Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:28, 22 Қараша 2023

ЭКС-тер жиналған экс-президенттің дастарқаны

экс-президент
Фото: из открытых источников

18 қараша күні Астанадағы республикалық бас мешітте тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев інісі Болат Назарбаевқа ас берді.

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты елбасы деп, саяси аренадағы миссиясын орындағанын айтты. «Мен ештеңеден қамықпаймын. Өз басыма Алланың берген шаруасын орындадым», – деп санаймын деді Қазақстанның экс-басшысы.

«Қаңтар» оқиғасынан кейін ел алдына шықпай кеткен экс-президент экс-шенеуніктердің басын қосты десе де болады. Нәзірге Қаңтар оқиғасынан кейін көзге түспей кеткен, бейресми түрде Ескі Қазақстан өкілдері аталып жүрген Нұртай Әбіқаев, Ахметжан Есімов, Қайрат Мәми, Қайрат Қожамжаров, Өмірзақ Шөкеев, Қуаныш Сұлтанов, Даниал Ахметов, Қалмұханбет Қасымов, Ерлан Тұрғымбаев, Игорь Рогов, Сергей Кулагин, Гүлшара Әбдіхалықовалар келді. Ет жақындарынан қарындасы Әнипа Назарбаева, үлкен қызы Дариға Назарбаева, күйеу баласы Тимур Құлыбаев, құдасы Берік Имашев қатысты.

«Неге бір туған адамын қазақ бауыр деп айтты. Өте қиын. Ең кіші бауырымыздан айырылдық. Көз алдымда туған, көз алдымда еркелеп өскен еді. Кеше жерлегенде ауылдың азаматтары жақсылығын тізіп айтып жатты. Алла алдынан жарылқасын. Қабырғамыз қайысқан, біздің отбасымыздың қиыншылығын бірге көтеруге президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтан бастап көрші елдердің президенттері көңіл айтып жатыр», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өзіне бек сенімді, кесіп-пішіп сөйлейтін билеуші бейнесінде көзіміз үйренген экс-президенттің ет пен сүйектен жаралған, қарапайым пенде қалпында елдің алдына шығуы тосындау көрінгені рас. Бұған дейін де бұл отбасында өлім-жітім болды. Ол кезде президент және оның отбасы үнсіз қалды. Мемлекет басшысының резиденциясы бекіністей берік және бағзы замандағы корольдердің жабық сарайын еске түсіріп еді. Әрине, Рахат Әлиевтің қайын атасына қарсылығы мен Айсұлтан Назарбаевтың атасының маңайындағы саяси элитаны сынауы, одан басқа да жұртты тіксіндірген деректерді жариялауының әсері болды деуге де болады. Бірақ қазақ топырақты өлімде қашан жоқтау айтпай, қашан көңіл айтпай қалған еді? Аяғанды, жанашыр болғанды сүйетін мінезімізді ескерсек тірісінде императорлар сынды өзіне ескерткіш орнатқан Назарбаевтың мына бейнесі кейбірімізге жағып та кетті. Ол «артында жақсы аты қалған адам өлмейді» деген тәмсілді жақсы біледі. Жасы 84-ке қараған экс-президенттің «болашаққа қандай атым қалады?» деген алаң көңілі бардай.

«Тәуелсіздікті орнату бізге оңай болған жоқ. Өз басым Алланың берген шаруасын орындадым деп санаймын. Менің жаным тыныш. Шаруам дұрыс. Айналайын халқым, 1992 жылы Сауд Арабиясы королінің шақыртуымен Меккеде екі рет болдым. Сонда намаз оқып бар тілегім – қаншама қиындық көрген қазағыма тәуелсіздік бер. Соны нығайта көр. Соны ұстап қалуға күш-қуат, ақыл бер деп тіледім. Сол тілегім орындалған сияқты», – дейді Назарбаев.

Оның баспасөз қызметі ютуб арнасы жариялаған видеода экс-президент қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атын төрт рет атайды. Елбасы деген айырылған статусын екінші президентке жапсыра сөйлейді.

«Қасым-Жомарт Тоқаев қолынан келгенше барлық шаруаны істеп жатыр. Әр буынның өз жолы болады. Әр буынның өзгертуі болады. Мен өз шаруамды ендігі ұрпаққа бітіріп бердім. Ендігі біздің мақсатымыз – елді ары қарай өркендету. Қиын жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Дүниежүзінде неше түрлі болып жатыр. Ана жақта да, мына жақта да. Құдайға тәуба, біздің елде соғыс оты ойнаған жоқ. Тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін бір адамдай елбасының жасап жатқан шаруасын қолдауымыз керек. Онсыз мемлекет те болмайды».

Демократиялық институттарды жаныштаған, шексіз билікке ие болған авторитар басшының туған-туыстары нарциссизм дертіне шалдығады дейді зерттеушілер. Ал ол қоғамдағы теңсіздік пен толып жатқан әділетсіздіктерді айтпағанда билік пен халық арасын алшақтатады. Бұқараның бірінші басшыдан бастап саяси элитаға деген сенімін жоғалтады.

Экс-президенттің інісінің қайтыс болуына арнап дастарқан жайып, Құран түсіруі – қазақы жол, мұсылмандық парыз. Өз сөзімен айтқандай, еркелеп көз алдында өскен іні рухына деген ағалық көңілі. Айтпақшы, інісіндей еркелей өскен ет жақындарын Нұрсұлтан Назарбаев «Елбасы туралы» конституциялық заңмен де еркелете түскен. Қазақстандағы өзге азаматтардан хақысын жоғары қойып берді. Бәрін жасады. Енді іні алдында соңғы қарызы мен парызы бар.

Мұсылман жолымен марқұмның жаназасы шығар кезде имамдар «қарызы бар ма еді?» деген сұрақ қояды. Мұндайда дін қарызы болса айту керек дегенмен, көп ешкім суырылып шыға қоймайды. Әдетте имам әулеттің үлкенін ортаға шығарып: «Қарызы болса өтейсіз бе?» деп үш рет сұрайтын. Болат Назарбаевтың жаназасында имам бұл сұрақты кімге қойғаны бізге беймәлім, дегенмен жол – ағасынікі. Әлихан Бөкейханов: «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деуші еді. Қазақтың Назарбаевтарда, оның ішінде экс-президенттің өзінде де, інісінде де кеткен хақысы аз емес, ағасы бұл туралы ойлады ма екен?..

Қанат Тілеухан