Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:41

Экс-вице-министр Сарсембаев қызмет өкілетін асыра пайдаланды деген күдікке ілінді

Әділбек Сарсембаев
Фото: ашық дереккөз

  Астанада Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бұрынғы вице-министрі Әділбек Сарсембаев ұсталды.

Kozachkov offside телеграм-арнасының хабарлауынша, 47 жастағы экс-лауазымды тұлға ҚК-нің 361-бабы («Қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану») бойынша күдікке ілінген.

Дереккөз мәліметінше, құқық қорғау органдарының Сарсембаевқа қызығушылығы әскери техника сатып алуға қатысты резонансты қылмыстық істі тергеу барысында туындаған. Тергеумен Қаржы мониторингі агенттігі айналысып жатыр.

Биыл жазда Астанада «ҚазСпецЭкспорт» РМК-ның бұрынғы басшысы Арман Рамазановқа үкім шыққан еді. Ол пара алу және заңсыз кәсіпкерлікке көмектесу баптары бойынша кінәлі деп танылып, 11 жылға бас бостандығынан айырылған.

Осы істің тағы бір фигуранты — «KAZYTEC» ЖШС директоры Азамат Шамерденов. Тергеу оны Рамазановқа пара беру және алаяқтық жасады деп айыптайды.

Қылмыстық схеманың мәні былай болған: «ҚазСпецЭкспорт» әскери ұшақтарға арналған қосалқы бөлшектерді сатып алуы тиіс еді, бірақ келісімшарт мұндай техника жеткізуге рұқсаты жоқ «KAZYTEC» компаниясына берілген. Тергеу мәліметінше, бұл шешім пара арқылы іске асқан. Нәтижесінде мемлекетке 600 млн теңге көлемінде залал келген, ал ұшақтар қажетті бөлшектерсіз қалған.

Құқық қорғау органдарының нұсқасы бойынша, «KAZYTEC» компаниясының бұл схемаға қатысуы Сарсембаевтың араласуымен мүмкін болған. Тергеу экс-вице-министрдің компанияға әскери техника жеткізушісі мәртебесін заңсыз алып бергенін болжайды.

Сарсембаевқа қызметтік өкілеттікті асыра пайдаланды деген ресми күдік тағылды. Қазір оған қатысты бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі.