Экономиканы дел-сал ғып, Ұлттық қорға қол салдық
![None](/static/img/image.jpg)
Үкімет Ұлттық қордан алынатын трансфертті бұған дейін жоспарланған 1 триллион теңгеден 1,85 триллион теңгеге дейін арттыруды көздеп отыр.
Қазірде тиісті жарлықтың жобасы әзірленіп, президент қарауына жіберілетін болды.
Жалпы, біздің үкімет жыл басында 2021-23 жылдары Ұлттық қордың қаржысы қайда жұмсалатынын нақтылаған болатын. Ұлттық экономика министрі тәптіштегендей, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт былай бөлінетін болған: 2021 жылы – 2,7 трлн теңге, 2022 жылы – 2,4 трлн теңге және 2023 жылы 2,2 трлн теңге мөлшерінде қаржы бөлінбек. Бұған қоса, ұлттық экономика министрлігі елдегі даму бағдарламаларын қаржыландыруды ұлғайту үшін 2021 жылы Ұлттық қордан 1 трлн теңге мөлшерінде нысаналы трансфертті тартуды қоса ұсынды. Міне, біздің айтпағымыз – осы 1 трлн теңге. Енді қалыптасқан жағдайға байланысты үкімет Ұлттық қордан 1 трлн теңге емес, 1,85 трлн теңге алуды ойлап отыр. Өйткені экономикалық жағдай болжағандай емес болып шықты. Бұған қарап мемлекеттік бюджеттің жағдайы қиын және оны жасыру да қиындап бара жатқанын айтқызбай-ақ түсінуге болады.
Ұлттық қор банкомат па?!
Қазір мұнай дағдарысы бір абдыратып, коронавирус бір дағдартып, әлем экономикасының өзі шырмауға түсіп тұрған сәт. Ал мұндайда біздегі экономиканың жайы да көңіл күйді түсіретіні анық. Мысалы, былтыр көктемде қаржы министрлігі «Қазақстанның Ұлттық қорының қалыптастырылуы мен пайдаланылуы туралы 2019 жылғы есеп» жобасын жариялады. Ондағы мәліметтер бойынша 2019 жылдың басында Ұлттық қорда 26 трлн 62 млрд 38 млн теңге болған екен. Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2020 жылғы наурыздағы жағдай бойынша қорда енді 61 млрд 153,5 млн доллар актив қалды. Ұлттық банк дерегінше, доллардың нарықтық бағасы қазір 425 теңгеге тең. Салыстыру үшін айтсақ, Ұлттық банк 2019 жылғы 1 қаңтарда 1 доллардың нарықтық құны 384,2 теңге деп мәлім еткен болатын. Демек, шетелдік валюта мен активтерде сақтаулы қордың қаражаты теңгеде көбейіп шыға келуге тиіс еді. Алайда қазіргі бағамға шақсақ, Ұлттық қорда бүгінде небәрі 26 трлн 112 млрд 544,5 млн теңге ғана бар ($61 млрд 153,5 млн х 427). Бұған қатысты бізге пікір білдірген экономика ғылымының докторы Жаңабай Алдабергенов:
– Бюджет тапшылығын жабу үшін үкімет қордан жыл сайын трансферт қаржы алады. Бұдан бөлек, дағдарысқа қарсы шаралар үшін былтыр Ұлттық қордан қосымша 4,7 трлн теңге алынды. Пандемияға қатысты жағдай одан әрі ушықса онда тағы Ұлттық қорға қол саламыз. Негізі, бізде ол алған қаржыны Ұлттық қорға 100 пайызға қайта орнына қоя алатын мүмкіндік аз. Мұны мойындауға тура келеді. Елде дүрілдеп жұмыс істеп тұрған ірі зауыттар, ірі кәсіпорындар мен фабрикалар саусақпен санарлық. Импортқа тәуелдіміз. Экспортқа шығаратын мұнайдың бағасы арзан. Ұлттық қор ақша салып қойып, ала беретін банкомат емес. Біз Ұлттық қорды сауын сиырға айналдырып алдық. Ұлттық қор толығу үшін елде ірі өндіріс орындары көп болуы керек, импортқа тәуелділіктен толық арылу қажет. Егер біз осы қарқынмен Ұлттық қордан қаржы ала беретін болсақ, қордағы 26 трлн теңгені бес-ақ жылда түгесуге болады, – деді.
Мұнайлы елдердің мұңы көбейді
Мамандар алға тартып отырғандай, біздің үкімет бұған дейін де бірнеше мәрте Ұлттық қордың қаржысына қол салған-ды. «Алдағы уақытта мұнай бағасы төмендеп кетсе, қордан тағы да демеу қаржы алуға тура келеді» деген болжам да бар. Бұған қатысты экономист-сарапшы Меруерт Молдабекова: «Күні ертең мұнайдың құны 20 долларға түсіп кетуіне ешкім кепілдік бере алмайды. Себебі қазір мұнайға қараған мемлекеттің мұңы көбейіп тұр», – дейді.
Экономист-маманның айтуынша, мұнайдың бағасы түскен сайын, «экономикаға дем береміз» деп, 2008 жылдан бері Ұлттық қордан әр саланы қолдауға трансферттер бөлініп келді. «Ал егер қаржы осылай жұмсала беретін болса, онда Ұлттық қорды бес-алты жылда түгесіп тастауға болады».
