Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:19, 06 Сәуір 2023

Ел Ермұратқа, Ермұрат елге қарайды

None
None

Солтүстік қазақ үшін Ахилестің өкшесі секілді дүние. Сонау қаба сақал Солженицын «Ресейдің көсегесін қалай көгертеміз» деген мақаласында  «Қазақтың біраз өңірі ежелгі орыс жері» деп әңгіме қозғаған еді.

  Содан кейін-ақ Ресей саясаткерлері «Қазақстанның солтүстіктегі бес облысы Ресейге тиселі» дейтін атой-ұранды жиі айта бастады.  Тіпті жақында  ғана Петропавлда бас  қосқан сепаратистік  топ «Халық  кеңесі»  деген  ұйым  құрып, Қазақстанның  тәуелсіздігіне  күмән келтірді. Ел  арасында іріткі  салған  ол  топтың  адамдарымен  қазір  құқық  қорғау  орындары айналысып жатыр. Тіпті кейбір солтүстік  жақтан  жеткен  деректерге  қарағанда  сол  жиынға  қатысқан  барлық адам  қамауға алынады  екен. Әрине, Қазақстанның  тұтастығына  сына  қаққысы келетіндер жазасын алуы  тиіс. Өйткені өзгелерге бұл  сабақ  болмақ.

Жалпы солтүстікте орналасқан Петропавл  мен  Павлодар  қаласының  атын  өзгертіп көне аттарын  қайтару  жөнінде әңгіме  қазақы  ортада көптен  бері айтылып келеді. Әсіресе соңғы жағдайға  байланысты қала аттарын  жедел  ауыстыру  жөнінде әлеуметтік  желіде қызу әңгіме көтерілді. Кеше  ғана  сайланған  депутаттарда бұл  оқиғадан  тыс қалғысы келмегенге ұқсайды. 

«Бірінші кезекте мұндай ұсыныс азаматтардан, қала тұрғындарынан түсуі тиіс. Егер тұрғындар мәселені өздері көтеріп, мыңдаған дауыс жинап, оларды Парламентке, билікке берсе, онда орындауда ешқандай проблема жоқ. Бұл бастама өз мақсатына жетуі керек деп санаймын. Петиция құрып, Үкіметке, мемлекетке сұрақ қою керек. Бұл мәселені Парламентте көтеруге  мен  дайынмын», — дейді депутат Ермұрат Бапи.

Рас,  солтүстіктегі  қала аттарын ауыстыру керек  деген  әңгіме көтерілгенде халық қалаулылары бұрындары үндемей  қалатын, болмаса, бұл  тақырыпты айналып өтетін. Қазір сол сең  бұзылғанға  ұқсайды. Дегенмен, депутаттар сол өңірге барып, қозғау сала ма деп жүргенде, жауапкершілікті қала тұрғындарының өзіне итеріп қойып, «өздері бастаса мен дайын» деп, қарап отыру бұл мәселені шешуге көмектесе алмайды.

Рас, солтүстік өңірлерде қазақтың саны кемдеу.  Мәселен, Қостанай облысы тұрғындарының 45%-ы ал, Солтүстік Қазақстан облысының 39%-ы ғана қазақ. Әлгіндегідей  әңгіме айтылып, сепаратизм ұрығы балалай  бастаған  шақта қазақтың  азшылығы  үлкен  қауіп. Сондықтан бір  қауіптің  барын  сезген билік  «Еңбек»  бағдарламасы аясында  оңтүстікте тығыз  отырған  қандастарымызды  солтүстікке  көшіру үрдісін  бастаған. Алайда солтүстікке  барғандарға  жақсы жағдай  жасалмағандықтан  ішкі көш  өте  мардымсыз жылжуда. Егерде мемлекеттің  қауіпсіздігін  ойласа  әсіресе соңғы  оқиғадан кейін билік  бұл көшке шындап көңіл бөлетін шығар.

Тегтер: