Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:16, 19 Наурыз 2024

Экспорт және импорт: Өсім мен өнім

импорт
Фото: из открытых источников

Қазақстанның экспорты дегенде ең алдымен ойымызға оралатыны – қазақтың мұнайы мен астығы. Күні кеше ғана сауда жəне интеграция министрлігі «былтыр Қазақстаннан Қытайға рекордтық көлемде астық экспортталды» деген мəлімет таратты.

Деректерге сүйенсек, былтыр Қазақстаннан Шың еліне теміржол арқылы 2 млн 226 мың тонна астық жеткізіліпті. 2022 жылы бұл көрсеткіш 615 мың тоннаны ғана құраған. Сөйтіп, болашақта Қытай қазақ астығының ең ірі нарығына айналуы мүмкін. Ал енді өзге салаларда ұлттық экспорттың əлеуеті қандай?! Астықтан өзге қазақтың қандай өнімдері əлемдік нарықта сұранысқа ие?! Бұл жөнінде біз сауда жəне интеграция министрлігіне сұрау салдық.

Ресей мен Италия да саудамызды қыздыруда

Аталмыш ведомстованың мəліметінше, Қазақстанның сыртқы саудадағы басты серіктестері Қытай, Ресей, Италия. Қазірде Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 20, 2 пайызға артқан. Оның ішінде өзара тауар айналымының экспорттық үлес салмағы – 46, 6 пайыз, ал өзара тауар айналымының импорттық үлес салмағы – 53, 4 пайыз болған. Екі елдің арасындағы сауда қатынасы 13, 6 млрд долларға жеткен. Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымының қаржылық көрсеткіші 12, 7 млрд доллар болыпты. Ресеймен сауда-саттықтағы экспорт 38, 8 пайыз, ал импорт 61, 2 пайыз қатынасында жүрген. Жалпы алыс-беріс ауқымы 3, 7 пайызға өскен.Италия елімен арадағы сауда-саттыққа келсек, екі ел арасындағы экспорт 91, 9 пайыз болып, импорт 8, 1 пайызға орнықты. Бұдан бөлек, Қазақстанмен сəтті сауда-саттық байланысын жандандырып отырған елдер арасында: Оңтүстік Корея, Түркия, Нидерланды, Өзбекстан, Франция мен АҚШ бар.Министрлік ЕАЭО елдеріне де экспорттық жеткізілімдердің айтарлықтай өскенін нақтылады. Нақты айтқанда, ЕАЭО елдерімен арадағы тауар айналымы 4 1 пайызға артып, 13, 8 млрд доллар болды. Сауда жəне интеграция министрлігі Қазақстанда өндірілген өнімнің 52 пайызы экспортқа кететінін айтады жəне олардың ішінде шикізаттық емес тауарлардың үлесі 31, 9 пайызға жеткен.

Израиль мен Италия қазақтың етін жоғары бағалайды

Бізді қызықтырғаны да осы шикізаттық емес тауарлар мен өнімдердің үлесі болған. Қазір қазақтың кеспесін, қазы-қартасын, қымызын экспортқа шығару мəселесі жиі-жиі көтеріліп жүр. Биыл жыл басында Қазақ Тағамтану академиясы шетелдік нарықта қазақтың етінің бағалана бастағаныжайлы мəлімет таратты. Бұдан бөлек, Израильдегі Рафаэль Реканати атындағы институттың генетиктері де қазақ малының етіне жоғары баға беріп жүр. Мұндағы ғалымдар «гендік модификацияға түспеген, табиғи таза шөппен қоректенген қазақ малының етіне болашақта əлемдік нарықта сұраныс өседі» деп топшылайды. Бұл салада кəсібін дөңгелетіп жүрген Жантас Бозанбайдың да арманы қазақтың етін экспортқа шығару. Əзірге көрші Өзбекстанға тірі малды экспорттап жүрген кəсіпкердің айтуынша, отандық кəсіп иелерінде қазақтың етін ғана емес, одан өндірілетін шұжық, консервіленген ет өнімдерін экспортқа шығару туралы да жоспар бар. Бұл туралы кəсіпкер былай дейді: «Біз қазір Өзбекстанға тірі малды экспорттаймыз. Өзбектер бізден тірі бұқаны 1000 долларға сатып алады. Сол тірі малдан олар қаншама пайда көреді, олардың ет комбинаттарында малдың терісі мен ішек-қарнынан бастап мүйіз, тұяққа дейін барлығы дерлік қайта өңдеуге жіберіледі. Өзбекстанда мал терісінің өзі 30 долларға бағаланады. Өнімді ең соңғы дайын өнімге дейін өңдеуді бізге де үйренетін кезең əлдеқашан жетті. Біз қазір шетелдерде еттің қымбат екенін білеміз. Мысалы, Италияда екпе салынбаған таза мал етінің бір келісі 100 доллар. Ал біздің ішкі нарықта еттің бағасы арзан. Сондықтан ет жəне ет өнімін өндірушілер қазір сыртқы нарыққа қызығып жүр», – дейді кəсіпкер. Жантас Бозанбай шетелге ет экспорттаудың өзіндік машақаты бар екенін де біледі. Ол үшін мемлекет белгілеген талаптар мен шарттарға сай болуың керек. Мемлекеттен белгілі бір көлемде субсидия, дотация алып, оны дер кезінде қайтарып отыруың қажет. Мал өсіріп отырған шаруашылығың да белгілі стандарттарға сай болуы керек. Өндірген өнімнің кем дегенде 20 пайызы ішкі нарықта қалып отыруы тиіс. Жас кəсіпкер қазір осы үдеден шығуға барын салып жүр.

Қазақтың кеспесіне де сұраныс бар

Кəсіпкердің айтуынша, қазір қазақтың етіне, қымызына ғана емес, кеспесі мен жаймасына да сыртқы нарықта сұраныс бар. «Өзбектер мен қырғыздар, беларусьтер біздің ұн өнімдеріне де жоғары баға береді. Айтуларынша, біздің бірінші сортты ұннан жасалған өнімдеріміздің өзі сұранысқа ие. Қазір əлем тез даярланатын Қытай кеспелеріне қауіппен қарайды. Өйткені ғалымдардың дəлелдеуінше, тез даярланатын ащы кеспелер мидың дамуын тежейді. Сондықтан келешекте қазақтың кеспесіне сұраныс артуы əбден мүмкін. Біздің ұн жəне ұн өнімдері одақтас елдерге сатылады. Өнімдерімізге сұраныс бар. Əрі қарай Еуропа елдеріне шығудың тетігін қарастырып жатырмыз», – дейді кəсіпкер. Жалпы, бұған дейін сала мамандары жартылай дайын өнімді экспортқа шығарудың тиімді бола түсетінін айтқан. Бұл ретте экономист-ғалым Атамұрат Шəменовтің ойынша, шикізатқа байланған елдің болашағы бұлыңғыр. Сондықтан бізге жартылай дайын өнімдерді экспорттауды үйрену керек. «Мысалы, ұн, ең дұрысы – нан өнімдері, кеспе, макарон, жайма, тағы басқа өнімдер. Алыпсатарлық экономика əр уақытта импортталған тауарға тəуелді болмақ. Ал импортқа жүгіну, импорттың тасқынын көбейту бұл экономиканың əлеуетін көтеретін жол емес. Сондықтан өзіміздің отандық өнімдерімізді экспортқа шығаруға барынша күш салу керек», – дейді экономист-ғалым.

Жапондар мақсары майына қызығады

Біз тілдескен кəсіпкерлердің айтуынша, қазақтың мақсары майы да сұранысқа ие бола бастаған. Мəселен, мақсары майының экспорты өткен жылы 180 мың тоннадан асып түскен. Қазақстандық экспорттаушылардың бірі, кəсіпкер Марина Фетисованың сөзіне сүйенсек, ол басқаратын компания Жапонияға мақсары майын экспорттауға 2018 жылы келісімшарт жасаған. «Біздің май шетелде үлкен сұранысқа ие. Үздік экспорттаушы ретінде бір жыл бұрын біз беделді республикалық «Алтын сапа» марапатымен марапатталдық. Қазақстандықтар мақсары майының пайдасы туралы əлі жеткілікті хабардар емес. Ол сапасы мен тағамдық құндылығы жағынан зəйтүн майынан кем түспейді. Біздің май Еуропада жоғары бағаланады. Чехия, Германия жəне Нидерланды, сондай-ақ Қытайға да май жеткіземіз», – дейді Марина Фетисова. Кəсіпкердің айтуынша, Қазақстанда өсімдік майын өндіру дамып келеді. Қазір елде май өндіретін 40-тан аса кəсіпорын бар.

Əлем тағамды талғап іше бастады

Біз тілдескен мамандардың байыптауынша, қазір əлем ас-ауқатын талғап, таразылап ішуді əдетке айналдырған. Салауатты өмір сүргісі келетіндердің дені алдындағы ішер асына, дастарқанына талғаммен қарай бастады. Сондықтан бізге келешекте осы үдеден қалыспау қажет. Əлемдік сұранысқа орай сапалы өнімдерді экспортқа шығаруды мықтап үйренгеніміз абзал. Мысалы, бұған дейін нарықта «Доширак» пен «Ролтонға» сұраныс артса, қазір оларға деген халықтың талғамы өзгерген. Рас, өзі арзан əрі тез даярланатын болғандықтан халықтың көбі осы тағамдарды жол жүрсе де алып жүреді, үйінде де тұтынады. Бірақ аталмыш өнімдерге қатысты ғылыми дəйектер жақсы мінездеме бермейді. Егер адам үстіне қайнаған су қоса салатын, бес минутта дайын болатын «Доширак», «Бик-бон» деп аталатын сансыз атаулары бар осы кеспені жиі тұтынса, кеспедегі қоспалар адамның миына барып жинала береді екен. Бара-бара əлгі қоспалар томпайып, ісік тəрізді болып, адам миында қатып қалатынын ғалымдар айтып та жүр. Дамыған жəне дамушы елдерде бұл өнімді тұтынатындар некен-саяқ. Ұлтымыздың денсаулығын ойласақ, мұндай өнімдерге қадағалау қою керек деп кеңес береді мамандар.

Лимонадтан гөрі, қымыз артық

Жалпы, қазір қазақтың қымызын экспортқа шығару жайы да жиі сөз болады. Қымызды құрғақ күйінше сатылымға шығарып жатқандар да бар. Осы салада жүрген кəсіпкер Заңғар Қасымжанның пікіріне сүйенсек, қымыздың пайдалы екені ғылыми тұрғыда дəлелденген. «Бүгінде мамандар біз шөл басар деп ең көп тұтынатын лимонадтардың да талапқа сай емес екенін, оларға шамадан тыс қант қосылатынын, мұның арты қант диабетіне апаратынын айтып жүр. Қымыз табиғи сусын. Бізге осы салада қолдау жетіспейді. Мен өзім зерттеп көрдім. Мысалы, тархунды жасау үшін киви – 1,5 келі; тархун – 0,25 келі; қант – 0,5 келі; жалбыз – 0,01 келі; лимон – 0,170 келі; сарыағаш минеральды сусыны – 1 дана қажет. Мұнымен қоймай, осылай дайындалған өнім сыртына «кивиден жасалған таза тархун сусыны» деп өнім туралы жарнамасын асыра түсінік береді. Ал ол шын мəнінде кивиден ғана жасалған жоқ қой. Оның ішіне қаншама зат қосылды. Осыны бəрін есептей келгенде негізі қымыздың шығыны аз əрі сапалы, əрі табиғи өнім. Бiр литр түйенің шұбатында 528 ккал болса, бие сүтiнде 961, сиырдікі 460 калорияны құрайды. Сондықтан қымыздың адам ағзасына берер пайдасы мол. Сондықтан үкімет осыған назар аударып, қазақтың ұлттық сусындарын экспортқа шығаруға қатысты жеңілдіктер жасаса», – дейді З.Қасымжан. Жалпы, біз үшін импортқа тəуелділіктен арылып, экспорттың əлеуетін арттыру маңызды екені даусыз. Осы мақсатқа жету үшін бұған дейін де бірқатар жұмыстар жасалды. Болашақта да түрлі бағдарламалар, стратегиялық жобалар ойластырылып, сауатты шешімдер қабылданғаны абзал.

Қарлығаш САЙЛАУБАЕВА\

Фото: Pixabay

Тегтер: