Экс-вице-министр Ерлан Қожағапанов 3 жылға сотталды, Көккөзова ше?

Қазақстанның бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановтың ісі бойынша сот үкімі шықты.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі соты Қожағапановты қызмет бабын асыра пайдаланды деп танып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Көккөзова да жауапқа тартылды. Аталған іс бойынша тағы бір айыпталушы — Ләззат Көккөзова. Оған 2018 жылы Петропавлда өткен Қазақстан мен Ресейдің XV өңіраралық ынтымақтастық форумын ұйымдастыру барысында мемлекеттік қаржыны жымқырды деген айып тағылды. Сот үкіміне сәйкес, Көккөзова 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот отырыстары барысында Қожағапанов өзіне тағылған айыптармен келіспейтінін мәлімдеп, Антикор қызметін сынға алған еді. Оның айтуынша, агенттік қызметкерлері тергеу кезінде басқа баптармен де айып тағуға тырысқан.
Айта кетейік, Ерлан Қожағапанов 2023 жылы наурыз айында ұсталған еді. Тергеу деректеріне сәйкес, ол 2018 жылы өткен өңіраралық форумның көрмесін ұйымдастыруға арналған келісімшарттарды қолдап, бюджет қаржысын тиімсіз пайдалануға жол берген. Форумның сметасы екі есе артып, мемлекетке едәуір залал келген.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ. Тараптар апелляциялық шағым түсіруге құқылы.