Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:45

Экс-финполиция басшысы Қожамжаров тергеуге алынды

Қайрат Қожамжаров
Фото: Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Баспасөз қызметі

Экс-прокурор, бұрынғы Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаровқа қатысты тергеу басталды.

Қайрат Қожамжаровқа тағылған айыптар

Бас прокуратураның мәліметінше, оған қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және қылмыстық жолмен табылған қаржыны заңдастыру фактілері бойынша айып тағылып отыр.

«Экс-шенеунікке әртүрлі кезеңде атқарған басшылық қызметінде осындай заңбұзушылықтарға жол берді деген күдік келтірілді», – деп хабарлады ведомство.

Тергеу жүргізу үшін арнайы тергеу-жедел топтары құрылып, оларды арнайы прокурорлар қадағалайды.

Қожамжаровтың айналасы да тексеріліп жатыр

Бұған дейін Қожамжаровтың ең жақын серіктері де тергеуге алынғаны белгілі болған. Атап айтқанда:

Ұлттық бюроның бұрынғы басшысы Талғат Татубаев;

Арнайы прокурорлар қызметінің экс-басшысы Олеся Кексель.

Екеуі де Қожамжаровтың сенімді серіктерінің қатарында саналатын.

Сонымен қатар, бұрынғы финполиция мен Бас прокуратура басшысына жақын тағы бір тұлға – Талғат Махатов абақтыда отыр және жуырда оған тағы ұзақ мерзімге сот үкімі шығарылды.

Соңғы деректерге сүйенсек, тергеушілер қазір Мақсат Дүйсеновке де назар аударып отыр. Алайда бұрынғы күштік құрылым өкілі мұндай жағдайды алдын ала біліп, дер кезінде жасырынып үлгерген.