Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 14:55

“Елбасы” деген сөздің заңды күшін жою керек - Қазыбек Иса

Иса
Фото: zhasalash.kz

Мәжіліс отырысында депутат Қазыбек Иса Қазақстан заңнамасының Конституция нормаларына сәйкестігіне күмән келтіріп, мәселе көтерді.

Депутат ішкі істер министріне сауал жолдады. Себеп – Қылмыстық кодексте «Елбасы» сөзі мен атауының қолданылуы. Атап айтқанда, 373-бапта: «Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасының ар-намысы мен қадір-қасиетіне жария түрде тіл тигізу және өзге де қол сұғушылықтар, Елбасының бейнесін қорлау, оның заңды қызметіне кедергі жасау» делінген.

Қазыбек Иса 2023 жылғы қаңтарда 2013 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» заңның ресми түрде күшін жойғанын еске салды. «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жобасының» 4-бабы Рақымшылық жасау қолданылмайтын адамдарды айқындаған. Осы баптың 13 тармағына: «ҚР Тұңғыш Президентінің - Елбасының өміріне қол сұғушылық» та (166-1 бап) кіргізілген. «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы» деген атау тұңғыш рет 2000 жылы 20 шілдеде Парламентте қабылданған. Ал 2023 жылы 11 қаңтарда Парламенттің VII шақырылымында біз «ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы заңның» күшін жойғанбыз. Ол 2023 жылы 13 ақпанда күшіне енген, - деді депутат.

Тиісінше, «Елбасы» заңды ұғым ретінде күшін жойды және ол барлық құқықтық актілерден алынып тасталуы керек. Соған қарамастан, бұл атау әлі де бірнеше нормативтік құжаттарда, оның ішінде Қылмыстық кодексте сақталған.

«Неге заңда әлі күнге дейін „Елбасы“ термині қолданылып жүр? Неге жай ғана „тұңғыш президент“ демейміз? Бұл атау алғаш рет 2013 жылдың 14 желтоқсанында қабылданған заңмен енгізілген болатын. Алайда 2023 жылдың қаңтарында жетінші шақырылымдағы мәжіліс бұл заңды жойған. Онда неге қазір осы нормалар әлі де күшінде? Бұл қандай заңдылыққа жатады?! Бұл жерде тек «экс-президент» деп қана аталуы керек қой! Ендеше, «Елбасы» деген атаудың да заң бойынша күші жойылуы керек қой?!» – деп сұрады депутат.

Ішкі істер министрлігі бұл бағытта өзгерістер басталып кеткенін хабарлады. 2025 жылдың көктемінде сегізінші шақырылымдағы депутаттар Қылмыстық кодексті Конституция мен қолданыстағы құқықтық нормаларға сәйкестендіру үшін заң жобасын әзірлеген.

«Бұл заң жобасы қазір Сенатқа жіберілді. Онда „Елбасы“ сөзі алынып тасталып, қазіргі заңнамаға сәйкес бейтарап тұжырымдармен алмастырылды», – деп жауап берді министрлік.

Жақын арада бұл өзгерістерді Сенат депутаттары түпкілікті мақұлдамақ.

Жыл басында Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасының денсаулығы туралы ақпараттың құпияланғаны хабарланған болатын.

Тегтер: