Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 08:15

Экстремизмге қарсы күрес: Бір жылда анықталған 85 қылмыс

экстремизм
Фото: ашық дереккөз

2024 жылдың аяғында ішкі істер министрлігіне қарасты экстремизмге қарсы күрес бөлімшелері бір жылдың ішінде діни және ұлттық араздық қоздыру, терроризмді насихаттау және экстремистік ұйымдарға қатысты 85 қылмысты анықтағаны айтылды.

 Тергеулердің нәтижесінде 44 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Министрліктің баспасөз қызметі мәлімдегендей, ұрлық, бопсалау, тонау және сол секілді «қарапайым» қылмыстарды жасаған 131 діни радикал ұсталып, 18 қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды. Олардан 50 қару мен 10 келіден астам есірткі тәркіленіпті. Оған қоса, өткен жылы діни қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтар мен тыйым салынған материалдарды таратқаны үшін 390 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тағы 9930 террористік тұрғыдан осал нысанның қауіпсіздік жағдайы тексерілді. Соның нәтижесінде, 2024 жылдың қарашасында елдің бірнеше облысындағы түрмелерде лаңкестік әрекет дайындап жатқан радикалды исламшылдар ұясы ашылды. Күдіктілер жазасын өтеп жатқан жерлерді тінту кезінде суық қарулар, смартфондар және басқа да заттай айғақтар тәркіленген. Иә, осындай да жағдайлар орын алып жатыр. Біз діни радикализм мен экстремизмге «алыстан» қарап, оны тезистік тұрғыдан ғана қабылдап та жатамыз. Алайда «жау жар астында» демекші, проблемалар тұмсығымыздың түбінде. Әлбетте, жағдай ушығып тұр деуге келмес, бәрі тұрақты. Алайда қауіп-қатер де жоқ емес.

Қазіргі жаһандану дәуірінде ақпараттық технологиялардың дамуы мен әлеуметтік желілердің кеңінен таралуы адамдардың санасына түрлі идеялар мен көзқарастардың ықпал етуін арттырып отыр. Солардың арасында радикалды идеологиялар да кездесіп жатады. Ол өз кезегінде қоғамның тұрақтылығына, ұлттық қауіпсіздікке қатерлі құбылыс. Сондықтан экстремизмге қарсы күрес қоғамның да, мемлекеттік саясаттың да ажырамас бөлігі ретінде жұмыс істеуі тиіс.

«Экстремизмнің пайда болуына әсер ететін факторлар әртүрлі. Зерттеушілердің пікірінше, экстремизмнің таралуына әлеуметтік-экономикалық тоқырау, халықтың өмір сүру деңгейінің төмендеуі, мемлекеттік басқару жүйесінің әлсіздігі, саяси институттардың деформациясы, еркін ойлауды шектеу, ұлттық қанау және басқа да факторлар себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар жеке тұлғалардың рухани ізденісі мен дінге деген қызығушылығы да кейде радикалды топтардың ықпалына түсуіне жол ашып жататыны жасырын емес.

Адам баласы табиғатынан мән іздеуші. Бұл ізденіс кейде дін арқылы жүзеге асады. Алайда бұл жолда адасушылар да кездеседі. Себебі дін ең әуелі терең білім мен ізденісті қажет етеді. Ал ешқандай ойсыз, ізденіссіз, жалпақ тілде айтқанда «көзсіз» дінге келген адамдар әдетте «фанатиктерге» айналып шыға келеді. Осылайша, дінге тек «сырттай көзқарас» арқылы келу алдануға әкеліп соқтыратын жағдайлар аз емес. Яғни экстремистік топтар осы секілді рухани ізденістерді өз мақсаттарына пайдаланып кетуі мүмкін. Олар дінді құрал ретінде қолдана отырып, өз идеологияларын «ақиқат» ретінде ұсынып, адамдардың сенімін теріс бағытқа бұрады. Бұл жерде мәселе дінде емес, оны бұрмалап түсіндірушілерде», – дейді тарихшы Баян Тургинова.

Маман атап өткен тәуекелдің ең қауіпті тұсы да сол, экстремизм мен радикализм бір адам арқылы бүкіл қоғамға теріс әсер етеді. Сол себептен де, тиісті органдар аса сезімтал бұл проблемаға келгенде үлкен жауапкершілікпен қарайды. Дегенмен экстремизммен күрес тек заң аясында ғана емес, білім беру, ақпараттық саясат, мәдениет пен руханият салаларындағы кешенді жұмыс арқылы ғана өнімді болады. Мысалы, қоғамда және отбасыда конструктивті, ашық диалогтар көбейгені жақсы. Оған қоса, білім беру жүйесінің аналитикалық ойлау мен сыни қабілеттерді дамытуы, діни толерантты білім беру, медиа мен әлеуметтік желілерде радикалды идеяларға қарсы тұратын сапалы контентті арттыру қажет. Қазіргі таңда бұл қадамдардың бәрі тиісінше орындалып жатқанын көріп отырмыз.

Айтпақшы, соңғы уақытта елімізде спортшылар арасындағы діни көзқарастар тақырыбы жиі қозғалып жүр. Осыған қатысты туризм және спорт министрлігі 2024-2026 жылдарға арналған дене шынықтыру және спорт саласында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жөніндегі жол картасын әзірледі. Ведомство құжаттың мән-мағынасы мен детальдар құпия болып қалатынын мәлімдеген еді. Бірақ аздаған «анонс» айтылды. Бұл жоспарда спортшылар мен жаттықтырушылар арасында діни немесе басқа нанымдарды насихаттау мен мәжбірлеуге тыйым салу туралы ережелер бар. Тағы басым бағыттардың бірі нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру екені де сөз болды. Әрі спортшылардың этикалық кодексіне діни бірлестіктердің мүддесі үшін «құқықбұзушылықтар мен қадамдар жасауға» тыйым салатын тармақ енгізілген. Бұл ереже тек спортшыларға ғана емес, сонымен қатар жаттықтырушыларға, оқытушыларға және төрешілерге де қатысты. Бүгінде спорт ұйымдарындағы діни этика жөніндегі жаңа ережелер туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Альфия Жәнібекқызы