Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:04, 18 Маусым 2021

Ел қамын күйттейтін «Кентаврлар» қайда?

None
None

Жасыратыны жоқ, қазір жас шенеуніктердің дәурені дүркіреп  тұр. Тәуелсіздіктің ар жақ-бер жақ құрдастарының елді басқарудағы ерен ерлігі қандай?

 Әлеуметтік желіні ашып, теледидарға телміре қалсаң, су мен жолға жарымай отырған, жұмыс таппай сенделіп,  зар еңіреген халықтың үнін естисің. Одан қалса,  мемлекет қаржысын әккі жолмен жалмап жатқан шенділер бағыныштыларын жалдап,  мақтауларын асырып жүрген мансапқор мырзалардың амалы елді  діңкелетіп барады. Үкіметтен бір, парламенттен екі сұрап, қомақты қаражат алып, жасаған реформаларынан  шыққан нәтиже қанекей?

Осындайда өтпелі кезеңде  қара басының қамын емес,  елдің жағдайын күйттеген қара нардай кесек жандардың жастық жалыны мен ғұмырын қайта жасартып әкелсе ғой деген ой-арман көкейге еріксіз оралады екен. Жақында Қарағандыға  туған өлкесіне сағыныш мауқын басып, әрі өткен күндеріне қарайлап қайтуға  Сағынбек Тұрсынов келіп қайтты. Сапар барысында қоғам қайраткері жергілікті телеарнада болып,  әріптестерімізге сұхбат берді. Көрнекті тұлға  елінің мүддесін көксейтін  шенеуніктің әрекетін сипаттайтын мысалдар айтып, санаға  үлкен серпіліс тастады. Шіркін-ай,  тағылымды әңгімені  біздің нілдей, жас мемлекеттік қызметкерлер құлағына құйып, жүрегіне тоқып алса, қандай ғанибет болар еді!

     Тұралаған Талдықорғанды Тұрсынов қалай түлетті?

Сағынбек Тұрсынов партияның бұйрығымен Талдықорғанның  бірінші хатшысы болап тағайындалды. Ол кезде облыс мәртебесін иеленген еді. Сырттан келген кадр Жетісу өңірін бес жыл басқарды. Тәуелсіздікпен ілесе енген  дағдарыс ырысты өлкені бір сәтте жұтатып тастады.  Дербестік алып, егемен ел атану көкейге қуаныш ұялатқанымен, сындарлы шақта  аймақ жетекшілерінің алдында қиын кезеңнен өз бетімен жол тауып шығу міндеті тұрды. Бұл тақыр жерді түлетумен тең теңдессіз тапқырлық еді. Өйткені тәуелсіздіктің  ресми жаңа тарихы басталған шақта мемлекет қазынасында көктиын болмады. Сонда,  тұралап қалмауды ойлаған Тұрсынов не істеді?  Ә   дегеннен нарыққа сай әрекет етуге көшті. Бірінші басшы бірден сырт елдермен байланыс орнатты.

Әуелі Қытаймен шекараны аштық.  Ұлы қорғаннан қант алып, Ресейден тыңайтқыш жеткіздік.  Сөйтіп, өнім сапасын біртіндеп арттырған соң, оны қайта  аспанасты еліне саудаладық. Себебі олардың өзінде  қант тапшылығы бар еді. Экономикалық шешім мұнымен тоқтаған жоқ. Енді Ресей нарығына  дендеп енудің  амалын жасадық. Ол жақтан «Волга» көлігін арзан бағаға алып, пайдаға кенелдік. Келесі бетбұрысымыз – Ресейдің Омск облысымен келісім жасап, бензин тасымалдадық. Сол кезде Қазақстанның  барлық облыстарында жанар-жағармай тапшылығы орын алған еді. Есесіне біздегі бензин бөшкелерінде сұйық отынның қоры   артығымен  болды. Берісі Алматы, әрісі Семей өңірін бензинмен қамтамасыз еттік. Одан кейін Қытайдан шағын технологиялар әкеліп,  керексіз жатқан малдың жүні мен терісін ұқсатып сабын шығардық. Талдықорғандағы  қазіргі мұқым ел аумағын аккумулятормен қамтамасыз етіп отырған  зауыттың іресін қалауға өзіміз сеп тигізген едік. Біреу білсе, біреу білмес, оны құруға керекті жабдықтарды   Америка мен Ұлыбританиядан тасымалдағанымыз есте. Айтпақшы, Германия технологиясы бойынша  «Крекер» печеньесі алғаш рет  Талдықорғанда өндіріле бастады. Бұған Түркиямен тоқайласудың нәтижесінде қол жеткіздік.  Осындай тың бастамалардың нәтижесінде бюджеттен тыс қор құрдық. Соның арқасында барлық салада жұмыс орындарын ашып, халықтың  жалақысын дер кезінде төлеп отырдық, – дейді Талдықорғанның  тындырымды  тұңғыш басшысы Тұрсынов.

Ілгеріде Сағынбек Тоқабайұлы Қарағанды облысының іргесінде  жаңадан құрылған «Доскей»  кеңшарын басқарды. Мұнда да  иесі жоқ елді мекеннен шаруашылық құрды. Қу далада қуарып тұрған мектеп пен жадағай жиырма үйге  жан бітірді. Қала маңынан жұмыскерлер тартып, білікті мамандарды тоғыстырды. Бір жылдың ішінде сүт зауытының   өнімін  күрт өсіріп, айналдырған он екі айда  кеңшарда екіпәтерлі  32 үй салды. Облыс орталығындағы басыбайлы баспанасы жоқ  әр саланың жас мамандары «Доскейге» келіп қоныстанды. Ол кезде Тұрсынов небары 29 жаста еді.

 Қарашаның мүддесін көксеу жолында маңдай терін төккен Сағынбек Тоқабайұлы енді  шетелге шығуды аңсады. Ондағы ойы аяққа тұрған мемлекеттердегі  озық тәжірибеге қанығып, Қазақстанға жаңашылдық әкелу еді. Тіпті Моңғолияның ауыл шаруашылығы саласына қарапайым маман болып баруға сұранған. Бірақ жоғарыдағылар рұқсат бермеген. Әр өңірдегі әкімдік міндетін жемісті аяқтаған тындырымды қызметкер ақыр аяғында Еуропа және батыс елдерінде бірнеше жыл қатарынан төтенше және өкілетті елші болды.

Шөлейт жерді  шүйгінді мекенге айналдыру шаруақор жанның қадеті қашанда. Ал қазіргі мүмкіндігі мол кезеңдегі шенеуніктердің Тұрсыновтан несі кем?   «Адам бойында қабілет болса, кісі баласының бағындырар биігі көп» дейді ол.  Сонда, ел тұтқасын ұстаған  жас мемлекеттік қызметкерлерге не жетіспейді? Білім бе, елжандық па, қайрат па,  жауапкершілік пе, яки ұят па?

Тегтер: