құрылымында айтарлықтай үлесі бар өңір. Кеңес дәуірінен бері бұл аймақ күріш өндірісімен танымал. Алайда соңғы жылдары өңірдің экономикалық дамуы бірқатар сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр: күріш шаруашылығына қажетті судың тапшылығы, жаһандық климаттың өзгеруі және әлемдік нарықтағы тұрақсыздық.Осы орайда Қызылорда облысы үшін қазір экономиканы әртараптандыру мәселесі күн тәртібіне шықты. Бұл – жай ғана даму жолындағы бір бағыт емес, өңірдің болашағы үшін стратегиялық маңызды шешім. Қазіргі таңда аймақта жүзеге асып жатқан бірқатар жобалар осы бағыттағы нақты қадамдар. Мәселен, аймақта шыны зауытының ашылуы өндірістік серпіліс. Бұл зауыт тек шыны өндірісімен шектелмейді. Құрылыс, экспорттық логистика сияқты қосалқы салаларды қоса алып жүреді. Ал күріш егісі – суды ең көп тұтынатын сала. Қазіргі су тапшылығы жағдайында, бұл – үлкен тәуекел. Сондықтан облыс мал шаруашылығы мен су үнемдейтін агротехнологияларға негізделген егін шаруашылығына бет бұруы тиіс. Бұл ретте жергілікті ғалымдардың ұсынысын ескеріп, университеттер мен кәсіпкерлер арасындағы кооперацияны нығайту қажет.

– Қазір экономиканы әртараптандыруға қатысты Жол карталарымен жұмыс істеліп жатыр. Осы тұрғыда аталмыш аймақта қандай жобалар жүзеге асқаны жөн?

– Білуімше, облыстаауылшаруашылығында күріштен бөлек, жүгері, арпа, майлы дақылдар және бақша өнімдерін өсіруге басымдық беріліп отыр. Әкімдік кооперативтер құруды, су үнемдеу технологияларын енгізуді және фермерлерге жеңілдетілген қаржыландыру беруді жоспарлауда. Бұдан бөлек, Қызылорда аграрлық университеті мен Қазақ агротехникалық университеті арасында агроинновацияны енгізу бойынша меморандумдар жасалған. Жалпы, бағыт дұрыс. Енді осыны әрі қарай жетілдірген жөн.

– Экономиканы әртараптандыруда кәсіпкерлердің де рөлі зор. Өңір кәсіпкерлеріне нені ескеру керек деп ойлайсыз?!

– Қызылорда өңірінің кәсіпкерлері бұрын тек күрішпен шектелетін. Қазір нарық өзгерді. Біз енді өнімді өңдеуге бет бұрып жатырмыз. Сондықтан өңір кәсіпкерлері мемлекеттік қолдаудан құр қалмай, батыл қадам жасауы керек. Сапа мен тұрақты өндіріске көшкен абзал. Қызылорда облысы өз болашағын шикізатқа емес, инновацияға, агросекторға, шағын және орта бизнеске, баламалы энергияға негізделген экономикалық модельмен құруы керек деп есептеймін. Бұл үшін тұрақты саясат, кадр даярлау, инфрақұрылымды жетілдіру және халықпен кері байланыс аса маңызды. Облыс бұрын мұнай мен уран өндірісіне тәуелділігімен ерекшеленсе, соңғы жылдары экономиканы өндіруші сектордан өңдеуші секторға бағыттау қолға алынуда. Шыны зауыты 2024 жылы толық жұмыс істеуге көшті. Цемент және әк зауыттары құрылыс индустриясын жергілікті шикізатпен қамтамасыз етеді. Ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу кластерлері – күріш, балық, көкөніс өнімдерін экспортқа дайындайды. «Аралтұз» кәсіпорны – өңірдің брендіне айналған өндіріс, бүгінде Еуропа мен ТМД нарығына шығуда. Өңірге осы бағыттан таймай, экономиканың әртараптануына үлес қоса беру ләзім.

Қ.САЙЛАУ

Қызылорда облысы

Тегтер: