Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 29 Тамыз 2024

Ел игілігіндегі инвестиция

инвестиция
Фото: ашық дереккөз

Бүгінде шетелдік инвесторлардың өңірлерге ақша салуға деген ұмтылысы артқан. Бұл өз кезегінде әлемдік экономиканың үлкен бір бөлігі, тармағы. Себебі инвестицияның мұндай түрі экономикалық өсім мен дамуға оң ықпал етеді.

 Сондықтан әлем елдері екінші бір мемлекеттің облыстарына немесе қалаларына қаржы құйып, ақшасын айналымға салады. Шетелдік инвестицияның бірнеше түрі бар. Олар: тікелей шетелдік инвестиция, портфельдік инвестициялар, жылжымайтын мүлікке инвестиция.

Қазақстан да шетелдік инвесторларды тартуға мүдделі. Тіпті елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін әртүрлі бағдарламалар жасап, заңнамаларды өзгертіп, салықтық жеңілдіктер жасауда. Әрі облыстардың да шетелдік инвесторлар тарту деңгейі үнемі бақылауда. Оларға әр жылға тиісті нысаналы көрсеткіш беріліп, оның орындалғаны немесе орындалмағаны туралы есеп сұралады. Соңғы нәтижелер туралы айтар болсақ, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, осы жылдың басынан маусымға дейінгі аралықта негізгі капиталға инвестиция көлемі 6,6 триллион теңгені құраған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,5 пайызға аз. Өңірлер бойына Ақмола облысы, Атырау, Абай, Ақтөбе облыстары төмен көрсеткіш көрсетіп отыр. Ал Қызылорда, Жетісу, Алматы, Түркістан облыстары жоғары өсім көрсетіп отыр.

Соның ішінде Алматы облысы экономикаға тартылған шетелдік инвестиция көлемі бойынша алда келеді. Өңірдің туризмдегі потенциалы мен табиғи ресурстарының ерекшелігі, қолайлы климаты мен инфрақұрылымының дамуы шетелдік инвесторлардың назарын аударып отыр. Бұл негізгі факторлар облысты елдегі инвестиция үшін тартымды аймақтардың біріне айналдырып, әртүрлі жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Мұндағы табиғи ландшафттан бөлек, пайдалы табиғи қазбалардың қоры мен жер ресурстары да өнеркәсіп пен өндіріске, жаңартылған энергетика жобаларын жасау үшін тиімді. Сәйкесінше, тау-кен өнеркәсібін, агробизнесті дамытуға мүмкіндіктер мол.

Өнеркәсіп пен бизнесті дамыту үшін жол мен судың, жарықтың, кәріз жүйесінің, олардың қолжетімділігі мен қолайлылығының қаншалықты маңызды екені белгілі. Демек, облыстағы заманауи көліктік коммуникациялар желісі, логистикалық орталықтар және халықаралық нарықтарға шығудың жеңілдігі де үлкен артықшылық. Өйткені шикізат жеткізу, мамандар тарту, өнімді жан-жаққа тасымалдап жеткізу қай компания үшін де аса маңызды. Осы факторлар бірігіп, өңірдегі инвестиция көлемін арттырып отыр. Бұл туралы Алматы облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі былай дейді:

«Қазіргі таңда облыстың инвестициялық қоржынында жалпы құны 6,1 триллион теңгеден асатын 211 жоба бар. Оның ішінде жалпы құны 2 триллион теңгеден асатын 35 жоба шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылып жатыр. 2024 жылы жалпы құны 329 млрд теңгені құрайтын 35 жоба жүргізілмек. Олар әлі де аяқталу сатысында. Соның ішінде көптеген ірі халықаралық компаниялар Алматы облысына қызығушылық танытып жүр. Мысалы, PepsiCo Central Asia ЖШС, KT&G, «Жетісу вольфрам» ЖШС, «Прима Құс» ЖШС, «ТехноНИКОЛ – Орталық Азия Корпорациясы», «СТК Сокол» ЖШС, «Шин Лайн» ЖШС, Focus Logistics ЖШС, SSA Fruits ЖШС секілді алпауыттармен сәтті жобалар жасалды. Тағы Semirechya Energy ЖШС, «Ой-Қарағай Лесная сказка» ЖШС, компаниялар да инвестициялық әлеуетімізге қызығушылық танытуда. Өндіріске кірісіп, табысты жұмыс істеп жатқан компаниялар да жеткілікті: JTI Kazakhstan, Mareven Food Tien Shan, KNAUF, Henkel, Philip Morris Kazakhstan LLP, The Coca-Cola Company, Efes Kazakhstan».

Осылайша, табиғи ресурстардың, климаттық артықшылықтардың және дамыған инфрақұрылымның үйлесімі Алматы облысының инвестициясын арттырып жатыр. Облыс әкімдігінің мәліметінше, халықаралық компаниялар мен корпорациялардан әлі де көп ұсыныстар бар. Олардың бәрі болашақта өндіріс көлемі мен салық түсімін арттырып, жұмыс орындарын көбейтеді. Сондықтан бұл саладағы жұмыстар тоқтатылмайды. Өңірлердегі инфрақұрылымды жақсарту ісі қарқын алып, кәсіпкерлерге жағдай жасалады. Мәселелер ұдайы талқыланып, дер кезінде шешімін тауып отырады.

Еске сала кетейік, Алматы облысына салынған тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі 2022 жылы 698 миллион доллар болса, 2023 жылы 478 миллион доллардан асыру көзделді. Ол уақытта Алматы облысының инвестициялық жобаларының ұлттық пулы 16 мыңнан астам жұмыс орнын құратыны, 50 инвестициялық жоба жасалатыны айтылған. Сөйтіп, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 519,2 миллиард теңгеге жеткен.

Ақжол Мейірбек

Алматы облысы

Тегтер: