Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:55

Экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысты жаңа деректер шықты

Сайлыбаева
Фото: zhasalash.kz

Сайлыбаевтар отбасының адвокаты BAZA Telegram-арнасына берген мәліметінде Айгүлдің Александр Донцовпен 2015 жылы Ұлыбританияда танысқанын айтты.

 Бірнеше жылдан соң олар үйленіп, отбасында қыз бала дүниеге келген. Алайда уақыт өте келе отбасылық қатынастар шиеленісіп, жанжалдар жиілеген.

Адвокаттың айтуынша, Айгүлдің қайын енесі Наталья Донцовамен қарым-қатынасы әсіресе қиын болған. Донцова бұрын тергеуші әрі нотариус болып жұмыс істеген, 2018 жылы Мәскеу мэрі сайлауына ЛДПР партиясынан кандидатурасын да ұсынған. Дәл осы Наталья Донцова ұлы мен келінін Германияға көшуге мәжбүрлегені айтылады.

2024 жылғы 4 маусымда Айгүл Сайлыбаева із-түссіз жоғалған. Қазақстандағы туыстары онымен байланыса алмаған, ал күйеуі әйелінің қайда екенін түсіндіре алмаған. Бір аптадан астам уақыт бойы полиция мен еріктілер іздеу жүргізіп, ақыры жергілікті көл маңынан чемоданға салынған әйел адамның мәйітін тапқан. Сараптама бұл мәйіттің Айгүл Сайлыбаева екенін растады. Сондай-ақ, оның жүкті болғаны анықталған.

BAZA дерегінше, тергеушілер ең алдымен Айгүл жоғалған түні Германиядан асығыс ұшып кеткен қайын енесі Наталья Донцоваға назар аударған. Әуежай камералары оның қолының жарақат болғанын тіркеген.

Алайда адвокаттың айтуынша, Айгүлдің күйеуі Александр Донцов бастапқы кезеңде күдікке ілінбеген. Ол әйелінің жоғалуына байланысты төрт ай бойы ай сайын 1200 еуро көлемінде жәрдемақы алған. Төлемдер тоқтаған соң, қызымен бірге Ресейге кеткен.

Осыдан кейін ғана Донцовтар тұратын үйден өшірілген қан іздері, жертөледен және көліктен биологиялық іздер, сондай-ақ Наталья Донцованың іздері қалған болуы мүмкін қылмыс құралы табылғаны хабарланды.

Сайлыбаевтар отбасының адвокатының болжамынша, 4 маусым күні Айгүл күйеуінің қыздарына Ресей азаматтығын жасырын рәсімдеп жатқанын білген. Жанжал кезінде Александр Донцов оны итеріп жіберіп, Айгүл басын соғып есінен танған. Ол әйелін өлтіріп алдым деп ойлап, анасына хабарласқан.

«Айгүл есін жиған кезде Донцовтар оны өлтіру жоспарын жасаған. Айгүл қарсылық көрсетіп, қайын енесін жаралаған. Бірақ соңында ауыр затпен басынан ұрып, өлтірген. Бұл жағдайлардың барлығы кәмелетке толмаған қыздың көз алдында болған, содан кейін ол бірнеше күн сөйлей алмай қалған», - делінеді материалда.

Аутопсия хаттамасына сәйкес, мәйітті бөлшектеуге әрекет жасалған. Айгүлдің денесі бір жарым апта бойы мұздатқышта сақталған, кейін Александр Донцов оны көл маңындағы кәріз құбырына тастамақ болған. 16 маусымда еріктілер мәйітті сол жерден тапқан.

Тергеудің негізгі айғақтары ретінде пәтер мен жертөледегі қан іздері, қайын енесінің көлігіндегі биологиялық іздер, сондай-ақ Айгүл мен Наталья Донцованың ДНҚ-сы табылған қылмыс құралы аталады.

Сайлыбаева
Фото: zhasalash.kz

 

БАҚ мәліметінше, қазіргі уақытта Наталья Донцова Мәскеуде тұрады. Оның ұлы Александр Донцов та Ресейде, Жоғары экономика мектебі (НИУ ВШЭ) университетінде жұмыс істейді.

Айгүл Сайлыбаеваның туыстары күдіктілердің сот алдында жауап беруін талап етіп отыр.

2024 жылғы маусымда Германияда Қазақстан азаматы Айгүл Сайлыбаеваның жоғалғаны белгілі болды. Қазақстан СІМ-нің мәліметінше, 5 маусымда Франкфурт-на-Майндағы бас консулдыққа оның жоғалғаны туралы хабар түскен.

Кейін мәйіттің Бенсхайм қаласы маңынан табылғаны хабарланды. Немістің Bild басылымы әйелдің өлер алдында зорлық көргенін жазды. Германияда кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Дармштадт сотының шешімімен Наталья Донцова күдікті деп танылып, Германия мен Еуропаның өзге елдерінде қамауға алу туралы ордер жарияланған.

2025 жылғы 13 қарашада Қазақстан ІІМ Айгүл Сайлыбаеваға қатысты азаптау дерегі бойынша тергеу бастағанын мәлімдеді. Қазақстанда Айгүлдің күйеуі мен қайын енесіне іздеу  жарияланды. Ал 2 ақпанда Ресей Тергеу комитеті Донцовтардың Мәскеуде жүрген-жүрмегенін тексеруді тапсырды.