– Біз былтыр 4,7 трлн теңгені экономикаға дем беру үшін Ұлттық қордан алдық. Бұл – долларға шаққанда 10 млрд долларға жуық қаржы. Сонда жыл сайын 10 млрд долларды Ұлттық қордан ала берсек, онда қордағы қаржыны әрі кеткенде бес-алты жылда тауысып аламыз. Демек, біз үшін болашақта Ұлттық қордың қаржысын тиімді пайдалану маңызды, – дейді Меруерт Молдабекова.
Жалпы, сала мамандарының айтуынша, экономиканың қатты қиналатын кезеңі әлі алда. Себебі мұнайдың бағасынан бөлек, коронавирустың салдары да алқымнан алатын кезең келе жатыр. Мысалы, былтыр пандемия кезеңінен бері бір жыл өтпей жатып Қазақстандағы бизнестің табысы күрт азайды. Елдегі шағын және орта бизнестің кірісі 50-100 пайызға дейін төмендеп кетті. Алыс-беріс сауда табысы төмендеді. Өнім шығаратын кәсіпорындардан бөлек, елдегі ірі сауда орталықтарының да табысы кеміп, олар қазірден бастап үкіметтен көмек сұрап жатыр.
Бағдарламалардың бабы келіспеді
Мамандарың пайымынша, біз 2007-09 жылдардағы дағдарыстан сабақ алып, үдемелі индустриалды-инновациялық бағытта жұмыс істеуіміз керек еді. Кезінде осыған қатысты арнайы бағдарлама қабылдап, «отандық экономиканы индустриалды-инновациялық жолмен дамытамыз» деген едік. Өкінішке қарай, бұл бағдарламаның басы бар болғанымен, аяғы сұйылып, ақыры өз жемісін бермеді. Ұлттық қордағы қаржыны көбейткіміз келсе, отандық өндіріске дем беріп, инновациялық, индустриалдық жобаларды қолдап отыруымыз керек еді. Олай істей алмадық. Ұлттық қордың ақшасын әлеуметтік салаларды қолдауға, банктерді демеуге, жәрдемақы, зейнетақы мәселесін қордан ақша алып шешуге болмайтын еді. Осыны дұрыс жүйелей алмай келе жатқанымыз өкінішті.
Тақырыпқа тұздық
Тақырыпты тұздықтаған экономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек Зиябеков:
– Бізде Ұлттық қорды басқару жүйесі дұрыс емес. Бірінші, Ұлттық қорға біз бюджеттен артылған қаржыны ғана жинауымыз керек. Ал бізде мұнайдан түскен түсімнен бөлек, мұнай секторы ұйымдарының тура салықтары (жергілікті бюджеттерге есептелетін салықтарды қоспағанда), корпоративтік табыс салығы, үстеме пайда салығы; пайдалы қазбаларды өндіру салығы; өнімді бөлу бойынша үлестер және тағы басқа салықтар осы Ұлттық қорға жиналады. Содан барып бюджетке ақша жетпей жатса, сол жиналған қаржыны шетінен ала береміз. Меніңше, Ұлттық қорға мүлде тиіспейтіндей, халықтың мұқтажынан артылған дүниені ғана жинау керек. Алдымен жоғарыда аталған түсімдерді нақты есептеп алып, бюджетке бөлу керек. Сосын артылғанын қайта алынбайтындай етіп Ұлттық қорға сақтап отыру керек. Бірінші осы мәселені шешу керек.
Екіншіден, Ұлттық қорды Ұлттық банк басқармауы керек. Ол тек үкімет бақылауында болуы тиіс. Бұл халықтың ақшасы болғаннан кейін, оны тікелей үкімет пен президент қызғыштай қоруы керек. Ұлттық банк Ұлттық қорды басқаратындай инвестициялық компания емес. Сондықтан Ұлттық банктен қорды басқаратын әлеуетті алу керек.
Үшіншіден, бір кездері біз банктерді де осы Ұлттық қор арқылы қолдадық. Негізінде, банк саласы экономиканың күретамыры іспетті нәрсе. Ал осы күретамырды енді-енді аяғынан тік тұрып келе жатқан мемлекет кезінде жекеменшіктің қолына беріп қойдық. Біз жіберген негізгі қателіктің бірі осы болды. Есіңізде болсын, енді-енді тәуелсіздік алған тұстары банк жүйесін жекеменшіктің қолына беруге келгенде бас қатырып ойлану керек еді. Себебі әр мемлекет өзінің қаржылық саясатын оңтайлы жолға қойып, халқының әлеуетін көтеру үшін оған арнайы бір құрал-жабдық қажет. Міне, мұндайда бірден-бір пайдаланатын құрал банк жүйесі екені белгілі. Ал біздегі осы қаржылық құралды билік тым еркінсітіп жіберді.
Төртіншіден, мұнай қымбаттаса бітті, Ұлттық қорға қол сұғып, оны орталап сорлатуды доғару қажет. Бізде мұнайдан бөлек, Менделеев кестесіндегі барлық элементтер бар. Бірақ ірі өндіріс орындарын жұмыс істетуді әлі жолға қоя алмай келеміз. Ең өкініштісі – осы, – деп ой түйіндеді.