Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:35, 10 Сәуір 2025

Ел болып күткен Кодекс

салық
Фото: из открытых источников

Салық кодексі мәжіліске жетті

ҚҚС тақырыбы ел ұйқысын қашырғалы қашан. Салық кодексі өзгереді дегелі бері азды-көпті табыс тауып, тіршілігін дөңгелетіп отырған ұсақ кәсіпкерлерден маза кетті. Әуелгі жарияланған нұсқасындағы жеңілдетілген салық режимі тек 15 млн теңгеге дейін ғана жүреді дегенді естігенде ел болып шуладық. Үкімет осыны бюджет қоржынын толтырудың тиімді жолы деп тапқанымен түбі осы күйінде қабылданбайтынын іштей сезген де шығар. Осы айтылған түзетулер мен толықтырулардың негізгі инициаторы ретінде танылған үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғарин Кодекс жобасын кеше мәжіліске алғаш рет арқалап келді. Үкімет бір жақ, мәжіліс бір жақ боп тулақтай тартқан Кодекстің жобасы ақыры аздап өзгеретін болды. 

Депутаттардың осы тақырыпқа келгенде айтары әбден қордаланып-ақ қалған екен. Осыған дейін кодекс жобасы жұмыс тобында талқыланғанымен, бір қайнауы ішінде кеткен болып шықты. Бірінші оқылымнан-ақ баяндамасын оқып біткеннен Жұманғаринға сұрақтарын қарша боратты. Мәжілісте мұншалық қызу талқы арагідік болып тұратын. Бірақ мұндайды көрмегелі қай заман. Сұрақ қоюға «әп» дегеннен 45 депутат жазылып, арты толастамай кетті. Қызды-қыздымен түскі үзіліске шығуға уақыт таппай, 4 сағаттан аса тапжылмай отырып алды.

Қымбат үй мен қымбат көлікке салық та қымбаттайды

Алдымен, Кодекс жобасының қарапайым жұртшылыққа қызықты деген негізгі тұстарына тоқталайық. Біріншіден, қосылған құн салығының көлемі осыған дейін айтылғандай 16% болады.

Екіншіден, қосылған құн салығының шегі алдындағыдай 15 млн емес, 40 млн теңгеге дейін көтерілетін болды. Бұрынғы 78 млн теңгенің ауылы алыста қалса да мәжілістегілер мұны өз беттерінше «Үкіметтің алдындағы жеңісіміз» деп қабылдады.

Үшіншіден, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, кітап басып шығару, археология – қосылған құн салығын төлеуден босатылады.

Төртіншіден, әлеуметтік салада, денсаулық сақтау саласында үкімет қосылған құн салығынан босатылған дәрі-дәрмектердің әлеуметтік тізімін айқындайды. ҚҚС тек ақылы медициналық қызметтерге 10% мөлшерінде салынады. Әлеуметтік саладағы корпоративтік табыс салығы – 2026 жылдан бастап 5%, 2027 жылдан бастап 10% болады.

Бесінші, ҚҚС банк операцияларына қолданылады.

Алтыншы, арнаулы салық режимі бойынша рұқсат етілген тізім емес, тыйым салынған тізім енгізіледі. Ал тыйым салынбағандарына рұқсат.

Жетінші, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 70% жеңілдік сол күйі қалады.

Сегізінші өзгеріс – өңдеу өнеркәсібіне корпоративтік табыс салығының 20% мөлшерлемесі бойынша салық салынады.

Айта кетерлік және бір жаңалық – корпоративтік табыс салығының базалық мөлшерлемесі 20% деңгейінде сақталады, бірақ жекелеген секторлар үшін жоғары мөлшерлеме белгіленеді. Мысалы, банк және ойын секторына мөлшерлеме 25% болады.

Сондай-ақ «Сән-салтанат салығы» деп аталатын – тауарлардың жекелеген санаттарына жоғары салық салу ұсынылып отыр. Ол үшін жылжымайтын мүліктің құны 450 млн теңгеден асатын болса, мүлік салығының мөлшерлемесі ұлғайтылмақ. Сол секілді, бағасы 75 млн теңгеден асатын жеңіл автокөліктерге, қымбат теңіз кемелері мен ұшу аппараттарына акциздер енгізу жоспарланған. Қымбат тұратын ішімдіктер мен сигараларға 10% акциз ұсынылып отыр.

Ал осыған дейін көп сөз болған үй жанындағы дүкендер, шаштараздар, қарапайым жұртшылықпен жұмыс істейтін кәсіпкерлер қосылған құн салығын төлемейді. Оларға қорқудың қажеті жоқ. Мұны Жұманғарин осыған дейін де айтқан, кеше тағы қайталады.

Айына 4 млн теңге табатындардың «уайымы»

Байлық салығы да осы кодекстегі негізгі жаңалықтардың бірі. Табысы көп азаматтар үшін енді салық та көбеймек. Мысалы, жылдық табысы 8 500 АЕК-тен асатын қызметкерлер үшін жоғары 15% мөлшерлемені белгілеу ұсынылған. Бұл дегеніңіз – қазіргі өлшеммен айына 4,3 млн теңге шамасында және содан жоғары табатындарға қатысты. Мұны құр ақпарат үшін айтып отырмыз. Әйтпесе, соңғы ресми дерекке қарағанда 2024 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі орташа жалақы 403 мың теңгені құраған. Ал медиандық көрсеткіші 308 мың теңге. Осының өзіне көңілде сенімсіздік ұялайтын елде 4,3 млн теңге табатындардың жағдайы күйіп тұрған мәселе емес.

Айтпақшы, осы ҚҚС тақырыбы басталғалы үкімет құрылыс компанияларына қатты шүйлігіп еді. Бектеновтен бастап енді сөз қатты болатын ескертумен болды. Оның себебі, үкіметтегілердің сөзіне салсақ, алпауыт компаниялар жалпы табысын еш шімірікпестен түрлі шағын компанияға бөліп тастайды екен. Қомақты салық төлеуден осылай жалтарып келген. Артынан BI Group пен «Базис» жасырып келген миллиардтаған салығын төлеуге мәжбүр болды.

Кешегі мәжіліс отырысында да Жұманғарин осыны меңзеген сияқты. Өйткені бизнесін бөлшектеп тастайтындармен күрес күшейетінін мәлімдеді. Мәселен, 2020 жылғы дерек бойынша шағын және ұсақ бизнес саны 1,1-1,2 млн-нан 1,7-1,8 млн-ға дейін артып кеткен. Сөйтсе, оның ішінде 500 мыңы осындай бөлшектеудің есебінен пайда болған екен. Тіпті солардың арасында 500 компания қосымша 100 заңды тұлғадан ашып тастаған. Енді соның бәрі өз-өзінен жойылады деген ойда. Өйткені кодекс бойынша егер құрылтайшылары немесе басшылары бұрын салық заңдарын өрескел бұзып, сонысы үшін жауапқа тартылған болып шықса, ондай компаниялар жаңа заңды тұлға тіркей алмайды.

Осының жалғасы ретінде енді жеке кәсіпкерлік ашу да қиындайтын болды. Өйткені осы айтылған талаптар бәріне ортақ. Егер салық заңнамаларын бұзса, салық берешегі тұрса, істемей тұрған жеке кәсіпкерлігі болса, онда жаңадан ашу өте қиынға соғады. Осыларды реттемейінше ЖК ашылмауы мүмкін. Негізгі мақсат, кәсіпкерлік ашу тым қарапайым болмауы керек. Дегенмен бұл бизнес өкілдерімен әлі талқыланып жатыр екен. ҚҚС өседі дегелі өре түрегелген бизнесмендер бұған көне қояр ма екен...

Ең көп табатындар да, салығын тиянақты төлейтін де - банктер

Сайып келгенде, салық реформасының нәтижесінде бюджетке жылына қосымша 4-5 трлн теңге салық түседі деп отыр Жұманғарин. Екінші жағынан, Ұлттық қорға тәуелділік төмендейді. Бюджеттің өзін-өзі қамтамасыз ету мүмкіндігі артады. Бірақ бұл өзгерістер инфляцияға әсер етуі мүмкін екенін әйтеуір мойындады. Өз есептері бойынша бір жыл ішінде 2,5-3% шамасында қосымша инфляция болады.

Осы айтылған өзгерістердің ішінде банктерге салықтың 20% деңгейінде қалдырылғаны бірер депутаттың шамына тиді. Онсыз да орасан пайызбен елдің қалтасын жұқартып отырған қаржы институттарына «енді жағдай жасайтындай не қалды» деген сұрақ туады.

Осыны айтқан Ермұрат Бапи өз ұсынысын айтты. Оның сөзінше, жыл сайын миллиардтап дивиденд алатын банк акционерлеріне жалпақшешейлік болмау керек. Сол үшін 100 млн теңгеге дейін дивиденд алатын акционерге 10%, ал миллиард теңгеге дейін алатындарға 15% салық салу нормасын ұсынғысы келді. Үкімет те оған қарсы емес. Әйтсе де мына бір деректерге назар аудару керек. Дәл қазір елімізде бүкіл салық түрін тиянақты төлеп келе жатқан жалғыз сала осы банктер. Оның үстіне, нақты секторды қаржыландыруға ынталандыру үшін солай істеп отырғанын айтады.

Дегенмен депутат айтқан ұсынысты біршама жеңілдетіп барып қабылдауға дайын екендіктерін мәлімдеді. Сондықтан 100 млн-нан төмен алатындарға 5%, 100 млн мен 1 млрд аралығындағыларға 10%, одан арғыларына 15% қолданған дұрыс деп есептейді.

Жұманғарин мен Сайыров сөз естіп тынды

Төменгі палатадағы талқы осылай бірсыдырғы өтіп жатқан. Жаңылыспайтын жақ жоқ, сылап-сипап, ұқыпты келе жатқан Жұманғарин білгішсініп айтқан бір жауабы үшін сөз естіп қалды. Депутат Гүлдара Нұрымова медициналық қызмет пен дәрі-дәрмек бағасының өсіп кететіне алаңдап, салық салмау жағын айтып көріп еді, Серік мырза оның ыңғайына жығылғысы келмеді. Қазір кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен МӘМС-тің не екенін жұрт тегіс біліп болса да, әлі күнге соны шатыстырып, ақыр соңында жұрттың бәрі мемлекет есебінен емделіп жатыр деп қойып қалды.

Нұрымованың Серік Мақашұлынан мұндайды күтпегені анық. Салған жерден микрофонын қостырып, қате айтып тұрғанын бетіне басты. Депутаттың сөзінше, қазір мемлекет кепілдендірілген көмек пен МӘМС шығынының 60%-ын ғана жауып отыр. Қалғаны жұрттың өз қалтасынан шығады. Ал оған 10% ҚҚС қосылса, баға тіпті өседі дей беріңіз. Ал ең маңызды деген, қалта көтермейтін медициналық қызметтердің осы тізімге кіретінін ескерсек, жағдайдың тіпті ушығатынын болжауға болады.

Осындай ескертуді Ерлан Сайыров та жасап көрмекші болған. Бірақ онікі таяқтың екінші ұшындай болып, айналып кеп өзі сөз естіп тынды. Сайыров үкіметтің жер қойнауын пайдаланушыларға түрлі жеңілдік қарастырғанына наразылық танытқан еді. Оны болжамды есепке салып, 1 трлн теңгеден астам қаражатқа бағалады. Мұның арты алпауыт компаниялардың түрлі қитұрқылық ойлап табатынына сілтеп, тұшымды жауап сұраған. Алайда өнеркәсіп министрлігі мен Жұманғаринның сөзіне көңілі қанағаттанбай, бұлардан асып, Бектеновке «сәлем айтып бар» деп салды. Ет қызумен айтқаны көрініп тұр. Соны білгендей, төрде отырған Ерлан Қошанов депутатының арынын басып, ескерту жасады: мәжіліс спикері мұндай диалогты дұрыс санамайды, ендігіде мұндайға бармауға шақырады...

Сөйтіп Салық кодексінің жаңа нұсқасы бірінші оқылымда мәжілістің мақұлдауын алды. Бірақ премьер-министрдің орынбасарына сұрақ қоям деп кезекке жазылған депутаттардың біразына уақыт жетпеді. Әдеттен тыс 4 сағаттан астам тапжылмай отырған соң Қошановтың, тіпті отырыс соңындағы депутаттық сауалдарға кезек беруге шамасы келмеді. Бір анығы, жаңа Кодекс жобасы көп талқыдан өтіп мәжіліске түскенімен, екінші оқылымға дейін тағы біраз түзетуге түсетін сықылды.

Ербол Тұрымбет

Астана

Тегтер: