Ел тыныштығы маңызды
– Әлемдегі геосаяси ахуал ушығып тұр. Бір емес біргнеше мемлекеттің арасында түсінбеушіліктің салдарынан келісім болмай, қақтығыстар шиелінісіп жатыр.
Көрші Ресейдің өзінен қаншама азамат елімізге келіп жатыр. Меніңше, қиналған жандарға адамгершілік тұрғысынан қол ұшын беру керек. Осындай дүрбелеңді өз пайдамызға, яғни мемлекеттің тұрақтауына пайдаланған жөн. Мысалы олардың ішінде білікті маман, білгір азаматтар бар. Соларды пайдалана білейік, қажетімізге жаратайық. Білмегенімізді үйренейік. Ал егер де мемлекеттің заңңына қайшы келетін әрекеттері байқалса, заң жүзінде жауапқа тартылуы тиіс. Сол кезде олар да шектен шықпайды.
Елде қатаң тәртіп болса, ел ішінде тұрақтылық сақталады. Ал халыққа керегі де бейбітшілік пен тұрақтылық. Осы қасиетті сақтай алсақ, елдегі әлеуметтік қиындықты да шешуге мүмкіндік болады. Өйткені біздің ел – көпұлтты мемлекет. Әр ұлттың өз діні, тілі, салты бар. Оның бәрінің басын шашауын шығармай бір жерде жинап, тыныш әрі дамыған мемлекетте өмір сүруіне мүмкіндік беру – кез келген жанның қолынан келе бермейді.
Тіпті, осы ой өткенде Астана Діндер съезінде Рим Папасы Франциск та көтерді. Қазақстанға бейбітшілік елшісі ретінде келгенін ол өз сөзінде: «Сіздерде «Береке басы – бірлікте» деген мәтел бар. Бұл барлық жерде, әсіресе осы жерде маңызды ұғым екені сөзсіз. Елде 150-ге жуық этникалық топ пен сексеннен астам тіл бар. Әртүрлі тарихы, мәдени және діни дәстүрлері бар бұл халықтар бірлесе, адам айтса нанғысыз ынтымақтастық орнатқан». Елдегі ынтамақтастықты ұстап, қоғамды біріктіріп отырған қазақ жұрты. Сондықтан бәріміз бір болып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарайық».
Бәріне уақыт төреші. Себебі уақыт өте қоғамда түрлі көзқарас қалыптасады, ой өзгереді. Сондықтан бүгінгі күннің ақиқаты «бірлік бар жерде тірлік бар» дегендей әрбір азамат өз тірлігін жасауы керек. Өйткені Президент осы мақсатта жақсы дипломатиялық ұстанымды негіз етіп отыр. Бұл ел тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өте маңызды.