Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 28 Маусым 2024

Екпіні қатты Сәтқалиевтің есебі қате

Сәтқалиев
Фото: Жас Алаш коллаж

Жуырда ғана елімізде Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше елдердің энергетика министрлерінің басқосуы болды.

Энергетикалық ведомстволардың басшылары ынтымақтастықты дамытудың 2030 жылға дейінгі стратегиясының жобасын мақұлдады. Артынан еліміздің энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Ресейдің, Қытайдың, Иран Ислам Республикасының министрлерімен жекелеген кездесу өткізді. Министр кездесу барысында мұнай-газ саласы мен энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, озық технологиялармен алмасу және инвестицияларды ұлғайту, сондай-ақ инновациялық шешімдерді енгізу, өндірістік процестерді жақсарту жөнінде сөз қаузады.

Осылайша, Сәтқалиев елордада екпіндеп сөйлеп, мұнай газ, энергетика саласын жандандыруға қатысты біраз жайттарды айтып көсілді. Оның ойынша, елдегі мұнай газ саласының болашағы жарқын. Бұл ретте жобалар мен бағдарламалар жүзеге асырылып, инвестициялар тартылып жатыр.

Ал ақиқатында, бұл салаға қатысты мамандар көтеріп жүрген бірнеше өзекті мәселелер бар. Тіпті бірқатар сала мамандары бүгінде «Қазақстанның мұнай өндірісі құлдырауға жақын» деген пікірлерді де ашық айта бастаған.

Мамандардың пайымдауынша, бізде мұнай өндіретін шағын зауыттар апатты жағдайға түсіп, жиі жабылып қалады. Одан бөлек, мұнай өндіретін үш ірі зауыт (Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ) та жиі бұзылады. Мұндай аяқалысымызбен мұнай өндірісін дамытып, болашағын жарқын, келешегін кемел етуіміз екіталай. Тіпті алдағы онжылдықта мұнайды тек шетке ғана экспорттап, өзіміздің ішкі сұранысты өтей алмай қалуымыз да әбден мүмкін. Зауыттардың тозғаны, апатты жағдайға жиі түсе беретіні бір мәселе болса, екінші өзекті дүние – Қазақстанда жаңа мұнай кен орындарының ашылмауы. Ел билігі сол баяғы тоқсаныншы жылдары келісімшарт жасаған Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ өндіретін мұнайдың бетіне әлі телміріп отырмыз. Енді аздаған уақыттардан соң бұл компаниялармен келісім уақыты да аяқталады. Теңізбен келісім уақыты – 2033 жылы, Қарашығанақтікі – 2038 жылы, Қашағандікі – 2042 жылы тәмамдалады.

Рас, қазір аталған кен орындары қарқынды жұмыс істеп жатыр делік, бірақ олар шығарған мұнайын тек шетелге экспорттайды. Елде жанар-жағармайдың, яғни мұнай өнімдерінің бағасы арзан болғандықтан бұл үш ірі зауыт мұнайды шикі күйінше шетке сата беруді жөн санайды. «Сондықтан болашақта ішкі нарықты қамту үшін үш ірі зауыттан бөлек жаңа кен орындарын ашып, солардың жұмысын жолға қойып алуымыз керек еді» деседі мамандар.

Мұнай саласына қатысты тағы бір түйінді мәселе бар. Бұл мұнай өнімімен ішкі нарықты қамтитын «Маңғыстаумұнайгаз», «Өзенмұнайгаз», «Ембімұнайгаз» секілді отандық компаниялардың ахуалы. Қазір олардың да жағдайы оңып тұрған жоқ. Бұл кен орындары да қатты ескірген. Технологиялық базалары Кеңес заманынан бері келе жатыр. Жұмысшылар уақытылы жалақы алмай қиналып қалатын кездер бар. Осы мәселе де мұнай-газ саласын кері кетіре бастағаны һақ. Бұдан соң бізде барлау қызметі жетілмеген, бұл салаға қаражат бөлу де тіпті мардымсыз.

Міне, осы аргументтерді алға тартатын мамандар еліміздің энергетика министрлігіне болашақта жаңаша қадамдар, ғылыми-зерттеулер, технологиялық базаларды жасақтау қажеттігін алға тартты.

Механика және мұнай газ ісі мамандығын зерттеп жүрген ғалым Айдос Жаппаровтың айтуынша, үкімет мұнай газ өндірісін дамытуға жедел кіріспесе, келешекте бірнеше жоспарлар орындалмай қалуы ықтимал. Әсіресе президент Тоқаевтың үкіметке «Ұлттық қорды 2030 жылға дейін 100 млрд долларға жеткізіңдер» деген тапсырмасы көзден бұл-бұл ұшса таңғалмаймыз.

«Осы уақытқа дейін мұнай газ өнеркәсібіне қатысты қаншама бағдарламалар, жобалар қолға алынды. Министр Сәтқалиев осы «постқа» келгелі ішкі нарықты газбен қамтамасыз ету, отын-энергетикасын дамыту, АЭС салу жайын жиі айтады. Бірақ жаңа мұнай кен орындарын ашу үшін арнайы зерттеулер жасау, барлау жұмыстарына мол қаражат бөлу жайы тасада қалып жатыр. Қаламқас-теңіз және Каспий мұнай кен орындарын игеру жобасы тек 2026 жылы қолға алынбақ. Негізі бұл кен орындарын бес жыл бұрын бастауымыз керек еді. Қазір жемісін жеп отырған болар еді. Жалпы, біз «мұнай газ саласында отандық үлес көп болуы керек» деп айтып келеміз. Мысалы, елдегі мұнай өндіретін шетелдік компаниялардың үлесі он жыл бұрын 60 пайыз болған. Қазір бұл үлес 70 пайыздан асты. Шетелдіктер игеріп отырған үш кен орнына тәуелді болып отырғанымыз осыдан-ақ белгілі. Мұнайымызды игеріп отырған шетелдік компаниялар тіпті біздің үкіметпен соттасуға дейін барған күндер болды. Жаңылмасам, былтыр Қашағанды игеруші шетелдік компаниялар үкіметті халықаралық сотқа бермек болды. Нақ осы әрекет бізге мұнай газ саласында отандық компаниялардың үлесін арттырып, жаңа кен орындарын ашу керектігін көрсетіп отыр. Энергетика министрлігі болашақта осы мәселеге қатты мән беруі керек», – дейді А.Жаппаров.

Маманның сөзінің жаны бар. Расымен де былтырғы Қашаған дауы көзіқарақты жұрттың есінде. Қашағандық инвесторлар экологиялық талапты бұзғаны үшін Қазақстан үкіметі салған 2,3 трлн теңге көлеміндегі айыппұлмен келіспей, халықаралық арбитражға жүгінгісі келген. Артынша, бұл іс Астананың мамандандырылған сотында қаралып, Қашаған операторы күкірт диоксидін жағып, оны Каспий теңізіне төккені үшін 12 млрд 419 млн теңге айыппұл төледі.

Айдос Жаппаров күкірттің ашық ауада жанып жатуының өзі бұл салада өңдеу қызметінің жетілмегенін, елде мұнай химиясы, мұнай өңдеу технологиясы жетілгенде мұндай бассыздықтар болмайтынын айтады.

«Біз осы уақытқа дейін мұнаймен ілесіп шығатын күкірттерді сақтайтын ұлттық орталықтар болуы керектігін айттық. Ол күкірттерді ауыл шаруашылығында тыңайтқыш ретінде пайдалануға болатын еді. Ауыл шаруашылығында топырақта жетіспейтін калций мен күкіртті фосфогипс арқылы толықтырып, оны шетелден қаншама млрдқа сатып аламыз. Ал өзіміздегі мұнаймен ілесіп шығатын күкіртті ашық ауада жақпай, ұқсата алғанымызда ұтатын едік. Бірақ біздің министрліктер мұндай ұсыныстарды елеп, ескермейді. Министрліктерде ғылыми-зерттеу дегеннің не екенін ұқпайтын шенеуніктер отыр. Сондықтан біз қарқынды дами алмай келеміз», – дейді Айдос Жаппаров.

Жалпы, жаңа кен орындарын ашу, ғылыми барлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу – өте күрделі процесс. Ол үшін алдымен ғылыми геологиялық барлау керек. Салада білікті мамандар мен ғалымдар болуы қажет. Мол қаражат бөлінуі тиіс. Ұзақмерзімді жоспарлар құрылып, технологиялық базамыздың діңгегі мықты болуы қажет.

«Маңғыстаумұнай» компаниясын бірнеше жыл басқарған ардагер мұнайшы Меңдеш Салихов бізде нақ осы жағынан кемшіліктер өте көп екенін мысал етті. Қазақстанның экономикасын нақты көтеріп тұрған мұнай саласы екені баршаға белгілі. Алайда үкіметте осы саланың ой-шұңқырын жете білетін, оның өндірісін бес саусағындай меңгерген топ менеджерлер жоқ. Министрлер мен компаниялардың басшылығында сала мамандары емес, геологияны, барлауды, өңдеуді, өндіруді түсінбейтін мамандар отыр. Міне, біздің экономиканың соры.

«Біздегі кен орындарын технологиялық жағынан жетілдіруге, мұнайды тереңнен өндіріп алуға, қосымша барлау жұмыстарын жүргізуге қаражат қана емес, білікті маман қажет. Қазір мұнайдың айналасында білімді адамдар жоқ. Ол мұнайды зерттеп, жаңадан кен орындарын ашуға талпынайық деп отырған ғылыми орталықтар болуы керек. Барлау жұмыстарына арнайы ғылымдар араласып, қомақты қаражаттар бөлінуі қажет. Бізде, керісінше, барлау жұмыстарына тіпті қаражат бөлінбейді десе де болады. Жағдай шынымен қиын. Мысалы, Қазақстанда геологиялық барлауға бөлінетін қаржы өте аз. 1 шаршы шақырымға 8 доллар мөлшерінде ақша бөлінеді. Ал енді көрші Ресейде – 25 доллар, Өзбекстанда – 98 доллар, Австралияда – 167 доллар, Канадада – 203 доллар беріледі. Шаршы шақырымына 8 доллар бөліп, барлау өндірісін жолға қоямыз деу күлкілі әрі аянышты. Бұлай болмайды. Бұл шынымен құрдымға апаратын жол. Тағы сол көрші Ресейде біз сияқты ардагер мамандардың кеңесіне жүгінетін орталық бар. Олардың біреуі – үкіметте кеңесші, біреулері – ғылыми-зерттеу орталықтарды басқарады, енді бірі – министрлердің жобаларына ақыл қосады. Ресей ардагер мұнайшылардың ақылына көп жүгінеді. Ал біздің үкімет айтқан ұсыныстарды ескермейді, жазғаныңды оқымайды. Олар біздің ақылымызға мұқтаж емес. Министрлер мен үкіметтегілер өндірістің не екенін білмейді. Бірақ оны дамыту жөнінде жоспарлар құрады. Қазақстан жылдар бойы мұнай өндірісінің жылдық көлемін 100 млн тоннаға жеткізе алмай келеді. Оған жету үшін жаңа кен орындары табылуы керек. Ол табылған күннің өзінде, құбыр жүргізу, зауыт салу, өндірісті дамыту секілді жұмыстар ең кемі бес, алты жылға созылады. Оның айналасына білімді мамандар жасақталуы керек. Сонау тоқсаныншы жылдардан бері елде тек үш ірі мұнай өндіретін кен орны бар. Оның өзі шетелдіктердің иелік етуімен жүзеге асырылып жатыр. Тым құрығанда 2020 жылдан бері жаңа кен орындары ашыла бастағанда оның жемісі 2030 жылдары көріне бастайтын еді. Ал енді келіп алып министрлер «2030 жылы мұнай өндіру көлемі артады. Ол кезде 104 млн тоннадан артық мұнай өндіреміз, Ұлттық қор 100 млрд доллар болады» деп есеп береді. Мұндай есептерді айту үшін де, алдымен жүйелі, сауатты жұмыс істеу керек емес пе?! Ғылым мен технология дамымай жатып, басқару саласында сауатты мамандар жасақталмай жатып, «қызылды-жасылды» сөздер айтуға тым құштармыз. Мені осы қынжылтады», – дейді Меңдеш Салихов.

Сондай-ақ маманның айтуынша, жаңа кен орындарын ашу үшін ең алдымен инвестиция тарту керек. Алайда мұны жүзеге асыру үшін отандық кәсіпкерлерге берілетін мүмкіндіктер аз. Бұл ретте мұнай газ өнімдеріне қойылатын тарифтік шектеулер отандық кәсіпкерлердің көңіл күйін бұзады. Мәселен, елдегі үш ірі кен орнын игеріп отырған шетелдік компаниялардан басқасының бәрі өндірген мұнайын ішкі нарыққа өткізуі тиіс. Ал ішкі нарықта да бензин, керосин, газ бен басқа да жанар-жағармай саудасын белгілі монополистер жүргізіп отыр. Сондықтан бұл салада жаңадан келген кәсіп иелеріне бірден «қаржыны салдым, табысқа шықтым» деп сенімді сөйлеу де қиын. Отандық инвесторлар қысқа мерзімде табыс көре алмайтынын біледі де, ақша да сала қоймайды. Сондықтан үкімет осы мәселені реттеп, бұл салаға жаңадан келетін жергілікті кәсіпкерлерге демеу беруі қажет. «Атқарушы билік олай етпесе, қара алтыннан «қаймақ» алып, ел болып, оның қызығын көруіміз қиын».

Жалпы, осы мәселелерді алға тартқан мамандар бізге болашақта халықаралық форумдар, басқосулар, кездесулер өткізе бергеннен гөрі, нақты іске көшкен абзал екенін айтады. Алайда энергетика министрі ондай жиындарда отандық мұнай-газ, энергетика және атом өнеркәсібінің жетістіктері жайында ұзағынан толғаудан танбайды. Осылайша, мұнай өндірісінің жай-жапсарын білетін сауатты мамандардың тапшылығы, кен орындарының тозғандығы, жаңа кен орындарының зерттелмей жатуы қауіпті құбылыс екенін министр Сәтқалиев мойындай қоймайды. Оның ойынша, біздегі мұнай-газ саласы енді бір бес жылда қарқындап дамиды. Сауатты маманы, жаңадан ашылып жатқан кен орындары, қуатты технологиясы болмаса да үкімет мүшелері осындай жоспарларын айтудан танбайды.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