Ел үшін туған ер

Өткенсіз бүгін, бүгінсіз болашақ жоқ демей ме? Кешегі келелі істердің бастамашысы болған, заманның өрті мен дерті, сеңі мен селіне шыдап шыңдалған азаматтарымыз көп емес.
Осындай тұлғалардың бірі – «Жаңғыру» ұлттық өркендеу орталығының төрағасы Жұмаділ Дәурен Сатыбалдыұлы.
Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген қоғамдық-саяси қайраткер Дәурен Сатыбалдыұлы ел өміріндегі түйіні тарқамаған мәселелердің шешімін тауып, ұлт мүддесін қорғау жолында айтарлықтай жұмыс атқарған. Ол 1967 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтының топырақтану мамандығын аяқтап, Йемен Демократиялық Республикасында қызмет еткен. Шетел топырағын алғаш зерттеген азаматта та осы кісі. Ел десе еміренбей тұра алмайтын ағамыз ұлттық мүддеге деген күрескерлігін Орал оқиғасында да аңғартқан.
Тарихқа таңбаланғанымен, көптің санасына сіңбеген көтерілісті Дәурен Сатыбалдыұлы былай деп еске алады:
– 1991 жылы қыркүйек айының 15 күні Орал қаласында орасан үлкен жағдай орын алды. Бүкіл Кеңес Одағының казактары Орал қаласына жиналып автономия ашамыз деді. Автономия ашу үшін ең мұнайлы жерден бүлік шығарды. Көтеріліске дер кезінде тойтарыс берілді. Мен сол тойтарыста республикалық ереуіл комитетінің төрағасы болып Оралға 12 қыркүйек күні аттандым. 3 күннен кейін орыс казактары өздерінің құрылтайларын өткізді. Сол казактарға қазақтар болып, қарсы тұрып мақсаттарына жетуіне тосқауыл болдық.
Аталмыш көтерілістің туындауына Орал казактарының патшалық Ресейге қызмет еткендеріне 400 жыл толуына байланысты жекешеленуі себеп болған. Ереуілге жетекшілік еткен Дәурен Сатыбалдыұлы – «Невада –Семей» қозғалысының да құрметті ардагері. 1993 жылы халықаралық Азия газетінің 39-санында: «Жерасты қыртысының бұзылуы – жасырын қасірет, ашық жарылыстармен салыстырғанда зияндылығы артық болмаса, кем түспейді. Сондықтан жарылыс аймағының табиғи орта және халыққа әсеріне, жер қыртысына зиянына толық кешенді экологиялық баға берілуі қажет. Бұл беделді комиссияға жүктелуі тиіс. Экологиялық сауықтыру жұмыстарын жүргізудің уақыты келді. Енді үндемей қалу – қылмыспен бара-бар. Ресей КСРО-ның бар байлығының заңды мұрагері болса, біз баррадиациялық қоқыстың заңды мұрагері бола алмаймыз. Бұған халықаралық заң органдарынан тиісті өз жауабын алуымыз керек» деп үндеу жариялады. Дәурен Сатыбалдыұлы көтерген мәселелер сол кезден-ақ аяқсыз қалған емес. «Невада – Семей» халықаралық ядролық қаруға қарсы Қозғалысының қызметі жайлы мұрағат-құжаттар ЮНЕСКО-ның тізіміне тіркелген.
Басына пана таппай сандалғандарға да көмегін аямаған ағамыз Алматы қаласы іргесіндегі «Шаңырақ» ықшамауданының дүниеге келуіне дәнекер болған. Сонымен қатар Қалқаманнан 10-нан аса адамның үйлі-күйлі болуына жәрдемдескен. Бұл туралы Дәурен ағамыз былай деп еске алады:
– 1990 жылы 9 маусым айында баспанасыз сабылып жүрген халық Алматының кейбір жерлерін басып алу идеясын іске асырды. Пана таппай жауыр болған жұрт «Орбита» ықшамауданы, Президент саябағының аумағы мен әл-Фараби даңғылынан жоғары орналасқан көшелерді аралап, бос жерлерді меншіктеу үшін мемлекеттен заңдастырып беруін талап етіп, митингке шықпақ болды. Бірақ оны құпияда ұстады. «Ардагер» деп аталатын қымызханада қазақ саяси қозғалысының құрылуына байланысты дастархан жайылып, сол жерде қонақта отырған кезде 5-6 жігіт кіріп келіп, идеяларымен бөлісті. Жиналғандардың барлығы қарсылық танытып, өтінішпен келген жігіттер кері қайтты. Мен бірден түрегеліп: «халықтың мәслелесін көтермесек, бізге саяси ұйым ашудың қажеттілігі қанша?», – дедім. Жігіттердің ізін суытпай шығып, жиналатын жерлерін сұрап алдым. Содан өз елінде өгейсініп пәтерсіз жүргендердің жанайқайын естіген Үкімет елдің мыңдаған жастарына көмек ретінде «Шаңырақ – 1», «Шаңырақ – 2», «Желтоқсан», «Алтын бесік» ауылдарын дүниеге әкелді. Кейін бұл көтеріліске «Азат» деген атау берілді.
Елі үшін шырылдап, билікке батыл сөйлей білген тұлға қызметі тікелей өзі төрағалық ететін «Жаңғыру» ұлттық өркендеу орталығының атқарған жұмыстарымен байланысты. Аталмыш орталық 1992 жылдың 11 қаңтарында Алматы қаласындағы Жастар орталығының ғимаратында «Жаңғыру» қоғамдық қозғалысының құрылтайы өтіп, араға бір ай уақыт салып ақпанның 26-сы күні ресми тіркелген. Бүгінге дейін Дәурен Сатыбалдыұлы мен «Жаңғыру» қазаққа адал қызмет етіп келеді. «Жаңғыру» орталығының басты мақсаты – еліміздің дамуы мен ел іргесінің іріленуіне ықпалдасу. Қоғамдық бірлестіктің атауы аңғартып тұрғандай, ел тарихындағы жаңару мен жаңғыру жолдарын халыққа жеткізу болып табылады. 80 жасты серік етіп жүрсе де, әлі күнге дейін қазақ баласының қабырғасы қайысқанын көрсе, жанына жалау болып, араша болар жол іздеуден танбайды.
«Жер дегенде жан пида» деген ұранмен құрылған «Жаңғыру» өркендеу орталығы тәуелсіздік тынысымен біте қайнасып, біршама елдің қуанышына себеп болғаны белгілі. Сондықтан ұйым да, ұйымдастырушы да ұмыт қалмауы тиіс!