Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:57, 27 Сәуір 2021

Экс-мәжілісмен не үшін сөгіс алды?

None
None

Бұған дейін парламент мәжілісінде нық отырған, ал биылғы сайлаудан соң, туған жері – Павлодар облысына қайта ығыстырылған депутат, бүгінде металлургтер шаһары – Ақсу қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов ширек ғасырлық мемлекеттік қызметінде алғаш рет сөгіс алыпты.

Осыдан тура үш ай бұрын тағайындалған әкім үшін жазаның мұндай түрі төбесінен жай түскендей әсер қалдырғанға ұқсайды. Ол облыс әкімінен келген хаттың суретін әлеуметтік желідегі парақшасына жариялап, таңданысын жасыра алмады.

Нұржан Әшімбетов – Павлодар облысындағы барлық үш қаланың әкімі болған жалғыз адам. Бір кездері Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласына да басшылық еткен еді. Кейін президент әкімшілігінің инспекторы, Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметтерін атқарды. Осыдан екі жыл бұрын кеншілер шаһары – Екібастұз қаласын басқарып тұрған тұста мәжіліске «жолдама» алды. Биылғы сайлаудан соң, «нұротандықтардың» тізімінен табылмай, Ақсу қаласы әкімінің орнына жайғасты. Мәжілісмен әкім болғаны сол еді, қаладағы біраз былықтың бетін ашып, бұрынғы басшының «бүлдіргенін» қазбалай бастады.

Мысалы, жақында тұрғындармен өткен кездесу кезінде Нұржан Әшімбетов қаланың құрылыс, коммуналдық шаруашылық бөлімдері мен жер комиссиясының жұмысын жерден алып, жерге салды. Ақсу қаласында осыдан екі жыл бұрын көпбалалы аналарға берілген жер үйлер мен көпқабатты баспаналардағы пәтерлердің қабырғасы сөгіліп, төбесінен су ағуына шенеуніктердің кінәлі екені анықталды. Олар құрылыс барысын жіті бақыламағандықтан, мердігерлер үйлерді қалай болса солай сала салған. Енді зардабын қарапайым халық шегіп отыр. Ол –  ол ма? Шаһардағы үш көпқабатты үй, бір жатақхана және 18 жер үй құжат жүзінде ғана тұрғындарға пайдалануға берілген екен. Ал іс жүзінде мұнда ешкім тұрмайды. Себебі баспаналар тұруға жарамсыз. Бұған тағы да мердігерге ақшаны аударып, жұмысты қабылдап алған құрылыс бөлімі кінәлі. Қазір бұл мекеменің қызметкерлеріне қатысты тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ал жергілікті коммуналдық шаруашылық бөлімі алматылық мердігер – «Дала» компаниясына су құбырларын жаңарту үшін қаланың барлық дерлік аумағында қазу жұмыстарын бір уақытта жүргізуге рұқсат бергені үшін кінәлі болып шықты. Атқамінерлер мердігердің ісін қадағаламаған соң, олар да ойларына келгенін істеген. Шұңқырлардың бәрін ашық қалдырып, жұмысты жарты жолдан тастап, былтыр қарашада тайып тұрыпты. 20 шақырым су құбырын жаңартуы тиіс компания тек 10 шақырымын жүргізіп, содан бері төбе көрсетпеген.

Нұржан Әшімбетов осы және өзге де былықтардың бетін ашып, тұрғындарға түсіндіргені сол еді, түстен кейін облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтан сөгіс алды. «25 жылдық мемлекеттік қызметімде маған сөгіс жарияланғаны туралы алғаш рет хабарлама алып тұрмын», – деп, облыс әкімінің қолы қойылған хабарламаны фейсбуктегі парақшасына жариялады.  

Сөйтсек, ол бұл сөгісті бірінші тоқсанда Ақсу ферроқорытпа зауытының өндірістік көрсеткіші төмендегені үшін алыпты. Мұны білген желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды: бірі әкім өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тұтастай жауапты десе, екіншісі жергілікті жердегі басшының жеке компанияның көрсеткішіне ықпал етер күші жоқ екенін жазды. Шынымен бұл зауыт құрамына кіретін ERG компаниясының басшысы Александр Машкевичке шағын ғана қала әкімінің сөзі өте ме? Облыс әкімі өндірістік көрсеткіштің төмендеуіне қатысты есепті қол астындағы әкімнен емес, өресі жетсе супермиллиардер Машкевичтен сұрамай ма? Бұдан соң, Ақсу ферроқорытпа зауыты тырнақ астынан табылған «кір» ме деп қаласың. Сөгіс жариялар басқа ілік таппаған соң, Машкевичтің артына тығылды ма екен, кім білсін?!  

Қазбалай берсек, даудың басы «КронАгроның» сиыры болатын сыңайлы. Тарқатып айтсақ, осыдан бірнеше күн бұрын Ақсу қаласының әкімі қаладан 300 метр жердегі бұрынғы автобазаның орнын пайдалану мақсаты жер комиссиясының шешімімен өзгеріп, шаруашылыққа берілгенін хабарлаған еді. Ол тұста қаланы басқа әкім басқарған. Содан қала шетінде ірі шаруашылық салынды. Тұрғындар бұл шаруашылықтан келетін иістің қаланы алып кеткеніне шағымданған соң, жергілікті билік себебіне үңілсе, жер комиссиясының шешімі де, Ақсу қаласы әкімдігінің қаулысы да, заңсыз түрде қабылданғанға ұқсайды. Яғни автобазаның орны мал шаруашылығын дамытуға берілмеуі тиіс еді. Ал «КронАгроның» құрылтайшылары құрамында Павлодар облысының экс-әкімі Болат Бақауовтың жақын туысы бар көрінеді.

        Содан бұл мәселе қоғамның қызу талқысына түсті. Шаруашылықтың құрылтайшылары Нұр-Сұлтан қаласында баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, бұл жерде Бақауовтың түк қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Одан қалса, Нұржан Әшімбетов ірі тауарлы сүт фермасының дамуына, яки кәсіпкерліктің жұмысына кедергі келтіріп отырғанын айтып, президентке шағымданатындарын білдірді. Айта кетейік, бұл шаруашылық құрылтайшыларының бірі – кезінде ERG құрамында бәлен жыл басшы болған миллиардер Алмаз Ибрагимовтың баласы.

Осындай мәлімдемеден соң, Нұржан Әшімбетов өмірінде бірінші рет сөгіс алыпты. Бұл сәйкестік пе, әлде билік пен олигархтар арасында қырғи қабақ соғыстың басталғанын білдіре ме? Кімдікі бұрыс, кімдікі дұрыс? Шынтуайтына келгенде, экс-мәжілісменнің сөгіс алуының астарында не жатыр? Бұл жағы қарапайым халыққа әзірше жұмбақ болып отыр.

Тегтер: