Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:00, 18 Ақпан 2022

Елбасының тағдырын референдум шеше ме?

None
None

Кезінде «Наурыз Банк Қазақстанның» төрағасы, «КЕGОC» АҚ-ның бірінші вице президенті, ҚР «Қаржы Министрлігінде» министрдің орынбасары секілді лауазымды қызметтер атқарған Оразалы Ержановтың ел көзінен тасаланғанына да біраз уақыт өтіпті.

Оның негізгі себептерін болашақта жариялай жатармыз. Әзірге, оның соңғы кездері Фейсбук парақшасында жариялап жүрген 1-2 ұсыныстарын талқыға тастауды жөн көріп отырмыз.

Соның ең бастысы, Референдум туралы:

«Сең қозғалды!

Британия парламентінде Маргарет Ходж жасаған мәлімдеме, ол біздің парламенттің мәжіліс депутатының сұрауы емес! Британ Палата мүшесінің бұл сауалы жауапсыз қалмасы анық. Сол-ақ екен, бұл жайтты Батыстың басқа да елдері қолдайтыны туралы әңгіме ашық айтыла бастады. Яғни, Қазақстаннан шығарылған қаржылар мен сол ақшаларға сатып алынған активтерге тықыр таянды деген сөз. Біздің халық осы ақшалар мен активтерге қандай да бір қатысы бар екенін дәлелдеген күнде бұл қаржыны ұзақ уақыт көре алмауы мүмкін».

Өткенде Ел президенті осы ұрланған қаржыларды елге қайтару мәселесін қарастыруды тапсырған болатын. Тек Батыс елдерінің алдын орап осы активтерді еліміздің өзі алғысы келетін емеурін танытуы екіұдайылау жайт. Өйткені, еліміздегі қазіргі заңдылықтар оған жол бермейді. 

Оған басты себеп Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына ешкімнің тиіспеуі жөніндегі 3-бап:

      Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына ешкімнің тиісуіне болмайды. Ол өзі Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттіктерін орындау кезеңінде жасаған, ал бұлар тоқтатылғаннан кейін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы деген өз мәртебесін жүзеге асыруға байланысты әрекеттері үшін жауаптылыққа тартылмайды. Оны ұстап алуға, қамаққа алуға және күзетпен ұстауға, тінтуге, одан жауап алуға не жеке басын жете тексеруге болмайды.

      Тиіспеушілік Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне жекеменшік құқығымен тиесілі барлық мүлікке, сондай-ақ олар пайдаланатын тұрғын және қызметтік үй-жайларға, қызметтік көлікке, байланыс құралдарына, жазған хаттарына, оларға тиесілі құжаттарға қолданылады. Тиіспеушілік Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының қорына және ол құратын өзге де заңды тұлғаларға тиесілі мүлікке де қолданылады.

      Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне жекеменшік құқығымен тиесілі мүлікке, сондай-ақ ол құратын заңды тұлғалардың мүлкіне қандай да бір шектеулер қойылмайды.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің банктік шоттарының банктік құпиялылығына және оларға тиіспеушілікке кепілдік беріледі.

Ол аз десеңіз, осы заңның 10-бабы бойынша:

      Өз өкілеттігін орындауды тоқтатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің – Елбасының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін орындауды тоқтатқан күнге дейін оларға көрсетіліп келген көлемі мен түрлеріндегі тегін медициналық қызмет көрсету мен санаторий-курорттық емдеу құқығы өмір бойы сақталады делінген. Яғни, бұлардың шипажайлық-курорттық шығындарына дейін елдің мойнында!

Мұндай масқаралардан құтылудың жалғыз-ақ дұрыс жолы бар.

Ол – Республикалық РЕФЕРЕНДУМ!

Заңды негізге сүйенер болсақ, республиканың барлық аймағын теңдей бөліп, қамтитын 200 мың ел азаматтарының қолын жинау керек.

Ол үшін әр аймақтан құрамына ең кемінде, 3 өкіл кіретін белсенді топтар жасақталғаны дұрыс. Барлығы – 51 адам.

Әр аймақтан құрамына кем дегенде – 30 адам енетін жиналыспен ынталы топ құрылады. Бұл дегеніңіз, кем дегенде – 150 адам.  

Сол ынталы топ азы 10 күн бұрын жиналыс өткізетін аумақтағы жергілікті атқарушы билікті ескертеді. Ең бастысы, қол жинауға қойылатын талаптар мен уақыт шектеулігі жоқ. Шындап кіріссе, көп созбай-ақ алдағы көктемге дейін қол жинап үлгеруге толық мүмкіндік бар. Бюрократиялық рәсімдерден өтіп алсақ болғаны жазға салым референдумға да жетеміз.

Референдумға шығарылатын екі сұрақ.

1. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы» туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының күшін жою.

2. Приватизация, яғни жекешелендіру кезінде заң бұзушылықтар арқылы жекеге өтіп кеткен барлық ірі кәсіпорындарды Қазақстан Республикасының меншігіне қайтару.

P.S. Құрметті достар, соңғы кездері эмоцияға беріліп неше түрін айтып жатырмыз. Бәрі сөз жүзінде ғана қалуда. Мүмкін, енді іске көшерміз? Референдум өткізу деген де оңай дүние емес. Қаншама күш пен уақытты және қаржыны қажет ететінін де естен шығармайық. Сондықтан да аймақтық құрылымдармен жұмыс істей алатын ұйымдастырушылық қабілеті зор азаматтарды референдум өткізу жолында АСАР жасауға шақырамын.

P.S. Құрметті Қазақстан Республикасының Үкіметі, көріп отырғандарыңыздай, ұсыныс дайындауға екі ай уақытты бекер сарп етудің қажеті жоқ. Ең оңай жолы, жоғарыда көрсетілген сұрақтардың шешімін қарастыру. Сонда уақытты да, қаржыны да үнемдейсіздер.

Ал әрі қарай тек білікті, елім деген Бас прокурор мен Юстиция министрі болса болғаны… – деп жазған Оразалы Ержанов, кеше:

Алдыңғы күні Референдум өткізудің қажеттілігі туралы қалдырған жазбамның астына қолдау білдіргендерге алғыс айтамын. Солардың бірі жас белсенді Санжар Боқаев тап қазір дайын екенін айтса, Координациялық орталығы Ақтаудағы Батыстың 4 облысы да әзір тұр.

Менің бұл жобама күдікпен қарағандар да жоқ емес. Олардың ойынша, алдыңғы жүйенің тағайындаған адамдары сол орындарында әлі отырғанда, бұл мүмкін емес сияқты. Бірақ жұмылсақ, алынбайтын қамал жоқ. Конституцияның 14-бабы бойынша заң мен соттың алдында біз бәріміз тең құқылы екенімізді естен шығармайық.

Дей тұрғанмен бастама бәрі бір биліктің қолында. Олар Референдум қорытындысын күтпей-ақ заңның күшін жоюға қауқарлы. Сонымен қатар: заңсыз жекешелендірілген кәсіпорындар мен отбасы банктеріне құйылған 5 трлн теңгені кері қайтаруы тиіс», деп жазба қалдырыпты. Ақылға қонатын ұсыныс. Олай болса, неге қолдамасқа? Сіз қалай ойлайсыз?

Тегтер: