Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:07, 07 Ақпан 2022

Ел құрметіне бөленген азамат

None
None

Өңірімізге талайдан аты шыққан, алдына сырқаттанып барған науқастардың көпшілігі емі қабыл болып, құлантаза айығып, ұзамай қатарға қосылатын Орал Жұмағалиұлы Жұмәділовты біздің жақта білмейтін адам кемде-кем шығар.

Әркім өзінің сырқатын оның емдеп шығатынына сенетіндері сонша, аудандық емханаға немесе ауруханаға барудың алдында, ең бірінші Орал Жұмағалиұлына кіріп, кеңес сұрап, тексеріліп шығатыны әдетке айналған. Көпшілік ел – Орекеңнің емдеу ерекшелігі ғана емес, оның берген кеңесі де, айтқан ақылы да өте шипалы, – деп көпке дейін айтып жүреді. Осыған орай, бірде сәті келіп, көпшіліктің аузынан түспейтін Орал Жұмағалиұлының алдында болып, газетімізге сұхбат алған едік.

   — Менің әкем Ұлы Отан соғысына қатысқан, қан майданда от кешкен соғыс ардагері. Кейіннен алған біліміне сәйкес, қырық жыл бойы прокурор болып қызмет атқарды. Осы өзім еңбек етіп жүрген Үржарда, сонымен қатар өз уақытындағы Шар ауданында және Абай, кезіндегі Ақсуат (қазіргі Тарбағатай) өңірінде ұзақ жылдар прокурор қызметінде жүріп, елімізге орасан зор еңбек сіңірген азамат. Бұрынғы Семей облысына аты шыққан және тұрғындарының  көпшілігі танитын заң жүйесінде еңбек еткен саңлақ кісі болатын. Өзің білетін шығарсың, осы Үржар ауданының орталығындағы бұрынғы ең ұзын Свердлов көшесі, қазіргі күндері менің әкемнің атымен аталып, Ж.Жұмәділов көшесі болып өзгертілген. Бұл енді әкеме көрсетілген өңір елінің  құрметі шығар.

   – Енді өзіме келетін болсам, Ақсуат жағында туғаным болмаса (әкемнің сол жақта жұмыс бабымен жүрген уақытында), осы Үржар өңірінде Семейдің мединститутын бітірген кезден бері, медицина саласында қажырлы еңбек етіп келемін. Істеп жүргеніме отыз жылдан асты. Бұл әрине өзіме көп уақыт емес секілді. Семейде оқып жүріп, әскер қатарына алынып, сонау қиыр шығыста екі жыл қатарынан әскери міндетімді өтеп келдім. Ол кезде студенттердің емтихан тапсырып, демалысқа шыққан кездері, көпшілігінің баратындары құрылыс отрядтары болатын. Мен сол Семей мединститутының «Ұшқын» деп аталатын құрылыс бригадасының үш жыл қатарынан командирі болып, студенттерді аудандарға алып барып, құрылыс саласында жұмыс істедік. Бұл да ер-азаматқа үлкен тәжірибе болатындығы шындық. Сонан соң жоғары оқу орнын бітіріп, медицина саласына жұмысқа келдім. Бірақ осы арада менің тағы бір айтарым, институт қабырғасында жүріп, біраз жылдар еркін күреспен және самбомен айналыстым. Облыс және республика көлеміндегі жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанып жүрген кездерім ойымнан кетпейді. Мен оқу бітірген жылы, республикалық күрес федерациясы жаттықтырушылыққа шақырған болатын. Алдымда алған мамандығым бойынша жұмыс істеу немесе жаттықтырушылыққа бару жолдары тұрды. Осы екеуінің бірін таңдау, біраз уақыт көңілімде жүрді. Аяғында оқыған мамандығым бойынша жұмысқа кірістім. Өңірге оқу бітіріп келген соң, алғашында жұмысымды аудан орталығында жеке дәріхана ашып, медицина саласындағы ісімді бастап кеттім. Дәрі-дәрмекті сонау – Ресейге барып, келісімшартқа отырып, денсаулыққа шипалы, сұранысқа ие, аса қымбат және сапасы жоғары дәрілерді жеткізіп, аудан тұрғындарының ризалығына бөлендім. Бұл жұмыспен алты жылдан аса айланыстым. Кейіннен, әйеліміз екеуміз Астана қаласына барып, төрт жылға жуық жұмыс істедік. Жаман болғанымыз жоқ. Елордада медицина саласында жұмыс жасап жүріп, біраз тәжірибе жинадым. Бірақ артынан елге келіп, өзің осы көріп тұрғандай  «Авиценна» деп аталатын жеке емхананы ашып, аудан тұрғындарын қабылдай бастадым. Емханамда емдеудің көптеген түрлері бар. Мен, емделуге алдыма келген адамның денсаулығының қай деңгейде және немен сырқаттанып тұрғанын бірден анықтай аламын. Бұл мақтанғаным емес. Көп жылдан бері осы салада жиған тәжірибем сондай-ақ, институт қабырғасында алған теориялық білімім дімкәстің сырқатын айтарлықтай тез болжауға  көмектесіп келеді. Қазіргі күндері менің емханамды және біздің емдеу ерекшеліктерімізді  аудан көлемі тұтастай біледі. Мақтанғандығым емес, өңір тұрғындары күн құрғатпай сырқатын емдеудің жолын іздеп және ақыл-кеңес сұрауға емханамызға жиі келіп тұрады. Тіпті сонау – Тарбағатай ауданымен, көрші Аягөз аумағынан да науқастар келеді. Емханамда өзімнен басқа, емдеу мүмкіндігі жоғары, білімді терапевт Мәден Байболатов, узи дәрігері Талғат Сандыбаев, Азамат Фазылов сияқты білікті дәрігерлер жұмыс істейді. Тағы айтарым, ұжымда білікті алты медбикем келген науқастармен тығыз қарым- қатынаста еңбек етеді. Біздің емдеу тәсіліміз көбіне терапиялық жүйеге бағытталған. Өзімнің қарамағымда істейтін дәрігерлерімді және медбикелерімді жиі-жиі облыс орталықтарындағы сондай-ақ, республикалық деңгейдегі емдеу ұйымдарына тәжірибе жинауға жіберіп тұрамын. Осыған сәйкес, біздің емдеу тәсіліміз де жыл өткен сайын жоғары деңгейге көтеріліп келеді. Елге сіңіріп келе жатқан еңбегіміз еш кетпей, жыл сайын аудан, облыс және республикалық дәрежедегі емдеу ұйымдарынан және мемлекеттік билік тарапынан Құрмет грамоталарымен марапатталып, сый-сияпат алып келеміз. Емханамызды алдағы кезеңде кең, жарық, жаңа ғимаратқа ауыстырудың амалын қарастырып жатырмыз. Бүгіндері жаңадан алған кеңсемізде заманауи үлгіде әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Реті келсе, Жаңа жылға дейін кіріп алсақ деген ойдамыз.

   Осында келіп, Орал Жұмәділовпен әңгімелесу кезінде байқағанымыз, мұнда ем алушылардың  көптігі қайран қалдырды. Мұндағы дәрігерлердің емдері шипалы, келушілерге қолайлы, емдеу бағасы қолжетімді екенін аңғардық. Дәрігердің берген мағыналы сұхбаты үшін Орал Жұмағалиұлына рақметімізді білдіріп,  елдің құрметіне бөленіп, абыройлары асқақтап, биіктен көріне берулеріне тілектестігімізді жеткіздік.

Тегтер: