Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:15

Ел білетін бірінші ханым

Сара Назарбаева
Фото: ашық дереккөз

Сара Назарбаеваға қатысты тағы бір тың ақпарат ел ішінде бұрқ ете қалып, қайта тыншыды.

Назарбаевтар әулетінің зиратында тағы бір адамның белгісі қойылмай жерленгені сөз болып, тиісті орындарға қайтара ресми мәлімдеме таратуына тура келді. Президент іс басқармасы медициналық орталығының ұлттық госпиталінің хабарлауынша, Сара Назарбаева әлі де сол жерде ем алып жатыр, білікті деген дәрігерлердің бақылауында. Одан артық ештеңе айтылмайды.

Қазақстанның бұрынғы бірінші ханымына қатысты қаңқу сөзге осымен екінші рет ресми жауап жарияланып отыр. Оның алдында экс-президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай әлеуметтік желіге жазып, қайтыс болған ақпаратын жоққа шығарған еді.

Бірінші ханым демекші, әзірге маңдайымызға біткен ресми ханым осы кісі ғана. Бұрынғы президенттің жүрегіне әмір жүрмей, билікте отырған кезінде тағы бір сыңарын тапса да онысын қызметінен кеткеннен кейін ғана мәлім қылды. Онда да жалпақ жұртқа ашық жарияламай, кітабының ішіне бірер сөйлеммен қыстыра кеткенін оқырманы аңғарып қойды. Сондықтан құр әйелі демесе, жұрт оған ханым деп елеп қараған емес. Өзі де еленбей жүрді. Қысқасы, Сара Алпысқызынан кейін бірінші ханым деп ардақтайтын әйел заты біздің билікте болған емес.

Өмірінің 85 жасына қараған шағында сол кісінің жағдайы жақсы емес көрінеді. Ел аузында «Совминка» деп аталып кеткен Алматыдағы мықты ауруханада жатқанына екі аптадан асты. Осы аралықта біраз ел оның дәурені жүріп тұрған шақтағы атқарған біршама жұмысын тізбектей де бастаған еді.

1941 жылдың 12 ақпанында Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Қызылжар ауылында дүниеге келген Сара Қонақаева 1962 жылы Нұрсұлтан Назарбаевпен бас қосып, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш бірінші ханымы болды. Бірқатар жобасы ел есінде қалғаны рас, бірақ ұзаққа жалғасқан ауқымды жоба болған жоқ. Тек 1992 жылы ақпанда құрылған «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы ғана жұмыс істеп тұр. Одан бөлек, 1994 жылдың шілдесінде аустриялық SOS Kinderdorf International қорының филиалын ашып, «SOS – Қазақстанның балалар ауылдары» қорының президенті болды. 1999 жылы наурызда «Демография» қайырымдылық қорының қамқоршылық кеңесінің төрайымы атанды.

Бәрінен де ерекше болғаны – адамгершілік-рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған «Өзін-өзі тану» білім беру жобасы еді. 2001 жылы пилоттық жоба ретінде пән болып мектеп бағдарламасына енгізілді. 2010 жылдың басында еліміздің 10,5 мың білім беру мекемесінің 184-інде оқытып жатты. 2010–2011 оқу жылынан бастап міндетті пәнге айналды. Кейін 2022 жылдың ақпанында Ұлттық білім академиясы оны міндетті емес пәндерге ауыстыруды көздейтін жоба ұсынды. Сөйтіп 2022–2023 оқу жылынан бастап көптеген мектепте өзін-өзі тану сабақтары тоқтатылды.

Сұлтан Қонақбай