Ел мен жердің иесі – халық!
Кеше Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық сайлауалды штаб өкілдері Сырдария ауданы Шаған ауылында «Шаған-Жер» ЖШС ұжымымен кездесті.
Аймақтағы ең ірі шаруа қожалығы саналатын серіктестікте бес жүзге жуық ауыл тұрғыны жұмыс істейді. Негізгі бағыты Сыр салысын егу. Биыл шаруашылық 2800 гектар жерге күріш екті. Оның ішінде 2500 гектары – «Лидер», қалғаны – «Янтарь» сорты. Несібесі тасыған күзде әр гектарынан 53,4 центнерден өнім жинады. Сондай-ақ қосымша 1200 гектарға жуық жоңышқа, 400 гектар бидай, 50 гектар мақсары да өсірді.Партия өкілдері шаруашылықтың күріш диірменінде болып, жұмыс барысымен танысты, ауыл ақсақалдары мен егінші жұртпен емен-жарқын әңгімелесті.Кездесу аясында ҚР Президенттігіне үміткер Нұрлан Әуесбаевтың сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, жиылған қауым көңіліндегі ойларын білдіріп, тілектестіктерін жеткізді.– Демократиялық қоғам құру өз қолымызда. Мәселен, еліміздегі басты мәселе жемқорлық пен олигархияға тосқауыл болатын қадамдарды ҚР Президенттігіне партия атынан түсіп жатқан кандидаттың бағдарламасында тайға таңба басқандай жазылған. Онда олигархиялық капитализмнің орнына халықтық экономика, жемқорлықтың басты тосқауылы ретінде халықтық парламенттік бақылау жасақтауды ұсынады. Халқымыздың игілігіне қажет барлық мүмкіндіктерді саралаған бағдарламамызда әлеуметтік тәртіпті орната алатынымызға сенімдіміз, – деді Қызылорда облыстық сайлауалды штаб төрағасы Нұрбек Дәуренбеков.Берекесі тасыған ауыл тұрғындары сайлауға біркісідей атсалысатындарын айтып, ҚР Президенттігіне үміткер Нұрлан Әуесбаевқа тілектестігін білдірді.– Бағдарлама орынды және уақытында қолға алынған игі бастама екені даусыз. Мұндай тың бастама үлкен қолдауды қажет етеді. Бағдарламада айтылғандай, халықтың мүддесін ойласа, үлкен сауапқа ие болары сөзсіз. Алдағы уақытта қолдаушылар қатары молая берсін, – деді ауыл азаматтары атынан сөйлеген Төлеп Мыханов ақсақал ізгі ниетін білдіріп.Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы еліміздің басқару формасын реформалаумен қатар сыбайлас жемқорлық жүйесімен қарқынды күресті және дамуға бағдарланған әлеуметтік саясатты жүргізе беретін болады! Біздің ұранымыз – «Еркіндік. Әділдік. Ынтымақ!»
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалы