Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:54

Экс-әкімнің ұлына қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды: ол туған қызына зорлық жасаған

Сот
Фото: СҚО

Солтүстік Қазақстан облыстық соты экс-әкім Қайрат Пішенбаевтың ұлы – 30 жастағы Әділхан Сәкеновке шыққан "өмір бойғы бас бостандығынан айыру" үкімін қайта қараудан бас тартты. 

Сәкенов туған қызына қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін айыпталған. Ол 2024 жылдың маусымында қамауға алынып, биылғы ақпанда бірінші инстанция соты оны өмір бойына бас бостандығынан айырды. Ресми мәліметтерге сәйкес, Әділхан Сәкенов — жоғары білімді, АО «СПК «Солтүстік» мекемесінде бас маман болып жұмыс істеген, үйленбеген. Тергеу деректеріне сай, жантүршігерлік қылмыс ешкім жоқ кезде үйінде жасалған. Қыздың анасы оқиғаны баланың телефонындағы фотосуреттер арқылы біліп қойған. Дәл осы суреттер негізгі айғақ болды.

– Сот С-ны ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабы 4-бөлігі («Кәмелетке толмағанға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері») бойынша қылмыстық құқықбұзушылық жасады деп танып, оған өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ ҚК-нің 50-бабы 2 және 3-бөліктеріне сәйкес, С-ға педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды өмір бойы атқаруға тыйым салу жазасы тағайындалсын, - деп үкімнің қорытынды бөлігін судья Ерлан Нұршарып оқыды.

Сәкенов пен оның туыстары үкіммен келіспей, апелляцияға шағым түсірген. Ол үшін олар атақты адвокат Игорь Вранчевті қорғаушы ретінде жалдады. Қорғаушылар тергеу мен сараптама барысында қателіктер болды деп мәлімдеді. Тіпті, жәбірленуші — 9 жастағы қызды «оқиғаны өзі ұйымдастырды» деп айыптауға тырысты.

— Қорғаушының айтуынша, жәбірленуші фотосуреттерді әдейі түсіріп, телефондағы дыбысты өшірген. Бұл – оның әрекетке саналы түрде барғанын көрсетеді, - делінген сот материалдарында.

Сондай-ақ адвокаттар Сәкеновтің әрекетін ауыр қылмыстан жеңілірек бапқа ауыстыруды сұрады – яғни «16 жасқа толмаған тұлғаға қатысты әдепсіз қылықтар» бабы бойынша жауапкершілікке тарту. Бұл жағдайда ол тек қоғамдық жұмыстарға немесе 50 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынар еді. Сәкенов өз кінәсін мойындамай, бұл әрекетін «әкелік мейіріммен» деп түсіндірді.

Алайда облыстық сот алғашқы инстанцияның үкімін күшінде қалдырды. Енді бұл шешім заңды күшіне енді. Үкімге сай, сотталған адам жәбірленуші тарапқа 3 миллион теңге моральдық өтемақы және тағы 1 миллион теңге өкілдік шығындарын өтеуі тиіс.

Айта кетейік, Әділхан Сәкеновтің әкесі – Қайрат Пішенбаев – СҚО-да белгілі тұлға. Ол Уәлиханов ауданының әкімі, мемлекеттік еңбек инспекторы, «Нұр Отан» филиалы төрағасының бірінші орынбасары және мәслихат депутаты болған. 2024 жылы зейнетке шығып, қазіргі таңда «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясының өңірлік филиалының төрағасы қызметін атқарады.

Тегтер: