Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:06, 08 Қыркүйек 2022

Ел басқарар ерлер қайда?!

None
None

Бүгінгі күннің ең өзекті саяси тақырыбы – президенттік сайлау болып тұр. Президенттік сайлаудың кезектен тыс өткізілуі қалыпты жағдайға айналғалы қашан?

Оның үстіне, саясаттанушылар бұл жолғы сайлаудың мерзімінен бұрын жоспарлануын қаңтар қырғынымен, кландар ауысуымен байланыстыруда. Қисынды, әрине. Қанды қаңтардан кейін қандай да бір саяси реформаның жасалуы заңдылық. Соның пісіп-жетілген кезеңі осы күнге тура келген сияқты.

Айтпағымыз бұл емес. Халыққа президенттік сайлаудың қалай өтетіні қызық емес қазір. Тоқаевқа кімнің шынайы бақталас болатыны, қай кландар сайлауға бел буып, сақадай сайланып отыр? Осы жағы керек. Естеріңізде болса, 2019 жылғы аламанда өте қызық саяси ойындар жасалған болатын. Әміржан Қосановтың «қораға» кірген кезін айтып отырмыз. Халық Қосановқа сеніп дауыс берді. Бірақ дауыс санағанда Әміржан ойсырай ұтылды. Тіпті Әбекең басқа бақталастарының алдын орап, қарсыласын бірінші болып құттықтады. Әміржанның Тоқаевтан жеңілтінін бәрінің іші сезген. Бірақ Әбекеңнің бірінші болып құттықтайтынын ешкім болжамаған-ды. Сенген жұртқа Қосановтың сонысы ауыр соққан-ды.

Алдағы саяси науқанда Әміржан Қосанов тағы да бағын сынап, көмбеге таласып көрмекші екен. Бұл туралы өзінің фейсбуктегі парақшасында жазды. «Аузы күйген үрлеп ішеді» деген. Бұл жолы халық Қосановқа дауыс бермейді. Сонда Тоқаевқа шынайы қарсылас кім болуы мүмкін? Ақорданың саяси айла-тәсіліне шыдайтын, ойынына көнетін адамның да оңай болмайтыны бесенеден белгілі ғой. Ол үшін саяси жігер ғана емес, ар-намысы мықты, жүйкесі темірдей адам болуы керек!

Тұңғыш президент Н.Назарбаев кезінде өзіне шынайы қарсылас ретінде саяси салмағы жоқ «клоундарды» алып шығып, ақ белбеу, қара белбеулерімен алысып «ойнайтын». Тіпті жұрт олардың кім екенін сол сайлау кезінде ғана танып-біліп жатты. Бірақ Назарбаев билігі оны ар санамады. Өздеріне шынайы бақталас деп сондай «сайда саны, құмда ізі» жоқтарды таңдады. Таңдауға талғам жоқ деген – осы.

Ал Тоқаев – ол Назарбаев емес. Тоқаевтың Қазақстанда да, шетелде де саяси салмағы басым. Назарбаевпен салыстырғанда жемқорлықпен қолы былғана қоймаған, айналасына аш кландар топтастырып үлгермеген тұлға. Оның үстіне, Қасым-Жомарт Кемелұлы демократиялық елдерде қызмет еткен, адам құқығының не екенін, мемлекет байлығы президенттің жеке заты емес екенін жақсы білетін адам. Біледі деу кемдеу шығар, солай болуы керек екенін жанымен түсінеді деп ойлаймыз. Онда Тоқаев саяси алаңда өзіне шынайы қарсылас болатын адаммен ғана белдеседі деп сенеміз! Назарбаев сияқты «клоундармен» бәсекелесу – Тоқаевқа абырой әпермейді.

Әлеуметтік желіде Тоқаевпен шынайы қарсылас деп таныған бірнеше азаматтың аты-жөні аталып, тұлғасына талдау жасалыпты. Әлгілердің арасында Болат Әбілов, Арман Шораев, Санжар Боқаев, Мұхтар Тайжан және жеңіліп үйренген Қосановтың да сойы жүр. Ешкімнің тұлғасын төмендетіп, жеке басын кемсіткіміз келмейді. Бірақ әлемде 9-орында тұратын территориясы бар, жерінің асты мұнай, үсті алтын, алып Қазақстанның президенті деп осылардың біреуін атау – санаға салмақ салатын шешім екен. Біздің ғана емес, көпшілік халықтың ой-таразысы осыған саяды. Назарбаевтың ойыншық қарсыластарына қарағанда, бұл азаматтар қай жағынан болса да салмақтылау. Дегенмен Қазақстан президенті болу екі адамның үстінен бастық болып көрмеген, мемлекеттік қызметтің ыстық-суығын басынан өткермеген, қолдан ұйымдастырылған митингілерде ғана бас көрсететін, әлеуметтік желі батырларының шаруасы емес. Президент болу оттың басы, ошақтың қасындағы, айғай-аттанның қолынан келетін іс емес.

Бұл әңгімемен біз өздерін оппозиция санап, Тоқаевқа қарсыласпыз деп жүрген азаматтарды күстаналаудан аулақпыз. Биліктің сойылын соғып отырған да жоқпыз. Анығы, ақиқаты – осы. Қазақта ел басқаратын білімі мен білігі сай азаматтар көп. Алайда Тоқаевпен бірге сайлауға түседі деп әлеуметтік желіде аты-жөндері жарияланған азаматтарды қанша көтермелесек те, Қазақстан президенті ретінде елестете алмай отырмыз! Өкінішті, әрине! Ел ішінде әңгіме көп. Соның бірінде – нағыз ел басқаратын бүгінгі күннің Бейбарыстары шетелде жүр деген де ойлар айтылады. Кім білсін, Мәшһүр Жүсіп болжаған қазақтың алтын дәуірі енді туар...

Тегтер: