Ел боламын десең – шекараңды бекіт
Мағжан Жұмабаев ауданына іссапарға барар алдында экономика басқармасынан облыс аумағында орналасқан елді мекендердің инфрақұрылымы, тұрғындардың тыныс-тіршілігі жайлы деректер сұратқан едік.
Ондағы мамандардың бізге берген мәліметтері бойынша 600-ге жуық ауылдың үштен екісі әлеуеті орташа және төмен топқа жатқызылыпты. Соңғы он жылдың бедерінде 70-ке жуық ауыл жойылып, орны ойсырап қалған. Шекаралық аймақтарда 90-нан астам елді мекен орналасса, көбі сапалы тіршілік көзіне жарымай отыр. Мектеп, емхана секілді әлеуметтік нысандар қираған, интернет, ұялы байланыс жоқтың қасы. Бір сөзбен айтқанда, өркениеттен қол үзген. Қазақстанның жаңалықтарын тыңдаудан қалған, тамашалайтындары – Ресей телеарналары. Өйткені олардың мойнына жүрекке инедей қадалатын, құлаққа түрпідей естілетін «болашағы бұлыңғыр» деген «қамыттың» ілінуі себепті мемлекет тарапынан ешқандай қаржылық қолдау қарастырылмайды. Аққайың ауылдық округінің әкімі Мақсат Есжанов бұл ұстанымды өзгерту қажеттігін айтады.
— 150 түтіні, әлеуетті шаруашылықтары бар округ орталығы Октябрь ауылына ауыз су тартылып, жолдарға асфальт төселуде. Ал үкіметтің даму бағдарламасына енбей қалғандар қайтпек, адамдар қалай күн көрмек? Меніңше, алдымен қандай елді мекендер келешегі күңгірт санатына қосылатынын жан-жақты зерделеп алу керек. Үй саны басты өлшем болмауы тиіс, – дейді ол әріден толғай сөйлеп.
Біздің ойымызға белгілі кәсіпкер, қолы ашық, жүрегі жомарт Біржан Шаймерденов қамқорлығына алып отырған 60 үйі ғана бар алақандай Дайындық ауылы оралды. Басқалармен салыстырғанда мұндағы тұрғындардың өмір сүру деңгейі де, жалақы мөлшері де әлдеқайда көш ілгері. Жыл өткен сайын тіршілік тамырына қан жүгіріп, әлеуметтік ахуал жақсарып келеді. Керісінше, кей ірі елді мекендердің жүдеу тірлігі, қордаланған проблемалардың шешілмеген күйінде қалғаны қарын аштырады. Сондықтан шағын ауыл екен деп шеттетіп, өзекке тебе бермей, қиындықты бірлесіп еңсерудің мүмкіндіктері, ел-жұрттың ұсыныстары назардан тыс қалмағаны жөн. Негізгі ауыртпалықты жергілікті жерлерге арта салу түйінді тарқата алмасы анық. Түйткілді мәселенің бір ұшы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңына келіп тірелетін секілді. Онда саны 50 адамнан аз шаруа қоныстары мен өзге де қоныстар ең жақын маңдағы елді мекеннің құрамына енгізіледі, оларды қаржыландыру экономикалық жағынан тиімсіз саналады делінген. Әлеуметтік нысандар толық істейтін жерлерге ерікті түрде жүзеге асырылатын көшіру жұмыстары қандай қаржы көзі есебінен жүргізіледі, баспана, жұмыс қалай шешіледі деген сауалдарға биліктегілердің екі-ұшты жауап берулеріне қарағанда, шетін жайттар әлі нақтыланбаған сияқты. Оңтайландыру саясатына мемлекетшіл көзқарас тұрғысынан байыппен қарамасақ, әл жиып, еңсесін көтере бастаған кішігірім ауылдардың «қара тізімге» ілігіп, қосақ арасында кетіп қалуы ғажап емес. Ана бір жылдары тұрғындар саны аз 38 елді мекенді жою жөнінде облыстық мәслихат депутаттары үстірт шешім қабылдап, ел десе емешегі үзілетін қожалық иелері маусымдық науқандарды атқаратын негізгі жұмыс күшінен айырылып қалған. Билік, бизнес және белсенді азаматтар ошақтың үш тағаны секілді нық тұрып, жұмыла жұмыс істейтін болса, ел иесіз, жер киесіз қалмайтыны шүбәсіз. Оның адам жанын елжіретер нақты бір мысалы – 2017 жылы Түркістан облысындағы Ордабасы ауданынан теріскейге қоныстанған Нұркен Нұрсейіттің жанкешті тірлігі. Ол оқушысы азайып, жабылуға шақ тұрған орыс мектебіне дене шынықтыру пәні мұғалімі болып орналасқанда бірде-бір қазақ сыныбының жоқтығына іштей қынжылып, алдымен өзі үлгі көрсетіп, бес ұл-қызын қазақ сыныбына жетелеп апарған. Сосын бауырлары мен өзімен бірге күнгей жақтан ере келген 15 отбасын тартқан. Мұнымен шектелмей, жары Сарагүл екеуі ақылдаса келіп, патронаттық отбасы құруға шешім қабылдаған. Сөйтіп, жетімдер үйінен ағайынды төрт баланы бауырларына басқан. Бүгінде Әділ, Андрей және егіздер Рита мен Әмір қазақ тілін толыққанды меңгеріп алды. Біз Октябрьге арнайы іздеп келген Нұркен бауырымызды Сулышоқтан таптық. Оның мұнда қоныс аудару себебі – бұл жақтың жері құнарлы, шөбі шүйгін, жайылымы жеткілікті екен. Малсақ азамат кәсібін дөңгелетіп отыр. Жылқы, сиыр, қой, қаз өсіреді. Қора салып қойыпты, алдағы уақытта шаруашылығын кеңейтпек ниетте екен.
Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Ғабит Сақтағановтың айтуынша, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етіп, көмек қолын созып отырған жеке кәсіпкер Қайрат Жәнібековтың тікелей бастамасымен екі жылда 18 баспана тұрғызылған.
– 2016 жылдан бері «Еңбек» бағдарламасы аясында ауданға 214 отбасы көшіп келіп, олардың мүшелері бос жұмыс орындарына орналастырылды. Отбасының әр мүшесіне 214 мың теңге мөлшерінде біржолғы өтемақы төленді. Үйді жалға аламын дегендерге де жеке субсидия қарастырылған. 20 жылға келісімшарт толтырылып, бес жылдан соң қалдық қаражатпен жекешелендіріп алуға құқылы. Басқа да жеңілдіктер бар. Ауылдық жерлерден үй сатып алуға 600 мың теңге бөлінеді. Қоныс аударушылардың көбі баспана сатып алып, кепілге қою арқылы несие рәсімдеп, жеке ісін ашқанды қолайлы көреді. Биыл 63 отбасын қабылдамақпыз, келгені – 20. 95 үй дайын тұр, – деді өз саласы бойынша жан-жақты түсінік берген Ғабит Балғабайұлы.
Өкінішке қарай, Успенка ауылдық округінің әкімі Жәлел Жүсіпов ана тіліне шорқақ болып шықты. Біздің қойған сауалымызға мандытып жауап бере алмады. Сулышоқта неше үй бар деген сұрағымызға едәуір ойланып барып, «100 білем» деп құмыға тіл қатты. Арғы жағынан біреу «60» деп сыбыр ете қалды. Оқушы санын айтудан да біраз әлекке түсіп, әлдекімдердің айтуымен түзетті-ау. Оның балдыр-батпақ сөзінен ұққанымыз, ауылдық округтің құрамына 4 елді мекен кіреді. Ауылдық округтің орталығы Успенкада 200-ге тарта үй болғанымен, 27 оқушы ғана қалған. Мектептің ұстаздары білім ошағы жабыла ма, жоқ па деген әрі-сәрі күйге түскен. Жаңа оқу жылы тақап қалғанда аудандық оқу бөлімінің жайбасарлығы таңғалдырды. Успенкада кілең зейнеткерлер мен жасы ұлғайған жандар, жалғызілікті қарттар ғана қалыпты. Олардың біразы азын-аулақ малдарын сатып, жүктерін буып-түйіп қойыпты. Ылажы келсе, жылы мекендерін тастап, шекара аспақ. Уваковскоеде – 50 үй ғана, мектептің орны ғана үңірейіп тұр. Бір кездері аты республикаға дейін танылған Қоскөлде әр жерге 5 үй шашырай қонған. Успенкадағы күрделі жағдайдың себебін білмек болып суыртпақтап, сыр тартып едік, әкім қолын Ресей жаққа қарай сілтеді. Шамасы сол жаққа қоныс аударып жатыр дегенді ұқтырғысы келді білем.
Сулышоқ – таза қазақ ауылы. Оқушылардың саны күрт кеміп, мектептің басына қара бұлт үйірілгенде, тұрғындар не істерлерін білмей қатты сасқан. Сәтін салғанда «Еңбек» бағдарламасы арқылы оңтүстік өңірлерден осында онға жуық отбасы қоныстанып, мәселенің күрмеуі оңтайлы шешілген. Олардың арасында Асхат Нүсіпов пен Гүлнұр Ахаева өте үлгілі отбасы саналады. Ерлі-зайыптылар 7 ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Тұңғыштары 20-да, кенжесі 3-те. Бұдан бөлек, балалар үйінен 12 баланы асырап алып, үдере көшкелі отырған тұрғындарды тежеп, мектепті жабылудан аман алып қалған. «Жәнібеков» ЖШС басшылығы алты бөлмелі баспананы сыйға тартыпты.
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова жуырда облысымызға жасаған жұмыс сапары кезінде бірқатар аудандарда (оның ішінде Мағжан Жұмабаев ауданы да бар) өңірлік карта бағдарламасы аясында жоспарланған бірде-бір жұмыс орындарының ашылмағанын сынаған болатын. Қоныс аударушылардың пікірінше, шекаралық аймақтардағы елді мекендерді сақтап қалудың бұрынғы ахуалын қалпына келтірудің ұтымды жолы – ішкі миграциялық үдерістерді кешенді түрде жалғастыру, орталық және жергілікті билік органдарының қаржылық, әлеуметтік көмегін барынша күшейту. Сонда ғана демографиялық өсім жақсарып, ұлттық құндылықтарымыздың тіні, өзегі – алтын бесігіміздің ырысы көбейіп, «болашағы бұлдыр» деген сөз тіркесінен біржола құтылатын боламыз, – дейді.
Өкініштісі, Сулышоқтағы мектеп үйі өте ескі, әрі тар. Жаңа білім ошағының қашан салынатынын Жәлел Қыздарбекұлынан сұрағанымызда тап басып айта алмады. Әлі белгісіз деумен шектелді. Біздің топшылауымызша жуық арада тұрғызылмайтын сияқты. Өйткені құрылысшылар алыстан қарағанда құрқылтайдың ұясына ұқсайтын білім ошағын жамап-жасқауға кірісіп кеткен. Соған қарағанда, осыдан бірнеше жыл бұрын жоғары жаққа жіберілген жобалық-сметалық құжаттар әлі де ұзақ уақыт бойы шаң басып жататын болар.