Елбасыдан – ақсақалдыққа
Қасіретті қаңтар оқиғасы кезінде Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, Қазақстан халықтары Ассамблеясының төрағасы, «Нұр Отан» партиясы төрағасы сынды құзыреттерінен айырылып, өзінің «Қатардағы зейнеткер» екенін мәлімдеген Нұрсұлтан Назарбаев содан кейін көп алдына шықпай, жұрттан бой тасалап жүргендей әсер қалдырып еді.
Соңғы айларда оның жеке ұшағының ұшуын жиілеткені түрлі жорамалдарға мұрындық болуда. Наурыздың онында қиянкескі соғыс жүргізіп жатқан Ресей мен Украинаны рақайластыру мақсатында ұйымдастырылған Түркиядағы дипломатиялық форумда бой көрсетті. Ол жолы Ердоғанның тұңғыш президентті бейресми мақсатта, түркі жұртының саясаттағы жасы үлкен ақсақалы ретінде сыйлап, шақырғаны айтылған. Назарбаевтың ілгеріде Ресей мен Түркияның арасына от түскенде ара ағайындық жасағанын ескерген жұрт түсіністік танытқан.
Бұл жолғы жүрісінің жөні бөлек болып тұр. 5 маусым күні ел аумағында ол құрған суперпрезиденттік саяси жүйені реформалау мақсатында халықтық референдум өтіп, өзгерістер заңды күшіне енгені белгілі. Саясатқұмарлар «Қабылданған бірнеше баптағы өзгерістерге сай Назарбаев Қазақстанның тұңғыш президенті, ұлт лидері ретіндегі ерекше мәртебесінен, игіліктерден айырылды» деп желпініп отырғанда, «Мен бармын» дегендей Мәскеуде Путинмен кездесу өткізді. Баспасөз хатшысы оның Путинді Ресей күнімен (12-маусым) құттықтай барғанын жеткізді. Тоқаевтың 17 маусымда Санкт-Петербургте өтетін экономикалық форумға қатысатыны алдын ала хабарланған еді. Тұңғыш президент бұрынғыша ескі әдетіне басып, ресми президенттің алдын орап кеткендей әсер қалдырды. Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді тұңғыш президенттің Мәскеу сапарынан бейхабар екенін айтты. Референдум нәтижесі жарияланғаннан кейін, заң бойынша президенттен кейінгі екінші лауазымды тұлға саналатын сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев «Біз бұдан кейін елбасымен ақылдаспаймыз» деп ағынан жарылған еді. Соған қарағанда тұңғыш президент те Ақордамен ақылдаспайтын тәрізді.
Қаңтар оқиғасы Назарбаевтың Ақорданы «Перде артынан бақылау» жоспарын быт-шыт етіп, қоғам оның 30 жылдық саяси билігіне баға беруді талап етіп отырғанымен, қазіргі күрделі геосаяси жағдай оның қайта атқа қонуына мүмкіндік беріп отыр. Ресей күні демекші, Киевке қаймықпай, осымен екінші рет келіп отырған Англия бас уәзірі Борис Джонсон Путинді құттықтау былай тұрсын, тарихта орыстың тізесі батқан елдерді «Соңғы 300 жылдағы Ресеймен жасасқан шекара келісімдерін қайта қарауға» шақырған. Соны ескерген сақа саясаткер Назарбаев орайлы датада орыс лидерінің көңілін аулауға барған болуы да мүмкін. Еліміздегі өзгерістерді алақандағыдай анық біліп отырған Путиннің оны «Дәуренің өтті» деп кеудесінен итеретіндей күйі жоқ. Өркениетті әлемнен оқшауланып, санкция сансыратып отырған Ресей экономикасы бір кезде Назарбаев бастамашы болып құрған Еуразия Экономикалық Одағына арқа сүйесе, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Назарбаев екіленбей қол қойған Ұжымдық Қауіпсіздік Шарты Ұйымын да қалқан қылып отыр. Деседе саясатта борыштылық, жақсылыққа жақсылық деген ұғым жоқ. Мүдде қашанда басты орында. Путиннің ыңғайына жағам деп, Назарбаевтың кезінде Өзбек президенті марқұм Ислам Кәримовпен бақ таласып, Қырғыздың экс президенті Алмасбек Атамбаевпен бет жыртысқаны белгілі. «Екі ағайын таласса, бір орысқа олжа болар» деп кезінде Алаш арысы Міржақып Дулатов тегін айтпаса керек.
Назарбаевтың ізін суытпай, президент Тоқаев та терістік көршімізге табан тіреді. 17 маусымда ашылған Петербургтағы экономикалық форумда Путиннің ығына жығылмай, «Жаңа Қазақстанға» лайық мінез көрсетті. Санкцияға байланысты батыстан күнде ескерту алып отырса да келіп отырғанын орыс ағайындардың есіне салып, еліміз туралы аузына келгенін айтатын орыс саясаткерлерін бір тұқыртып алды. Украинадағы жағдайға байланысты өз ұстанымын білдіріп, Луганскі мен Донецктің тәуелсіздігін мойындамайтынын, Ресейдің кәнігі «Бөліп ал да, билей бер» саясатын қолдамайтынын қадап айтты. ЕЭО мен ҰҚШҰ жайлы да пікір білдірді. Ішкі-сыртқы саясатта ендігәрі тұңғыш президент қалыптастырған қалыппен жүрмейтінін анық байқатты.
Елбасыдан – ақсақалдыққа ауысқан тұңғыш президенттің екі сапарынан (Түркия, Ресей) байқағанымыз, оның ықпал көлемі посткеңестік елдермен ғана шектеледі. Қазақстанды әлемге танытқанына да, өзін әлем танығанына да күмән басым. Өйтпегенде өзімен қоса бізді де тығырыққа тіреп отырған Ресеймен батыстың арасына ара ағайындық жасар еді. Қытай мен Америка арасындағы экономикалық соғыс шектен шығып бара жатқанда, екі елді келісімге шақырған әйдік Киссинджер сияқты кемеңгерлік байқамадық. Тұңғыш президент қоры да Джордж Сорос қоры сияқты демократиялы, ашық емес. Назарбаев ендігі қалған қаржылық, саяси мүмкіндігін жекебас, отбасы қамы үшін емес, Қазақстанды аю мен айдаһарға жем болудан құтқаратын «Түркі одағын» мәдени бірлестіктен қуатты, саяси ұйымға айналдыруға жұмсаса, құба-құп болар еді.