«Ел мен Жер» ел мен жерді қорғамақ

Саяси өзгерістер мен экономикалық реформалар іске асуы үшін билікке бірнеше жаңа саяси партиялар тіркелуі керек екендігі жөнінде Мемлекет басшысы үндеуінде айтқан болатын.
Соған сай әртүрлі әлеуметтік топтардың, шағын және орта бизнестің мәселелерін, халықтың жағдайын, қоршаған ортаның жайын қадағалайтын жаңа партиялар құрылып жатыр. Соның бірі саясаткер Балташ Тұрсымбаевтың басқаруымен құрылатын «Ел мен Жер» партиясы.
Нақты айтсақ, осыдан екі жыл бұрын құрылған «Ел мен жер» қозғалысы бүгінде әлеуметтік-демократиялық партияға айналып отыр. Партия басшысы саясаткер Б. Тұрсымбаев партияның ашылу мақсаты елімізді тығырықтан алып шығу, жарқын болашаққа бастайтын бағдарламаны жүзеге асыру, ұлттық идеологияның негізін қалау екендігімен түсіндірді. Сондай-ақ саясаткер сөз басында «Ел мен жер» қозғалысы қоғамдық жұмыстан саяси платформаға көшіп, өз орнын алатындығын, бүгіннен бастап «Ел мен жер» партиясын құрастырып, платформаға қондырып, әрмен қарай халықпен жұмыс жасаймыз. Біздің қолдаушымыз жарты республика деп білеміз. Сол қолдаушыларымызға өзіміздің бағдарламамызды, көзқарасымызды жеткізе білуіміз үшін саяси партия құруымыз керек деген шешімге келдік. Саяси партия құру барысында бізге 14 облыстан ауыл шаруашылығымен шұғылданатындардан, ел мен жермен айналысатындардан «Ел мен жер» қозғалысын партияға айналдырып, саяси бәсекелестікте өз орнымызды алайық» деген секілді көптеген ұсыныс түсті. Сараптама жасаушылардың айтуы бойынша, егер таза сайлау болатын болса, сену керек деп ойлаймын. Себебі, мемлекет басшысы Тоқаев «Жаңа Қазақстан» құрамыз деп жариялады. Оған сену керек. Ал егер «бұрынғы жартас – сол жартас» болып, өздерінің ойларына келгенін істеп, халықтың дауысын ұрлайтын болса, әкімшілік ресурстарды қолданса, онда біз міндетті түрде қарсылық білдіреміз. Әрі халыққа не болып жатқанын түсіндіреміз. Ал егер таза, шынайы өтетін болса, біз дауыстың 30-40 пайызына ие боламыз деп ойлаймын, – деді.
Саясаткер Балташ Тұрсымбаев елді кері кетіріп жатқан тұстарына әсер ететін бірнеше себептерді де атап өтті. Мәселен, оның айтуынша, «ел тізгінін сеніп тапсырған Назарбев ұры болып шықты. Өзінің әулетімен бірге мемлекеттің, халықтың мүлкін ұрлап, астарына басып алу үшін 30 жыл жұмыс істеді. Ең шырайлы, мемлекетке үлкен қаржы әкелетін мекемелердің барлығы соның әулетінің қолында. Әсіресе оның айналасында құдалары, кландары, және Назарбаевтың көңілінен қатты шығатын 100 шақты отбасы бар. Олар халықты қанап, қаңғыртып, қайыршы қылып жіберді. Статистика бойынша, бізде 6300 ауыл бар. Осыған орай, Назарбаев «Келешегі жоқ 1500 ауыл бар. Соның барлығын жауып тастау керек» деп айтады. Не деген сұмдық? Бұл қазақтың тамырына балта шабу деген сөз. Сондықтан ешқандай ауыл жабылмауы керек. Керісінше, даму керек. Және ауыл шаруашылығы өндірісін өндіріп, өңдеп, халыққа жеткізу керек. Ал артылғанын шетелге сату қажет. «Ел мен жердің» негізгі мақсаты – осы» дейді Балташ Тұрсымбаев.
Сөз соңында саясаткер алдағы уақытта «Ел мен жер» партиясын тіркеуге байланысты жұмыстар басталатынын, тіркеуден өтсе, партия алда болатын парламент және мәслихат сайлауларына қатысатынын айтты.